GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Қызметі
Басқарма туралы
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Онлайн қабылдау
Все материалы
Идеологиялық жұмыс
19 октября 2026
Қарағанды облысында Республика күніне орай 400-ден астам іс-шара өтеді

Қарағанды облысында Республика күніне орай 400-ден астам мәдени-көпшілік, патриоттық және спорттық іс-шара ұйымдастырылады. Мерекелік бағдарлама аясында концерттер, патриоттық акциялар, спорттық жарыстар өткізіліп, жаңа әлеуметтік нысандар ашылады.

Ұлттық мерекеге дайындық барысы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте талқыланды.

Білім беру ұйымдарында «Республика және Конституция: жауапты азамат – қуатты мемлекет» атты танымдық-ағартушылық апталық өтуде. Сондай-ақ еліміздің тарихы мен мемлекеттілік негіздеріне арналған тақырыптық сабақтар, көрмелер, дәрістер, пікірталастар және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылған.

20 қазаннан бастап әлеуметтік желілерде «Менің Қазақстаным» челленджі мен «Қыран елім – Қазақстаным!» патриоттық акциясы басталады. Оларға белгілі мәдениет және спорт қайраткерлері, жастар мен қоғам өкілдері қатысады.

Мерекелік бағдарламаның маңызды оқиғаларының бірі – 23 қазанда Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында өтетін «Азат елдің асқақ рухы» атты концерт. Кеште италиялық тенор Уго Тарквини, қазақстандық орындаушылар AYREE, Ибрагим Ескендір мен Нұржас Садырбаев, GAISSIN ORCHESTRA ұжымының солистері және өңірдің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетеді.

25 қазанда облыс қалаларының орталық алаңдарында бір мезгілде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтеріліп, Мемлекеттік Әнұран орындалады. Демалыс күндері мәдениет үйлері мен спорт нысандарында концерттер мен жарыстар өтеді.

Мерекеге орай бірқатар жаңа әлеуметтік нысанның ашылуы да жоспарланған. Олардың қатарында Ақтоғай ауылындағы «Алаш орталығы», Қарқаралы ауданының Көктас ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені және Нұра кентіндегі Өнер үйі бар. Бұдан бөлек, медициналық, ветеринариялық және өртке қарсы қызмет нысандары пайдалануға беріледі.

Супермаркеттер мен сауда орындарында да мерекеге арналған науқандар өтуде. Republic Day және Bereke Fest акциялары аясында түрлі тауарларға жеңілдіктер ұсынылады.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мерекелік іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.

— Алдағы апта Республика күніне дайындыққа арналады. Әрбір іс-шара мемлекеттілік, отансүйгіштік пен халық бірлігінің рухын айшықтап, мерекенің мәні мен маңызын кеңінен ашуға тиіс, - деп атап өтті өңір басшысы.

12 октября 2026
БЖЗҚ туралы өзекті сауалдар
  1. Зейнетақы активтерін кім басқарады?

Зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (ҚРҰБ), сондай-ақ 2021 жылдан бастап тиісті лицензиясы бар және уәкілетті органның талаптарына сай келетін инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) жүзеге асырады. Мұндай сенімгерлік басқарудың негізгі мақсаты – зейнетақы жинақтарын түрлі қаржы құралдарына инвестициялап, табыс алу.

Зейнетақы активтерін басқарушылар – ҚРҰБ пен ИПБ-лардың зейнетақы активтерін инвестициялау бойынша өзіндік стратегиясы бар және олар инвестициялық портфельдің құрылымын инвестициялық декларация шеңберінде дербес айқындайды.

Қолданыстағы ИПБ тізіліміне қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға бере алатын 6 жеке компания кіреді:

«Alatau City Invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ, «Halyk Finance» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «Tansar Capital» АҚ. (Бұл ретте «Halyk Global Markets» АҚ «БЖЗҚ» АҚ-ға 2027 жылдан бастап сенімгерлік басқару шартын бұзатыны туралы хабарлаған. Осыған байланысты, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қор зейнетақы жинақтарын осы компанияға аудару туралы өтініштерді қабылдамайды).

www.enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінен, сондай-ақ invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы арқылы ИПБ туралы ақпаратпен танысып, олардың инвестициялық декларацияларын зерделеуге болады.

  1. Заңнамалық өзгерістерге сәйкес міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының 100%-на дейін инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) басқаруына беруге мүмкіндік қарастырылған. Бұл мүмкіндікті кім пайдалана алады және бұл механизм қалай жүзеге асырылады?

