“BAIQYMYZ” аймақаралық гастрономиялық фестивалі
Қарқаралыда өтетін “BaiQymyz” гастрофестивалі — қазақ даласының дәстүрін, ұлттық дәмін және мәдениетін тоғыстыратын ерекше шара.
Фестиваль барысында шеберлер жылқы тақырыбына арналған туындыларын ұсынады. Бұл — дала мәдениетінің, еркіндік пен тектіліктің символы.
Сондай-ақ көрмеде көшпелі халықтардың тарихы, салт-дәстүрі мен мәдени ерекшеліктері өнер және қолөнер арқылы насихатталады.
Мереке аясында өнер ұжымдарының қатысуымен қазақтың дәстүрлі және эстрадалық әндері орындалады.
Баршаңызды ұлттық рухты дәріптейтін мазмұнды мерекеге шақырамыз!
«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА БАТЫРЫМЫЗДЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ – 100 ТҮП ҚАРАҒАЙ!
Қарқаралылықтар «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстарды жалғастыруда.
Бүгін көктемгі тазалық, көгалдандыру жұмыстары барысында қазақтың тұңғыш ғарышкері, батыр жерлесіміз Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойына орай, Қарқаралы қаласындағы батыр атындағы көше бойында 100 түп қарағай ағашы отырғызылды.
Шара басталмас бұрын, аудан әкімінің міндетін атқарушы Саят Қабиденұлы бұл акцияның мән-маңызына ерекше тоқталып, жерлестерді «Таза Қазақстан» акциясын бірлесе ұйымшылдықпен қолдауға шақырды және алдағы уақытта қала ішіне жасыл көшеттерді егу жұмыстары жалғасатынын атап өтті.
Денешынықтыру жаттығуларымен бой сергітіп алған қарқаралылықтар жұмысқа құлшына кірісіп, ұйымшылдықпен атқарып өтті.
Қала басындағы мекемелер мен ұйымдар, депутаттар мен қоғамдастық өкілдері, ардагерлер мен ерікті жастар, жас отбасылар бірлесіп, іске асқан бірегей шара «Таза Қазақстан» акциясын қолдауға бағытталып, биыл 80 жасқа толатын Тоқтар Оңғарбайұлына деген игі тілекпен іске асты.
АУДАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕР ҰЙЫМЫНЫҢ
КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ
Бүгін аудандық ардагерлер ұйымының ХІІІ конференциясы өтті.
Конференцияға аудан басшылары, ауылдық округ әкімдері, округтердегі ардагерлер ұйымдарының төрағалары, дербес бөлім басшылары мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ойрат Жүкібаев аудандық ардагерлер ұйымы кеңесінің 2021-2025 жылдарда атқарған жұмысы бойынша есепті баяндама жасады.
Баяндама бойынша бірқатар ауылдық округтердегі ардагерлер ұйымдарының төрағалары жарыссөзге қатысып, пікірлерін білдірді.
Сондай-ақ, бірінші ұйымдастыру пленумы өтіп, Аудандық ардагерлер кеңесінің жаңа төрағасы болып Темірғалиев Несіпхан Жақанұлы бір ауыздан сайланды.
Аудан әкімінің орынбасары Нұржан Ағыбайұлы ұзақ жыл аудандық ардагерлер ұйымын басқарған мемлекеттік қызмет ардагері Ойрат Ыбырайымханұлына көпшілік қауым алдында қажырлы еңбегі үшін алғыс білдіріп,сый-құрмет көрсетті.
Пленумда өзге де ұйымдастыру жұмыстары қаралып, тиісті қаулылар алынды.
Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетілді
Ауған соғысы ардагерлерінің күніне орай, бүгін бірқатар мерекелік іс-шаралар өтті.
Алдымен аудан әкімінің міндетін атқарушы Саят Қабиденұлы ардагерлермен кездесіп, мерекелерімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Одан кейін орталық саябақтағы Ауған соғысында қаза тапқан жерлес сарбаздарға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, Жамалиден Әлібаев, Асқар Быхин, Нағашыбай Жақтыбаев, Өміртай Құлтабаровтың рухтарына тағзым жасау рәсімі өтті.
Шара аудандық тарихи-өлкетану музейінде өткен дөңгелек үстелде жалғасын тапты.
Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сайлау Әлиұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ойрат Жүкібаев, Нағашыбай Жақтыбаевтың жұбайы Татьяна Түсіпқызы, ауған соғысының ардагерлері Серік Жұмабеков, Нұрлан Әубәкіров, Шаймұрат Жұмаділовтер сөз сөйлеп, патриоттық тәрбие, отансүйгіштік рух, отанға адал қызмет етуге қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.
