Аудан әкімінің міндетін атқарушы Саят Мусиннің тұрғындармен кездесулері өз жалғасын Егіндібұлақ ауылдық округінде тапты. Ашық форматта өткен жиында ауыл тұрғындары өздерінің көкейіндегі бірқатар мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда, аудан мен ауыл арасындағы автокөлік жолы, кітапхана ғимаратының жай-күйі, ауылішілік жолдардың асфальтталуы сияқты өзекті мәселелер қозғалды.
Аудан басшысы тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін мұқият тыңдап, әр мәселе бойынша нақты түсініктеме берді. Сонымен қатар, көтерілген мәселелердің шешілуі кезең-кезеңімен жүзеге асатынын айтып, жауапты бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді. Әкім ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.
Кездесу соңында аудан әкімі ауылдың дамуы мен әлеуметтік жағдайын көтеру – баршаның ортақ ісі екенін атап өтіп, тұрғындарды белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырды. Саят Қабиденұлы халықпен тығыз байланыс орнату және мәселелерді бірлесіп шешудің маңыздылығына ерекше тоқталды.