Зейнетақы жинақтарының 100%-на дейін жеке басқарушы компаниялар – ИПБ-ларға сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігін БЖЗҚ-ның барлық салымшылары пайдалана алады. Бұл нормалар 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап күшіне енді.

www.enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінен, сондай-ақ invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы арқылы ИПБ туралы ақпаратпен танысып, олардың инвестициялық декларацияларын зерделеуге болады.

Жақында бір ИПБ салымшыларға тәуекел деңгейі, күтілетін кірістілік және инвестициялау мерзімі бойынша ерекшеленетін инвестициялық портфельдердің үш түріне дейін – консервативті, қалыпты және тәуекелді портфельдерді ұсына алады.

Зейнетақы активтерінің инвестициялық портфельдерін қалыптастыру тәртібін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

  1. Зейнетақы жинақтарын бірнеше басқарушы компания арасында бөлуге бола ма?

Салымшы бір немесе бірнеше ИПБ-ны таңдай алады. Халықты кеңінен хабардар ету мақсатында БЖЗҚ invest.enpf.kz бірыңғай ақпараттық интернет-платформасын іске қосты. Бұл – салымшыларға сенімгерлік басқарушылардың (ҚРҰБ пен ИПБ) басқаруындағы зейнетақы активтерінің портфельдері бойынша түрлі деректерді бір ақпараттық алаңда салыстыруға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық ресурс. Салымшы мұнда инвестициялық портфельдерді өз бетінше бағалауға, сондай-ақ өзінің мақсаттары мен күтетін нәтижесіне сай келетін басқарушы компания мен оның инвестициялық стратегиясын таңдауға мүмкіндік беретін құралдарды пайдалана алады.

Бұдан бөлек, invest.enpf.kz платформасында салымшы ИПБ-лардың инвестициялық декларацияларымен танысып, олардың қаржылық көрсеткіштерін талдай алады. Сондай-ақ ИПБ-ларға қатысты реттеуші орган – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚР ҚНРДА) тарапынан қолданылған әкімшілік шаралар, санкциялар мен ықпал ету шаралары туралы ақпаратты да (олар болған жағдайда) көре алады.

  1. Зейнетақы жинақтарын БЖЗҚ-дан басқарушы компанияға беру қалай жүзеге асырылады?

Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру үшін салымшы алдымен ИПБ-ны таңдап, содан кейін белгіленген нысан бойынша өтініш береді.

Өтінішті enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте немесе invest.enpf.kz интернет-платформасында электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып, сондай-ақ БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне барып беруге болады.

Жеке кабинетте салымшы, сондай-ақ:

  • ИПБ-ға/ҚРҰБ-қа беруге немесе қайтаруға қолжетімді соманы тексере алады;
  • ИПБ-ны таңдау (өзгерту) туралы немесе ИПБ-ның сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын ҚРҰБ-тың сенімгерлік басқаруына қайтару туралы өтініш беру ережелері және талаптарымен таныса алады;
  • ИПБ-ны таңдау (өзгерту) туралы немесе ҚРҰБ-қа қайтару туралы өтініш беріп, оның мәртебесін қадағалай алады;
  • басқа да қолжетімді зейнетақы қызметтерін пайдалана алады.

Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға аудару туралы берілген өтініштің мәртебесін сайттағы жеке кабинеттен немесе БЖЗҚ-ның мобильді қосымшасынан бақылауға болады.

ИПБ-ға аударуға өтініш беру және оларды БЖЗҚ-да өңдеу рәсімдері толық автоматтандырылған. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген мерзім ішінде береді.

Бұл ретте зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екіншісіне аудару немесе оларды ҚРҰБ-тың басқаруына қайтару алғашқы аударылған күннен бастап кемінде бір жыл өткен соң жүзеге асырылуы мүмкін.

  1. Салымшылар зейнетақы активтерін басқару туралы толық ақпаратты қайдан алып, басқарушы компаниялардың қызмет нәтижелерін қалай бақылай алады?

БЖЗҚ – барлық салымшылар үшін бірыңғай есепке алу және ақпараттық орталық, сондай-ақ активтерді кім басқаратынына қарамастан (ҚРҰБ және/немесе салымшы таңдаған ИПБ) олардың жеке зейнетақы шоттарының операторы.

БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқаруға байланысты қолжетімді қызметтер мен сервистерді ұсынады. Азаматтардың зейнетақы жинақтары, оның ішінде инвестициялық табыс ескерілген ақпарат enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасында 24/7 режимінде берілетін үзінді көшірмелерде толық көрсетіледі.