Мәнді сұхбат әсем әнмен әрленіп, Өнер мектебінің тәлімгері Айтолқын Шаймерденова өз өнерін тарту етті
ҚАРҚАРАЛЫДА ШАҢҒЫДАН V АШЫҚ МАРАФОН ӨТТІ
Демалыс күні Қарқаралы қаласындағы шаңғы базасында шаңғымен жүгіруден V ашық Қарқаралы марафоны өтті.
Мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі – халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, жастарды спортқа баулу және бұқаралық спортты дамыту болып табылады. Осы мақсатта ұйымдастырылған дәстүрлі марафон табиғаты көркем, туристік әлеуеті жоғары Қарқаралы қаласында жоғары деңгейде өтті.
Ашық марафонға Астана, Көкшетау, Павлодар, Қарағанды қалаларынан және аудан өңірлерінен 50-ге жуық спортшы қатысты.
Жарыс қашықтықтары келесідей болды:
– оқушы қыздар – 5 шақырым;
– оқушы ұлдар – 10 шақырым;
– ересек әйелдер – 15 шақырым;
– ерлер – 30 шақырым.
Марафонның жалпы жүлде қоры 500 мың теңгені құрады. Сонымен қатар, V ашық марафонға арнайы эскизбен жасалған медальдар табысталды. Медаль дайындауға демеушілік көрсеткен жергілікті кәсіпкерлер – өңір спортына тұрақты қолдау білдіріп жүрген азаматтар Айдос Жазитұлына, Жақсылық Қайырбекұлына, Жарылқасын Несіпханұлына ерекше алғыс білдіреміз.
Сондай-ақ, аталған марафонды ұйымдастыруға бастамашы болып, жыл сайын өткізілуіне тікелей атсалысып келе жатқан белгілі спортшы, марафоншы Думан Бейсенаевтың еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Жеңімпаздарға сүт және тағам өнімдерімен демеушілік көрсеткен отандық «NATIGE» сүт фабрикасының басшылығына да алғысымызды білдіреміз.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар арнайы жасалған медальдармен, бағалы сыйлықтармен және ақшалай сыйақымен марапатталды.
Іс-шараға қала тұрғындары мен спортшылар отбасыларымен келіп, қатысушыларға қолдау көрсетті. Патриоттық әндер шырқалып, марафон жоғары көңіл-күйде өтіп, көрермендер мен спортшыларға мерекелік әсер сыйлады.
Атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер талқыланды.
Бүгін аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға аудан басшылығы, кеңес мүшелері, дербес бөлім, мекеме басшылары, аудандық мәслихат, ардагерлер кеңесі, қала, кент, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Саят Қабиденұлы өткен жылғы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндама жасап, жан-жақты мағлұмат берді.
Қоғамдық кеңес төрағасы Сайлау Әлиұлы, кеңес мүшелері Серік Жекейұлы және Мұрат Тәңірбергенұлы ауданның өзекті мәселелері туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды. Көтерілген сұрақ-сауалдарға тиянақты жауаптар берілді.
Жалпы кеңес мүшелері аудан басшылығының атқарылып жатқан жұмыстар мен белгіленіп отырған міндеттер турасындағы толымды ақпаратына ризашылығын білдіріп, алда бірлесе атқаратын жұмыстарға сәттілік тіледі.
Құрметті Қаракөл ауылдық округінің жергілікті қоғамдастық мүшелері!
Сіздерді Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Қаракөл ауылдық округі әкімі аппаратының қайта ұйымдастырылуының орындылығы туралы халық пікірін ескеру мәселесі бойынша жергілікті қоғамдастықтың жеке жиынына қатысуға шақырамыз.
Жиналыстың өтетін орны мен уақыты: Қаракөл ауылы,
2026 жылғы «31» қаңтар, сағат 10.00-де, клуб ғимаратында.
Қарқаралы ауданы әкімдігі
2025 жылыдың ақпан айының 03 күні халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықтық сананы қалыптастыру және тегін заң көмегін көрсету мақсатында Қарқаралы ауданының Қаракөл ауылдық округі Қаракөл ауылында «Құқық кабинеті» ашылды.
Азаматтар еңбек, отбасы, тұрғын үй, әкімшілік заңнама және басқа да құқықтық мәселелер бойынша кеңес ала алады. Консультацияларды білікті мамандар, мемлекеттік органдардың өкілдері жүргізеді..
Құқықтық кабинет мына мекен-жайда жұмыс істейді:
Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Қаракөл ауылдық округі, Қаракөл ауылы, Құрылысшылар көшесі 13
Жұмыс уақыты: 9: 00-13: 00, 14: 30-18: 30.