Қарқаралы ауданының Көктас ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды
Қарқаралы ауданының Көктас ауылында Республика күні қарсаңында жалпы ауданы 542 шаршы метр болатын жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды.
Ашылу салтанатына аудан әкімі Саят Мусин мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нүркен Нұратов қатысты. Шара барысында бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін ардагер-спортшы Жұмаш Құрманғалиев аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
«Нұрай Құрылыс Сервис» ЖШС салған жаңа екі қабатты кешенде спорт залы, әкімшілік бөлме және душ кабиналары қарастырылған. Нысан ауыл тұрғындары мен жастар арасында бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.
ЕРЕКШЕ БАЛАЛАР КҮНІНЕ ОРАЙ «КӨҢІЛДІ МӘРЕ» САЙЫСЫ ӨТТІ!
Қарқаралы қаласының спорт кешенінде Жастар, спорт, білім және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен Мүмкіндігі шектеулі жандар күніне орай ерекше балаларға арналған «Көңілді мәрe» сайысы өтті.
Аталған сайысқа 9 отбасы қатысып, шеңберге доп салу, доп лақтыру, қысқа қашықтыққа жүгіру және сурет салу бойынша бақ сынады.
Іс-шараның соңында сайысқа қатысқан барлық балаға естелік сыйлықтар табысталды.
Қарқаралыда аудандық ветеринариялық станция мен зертхананың жаңа ғимараты ашылды
25 қыркүйек күні Қарқаралы қаласында аудандық ветеринариялық станция мен ветеринариялық зертхананың жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты шараға Қарқаралы ауданының әкімі Саят Мусин, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Республикалық ветеринариялық зертханасының бас директоры Темірхан Елшібаев және сала мамандары қатысты.
Жаңа зертхана заманауи талаптарға сай жабдықталып, жануарлардың аса қауіпті ауруларын зерттеу, ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізу және қауіпсіздігі талапқа сай келмейтін өнімдерді анықтау бағытында қызмет атқарады.
Шара барысында қонақтар сынама қабылдау, серология және ветеринариялық-санитариялық сараптау кабинеттерінің жұмысымен танысты.
МӘДИНА ЕРЖАН – ӘЛЕМ КУБОГІНІҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ!
18–20 қыркүйек аралығында Тәжікстан Республикасының астанасы Душанбе қаласында самбодан Әлем кубогі өтті.
Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының спортшысы Мәдина Ержан 80 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдеге ие болды.
Спортшымыз бен жаттықтырушыларын жоғары жетістіктерімен құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда жаңа жеңістер мен толағай табыстар тілейміз!
Қарқаралыда Bugyly Trail 2026 марафоны өтті
Қарқаралы өңірінде дәстүрлі Bugyly Trail 2026 марафоны өтіп, жарыстың салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылды.
Іс-шараға қатысушыларды Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Ағыбайұлы және облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Ринат Тілеубек құттықтап, сәттілік тіледі.
Табиғаты көркем аймақта өткен марафон салауатты өмір салтын насихаттап, Қарқаралының туристік әлеуетін танытуға бағытталған маңызды спорттық шаралардың біріне айналды.
Биылғы жарысқа Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ Ресей, Канада, Германия және Қырғызстаннан келген 400-ден астам спортшы қатысты.
Қатысушылар 1 км балалар жарысы, 5 км, 10 км Shaitankol Trail, 21 км Bugyly Forest Trail және 50 км Bugyly Ultra Trail бағыттары бойынша бақ сынады. Ең ұзын 50 шақырымдық қашықтық Бугылы жотасының көрікті жерлерін қамтып, биіктік айырмасы шамамен 1000 метр болатын күрделі бағыт ретінде ерекшеленді.
Құрметті ағайын!
Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шараға шақырамыз.
Өтетін күні: 2026 жылғы 1 тамыз
Өтетін орны: Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, «ҚАРҚАРАЛЫ GO» этно-лагері.
Бағдарламада облыстық өнер ұжымдарының концерті, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, ат бәйгелері және мерекелік кеш өтеді.
Спорттық жарыстар (09:00):
* Қазақ күресі (74 кг және +74 кг);
* Қол күресі (70 кг және +70 кг);
* Садақ ату (ерлер мен әйелдер).
Ат жарыстары (15:00): «Жаңанегіз» ауылы атшабарында Құнан, Топ және Аламан бәйге.
Жеңімпаздарға автокөлік пен қомақты ақшалай жүлделер тағайындалған.
Мерекелік кеште Әділет Жауғашар және өзге де эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.
Баршаңызды ел мақтанышы Тоқтар Әубәкіровтің мерейтойын бірге атап өтуге шақырамыз!
САНЖАР – ЖАСТАР АРАСЫНДА АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ!
Иорданияның Амман қаласында жастар арасында дзюдодан Азия чемпионаты өтті.
Аталған дүбірлі додада қарқаралылық балуан Санжар Ерұланұлы барлық қарсыластарынан айқын басым түсіп, Азия чемпионы атанды.
Жерлесімізді жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл – қажырлы еңбек пен табанды дайындықтың жемісі.
Санжарға алдағы халықаралық жарыстарда да биік белестерді бағындырып, еліміздің абыройын асқақтата беруіне тілектеспіз!
Филиппин астанасы Манила қаласында өткен самбодан Азия және Мұхит аймағы чемпионатында жерлесіміз Ержан Мадина барлық қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, чемпион атанды.
Дүбірлі додаға 30 елден 500-ге жуық үздік балуан қатысты.
80 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Мадина жоғары шеберлігі мен ұтымды тактикасының арқасында барлық белдесуін сәтті өткізіп, жарыстың алтын жүлдесін жеңіп алды. Осылайша ол самбодан үш дүркін Азия чемпионы атанды.
Жерлесіміз Ержан Мадинаны айтулы жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз! Алар асуы биік, жеңістері мол болсын!
Қарқаралыда өтетін “BaiQymyz” гастрофестивалі — қазақ даласының дәстүрін, ұлттық дәмін және мәдениетін тоғыстыратын ерекше шара.
Фестиваль барысында шеберлер жылқы тақырыбына арналған туындыларын ұсынады. Бұл — дала мәдениетінің, еркіндік пен тектіліктің символы.
Сондай-ақ көрмеде көшпелі халықтардың тарихы, салт-дәстүрі мен мәдени ерекшеліктері өнер және қолөнер арқылы насихатталады.
Мереке аясында өнер ұжымдарының қатысуымен қазақтың дәстүрлі және эстрадалық әндері орындалады.
Баршаңызды ұлттық рухты дәріптейтін мазмұнды мерекеге шақырамыз!
Қарқаралы қаласында ауыл жасөспірімдерінің облыстық VI жазғы спартакиадасының салтанатты ашылуы өтті. Дүбірлі додаға Қарағанды облысының аудандарынан 500-ге жуық жас спортшы қатысуда.
Спартакиада аясында спорттың 9 түрінен жарыстар ұйымдастырылып, сайыстар 12-13 мамыр күндері өтеді.
Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары мен облыстық спорт басқармасының басшысы құттықтау сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Ардагер спортшы Дүйсентай ата ақ батасын берді.
Шара барысында аудан спортының дамуына үлес қосқан ардагер жаттықтырушылар Бүркіт Бейсенаев пен Тұрсын Жұмағұлов «Спортқа еңбек сіңіргені үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Спартакиада концерттік бағдарламамен жалғасып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.