Әр басқарушының инвестициялық қызметі туралы ақпарат enpf.kz сайтындағы «Статистика және талдау» – «Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару» бөлімінде тұрақты түрде жаңартылып отырады.

Сонымен қатар, БЖЗҚ салымшылары үшін invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы жұмыс істейді. Бұл – барлық басқарушылардың (ҚРҰБ пен ИПБ) активтерді басқару нәтижелерін өзара салыстыруға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық ресурс. Invest.enpf.kz платформасы инвестициялық табыстылық туралы ақпаратқа қол жеткізуге, белгіленген кезең аралығындағы басқарушылар мен олардың инвестициялық портфельдері бойынша деректерді салыстыруға және инвестициялық шешімдерді саналы түрде қабылдауға мүмкіндік береді.

 

Азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл
05 октября 2026
Қарағанды облысында әлеуметтік жобалар мен ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды

              Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысында облыстық басқармалардың 2027 жылға жоспарланған жаңа әлеуметтік жобалары, қалалық және аудандық кеңестердің жұмысы, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді ортаны дамыту мәселелері қаралды.

         ҮЕҰ-ның 2027 жылға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жобаларын әзірлеуге қатысуына ерекше назар аударылды. Денсаулық сақтау саласында нашақорлықтың алдын алу көзделсе, білім беру саласында жасанды интеллект пен инженерлік дағдыларды дамытуға бағытталған бастамалар қарастырылуда.          Мәдениет саласында жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру және инклюзивті шығармашылықты дамыту, тілдерді дамыту саласында мемлекеттік тіл мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу жоспарлануда.

         Балқаш және Приозерск қалаларындағы, Ақтоғай, Абай және Шет аудандарындағы кеңестердің жұмысы қаралды. Жергілікті ҮЕҰ-мен өзара іс-қимылды нығайтуға, олардың комиссиялар жұмысына және әлеуметтік жобаларды іске асыруға қатысуын кеңейтуге ерекше назар аударылды.

         Қарағанды қаласында қолжетімді ортаны дамыту мәселелері бойынша мүгедектігі бар адамдар мен қоғамдық ұйымдардың ескертулерін ескере отырып, нысандарды бейімдеуге, сондай-ақ «Жасыл ел» инклюзивті жасағының жұмысын 2027 жылы жалғастыруға басымдық берілді.

         Отырыс қорытындысы бойынша ҮЕҰ ұсыныстарын ескере отырып, 2027 жылға арналған әлеуметтік жобаларды әзірлеу, қалалық және аудандық кеңестердің жұмысын жетілдіру және мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді ортаны дамыту жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.

Азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл
Этносаралық қатынастар
23 сентября 2026
Қарағанды облысының қалалары мен аудандарындағы ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері этносаралық қатынастар саласындағы заң талаптарын түсіндіру және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру жолдарын талқылады.

Қарағанды облысының қалалары мен аудандарындағы ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері этносаралық қатынастар саласындағы заң талаптарын түсіндіру және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру жолдарын талқылады. Семинарда жалған және арандатушылық ақпаратты анықтау, оның таралуының алдын алу және түсіндіру жұмыстарын тиімді жүргізу бойынша практикалық ұсынымдар берілді.

Іс-шара «Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында этносаралық қатынастар саласындағы ақпараттық-түсіндіру топтарының қызметін дамыту» – «Бірлік. Заң. Қоғам» жобасы аясында ұйымдастырылды. Жобаны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақстандық Даму Ассоциациясы» ЗТБ жүзеге асыруда. Жобаның операторы — «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ.

Семинарды Қарағанды облысының Ішкі саясат басқармасының басшысы – Нұрлан Бикенов ашты. Ол «Заң және Тәртіп» қағидаты ақпараттық-түсіндіру топтарының қызметінде де нақты көрініс табуы тиіс екенін айрықша атап өтті. Бұл ретте халықпен ашық диалог орнатуға, құқықтық сауаттылықты арттыруға және қоғамдық шиеленіске әкелуі мүмкін факторлардың алдын алуға баса мән берілуі қажет.

Нұрлан Бикенов әлеуметтік желілерде жалған және арандатушылық ақпараттың таралу қаупіне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, мұндай ақпарат тұрмыстық немесе қылмыстық жанжалға этносаралық сипат беріп, қоғамдағы ахуалға кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан халыққа заң талаптарын түсіндірумен қатар, ақпаратты жауапкершілікпен тарату мәдениетін қалыптастыру маңызды. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 174-бабында көзделген жауапкершілікті түсіндіру қажеттігін атап өтті.

Семинар модераторы — «Қазақстандық Даму Ассоциациясы» ЗТБ үйлестірушісі Шыңғысхан Қожахметов жобаның мақсаты мен негізгі бағыттарын таныстырды. Жоба ақпараттық-түсіндіру топтарының қызметін жетілдіруге, халықтың құқықтық және медиасауаттылығын арттыруға бағытталған.

Басқосу аясында «Орталық Азия мұсылмандары ақсақалдар кеңесі» жобасының жетекшісі Әли Үкенов этносаралық қатынастар саласындағы құқықтық сауаттылық тақырыбында баяндама жасады. Ол заңнаманың негізгі талаптарын түсіндіріп, этносаралық араздықты қоздыруға бағытталған әрекеттердің құқықтық салдарына тоқталды.

Семинарда сөз алған Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің «Қоғамдық келісім» РММ Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс басқармасының жетекші сарапшысы – Наргиз Шотпай жалған ақпаратты, манипуляциялар мен арандатушылық контентті анықтау тәсілдеріне тоқталды. Сондай-ақ ақпараттың шынайылығын тексеру және әлеуметтік желілерде жауапкершілікпен әрекет ету бойынша практикалық ұсынымдар берді.

Ашық диалог барысында қатысушылар спикерлерге сұрақтар қойып, ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысында кездесетін практикалық жағдайларды талқылады. Сондай-ақ халықтың әртүрлі санаттарымен жұмыс жүргізу тәжірибесімен бөлісті.

Семинарға Қарағанды облысының барлық қалалары мен аудандарындағы ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері қатысты. Жиын барысында берілген ұсынымдар жергілікті жерлердегі профилактикалық және түсіндіру жұмыстарында қолданылады.

Айта кетейік, өңірде облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық деңгейдегі 120-дан астам ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істейді. Олардың қызметі халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, этносаралық қатынастар саласындағы тәуекелдердің алдын алуға және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған.

Ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелеріне арналған семинардан кейін республикалық спикерлер Қарағанды облысының Ішкі саясат басқармасымен бірлесіп, өңірдегі басқа да алаңдарда жұмысын жалғастырып, қоғам өкілдерімен, жастармен және еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесулер өткізді.

Кездесулерге республикалық спикерлер Шыңғысхан Қожахметов, Әли Үкенов, Наргиз Шотпай және Қарағанды облысының Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Серік Мүбаракұлы Тоқсанбай қатысты.

Атап айтқанда, 22 қыркүйек күні сағат 12:00-де этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және журналистермен кездесу өтті. Басқосуда құқықтық және медиасауаттылық, жалған және арандатушылық ақпараттың таралуының алдын алу, сондай-ақ ақпараттық кеңістіктегі жауапты мінез-құлық мәселелері талқыланды.

Сағат 15:00-де спикерлер Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттерімен кездесті. Жастармен этносаралық келісімді сақтаудың, өзара құрмет пен жауапкершіліктің маңыздылығы, әлеуметтік желілердегі ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдау, жалған ақпарат пен манипуляцияларды ажырату тәсілдері, сондай-ақ құқықтық жауапкершілік мәселелері сөз болды.

Кездесулер сағат 16:00-де QazTehna өндірістік алаңында жалғасты. Кәсіпорын қызметкерлерімен өткен ашық диалог барысында құқықтық сауаттылықты арттыру, жанжалды жағдайлардың алдын алу және еңбек ұжымдарындағы этносаралық келісімді сақтау мәселелері қозғалды.

Сарапшылар профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру жұмысының негізгі тәсілдерімен бөлісіп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді және тәжірибеде кездесетін нақты жағдайларды талқылады.

Халықтың әртүрлі санаттарымен осындай кездесулер өткізу тікелей диалог орнатуға, өзекті мәселелерді дер кезінде түсіндіруге, өзара құрмет мәдениетін нығайтуға, сондай-ақ азаматтардың құқықтық және медиасауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Идеологиялық жұмыс
21 сентября 2026
Қарағанды облысында «Құрметті азамат» атағын беру тәртібі өзгерді

Қарағанды облысында «Құрметті азамат» атағын беру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Жаңашылдықтар атақ беру тәртібі мен үміткерлерге қойылатын талаптарды қамтиды. Бұған дейін атақ иегерлері жыл сайын анықталса, енді екі жылда бір рет беріліп, бір жолы 10 адамға дейін «Құрметті азамат» атағын алуы мүмкін.

Жаңа қағидаларды облыстық мәслихат депутаттары кезекті XXXVII сессиясында бекітті.

«Қарағанды облысының (қаласының, ауданының) Құрметті азаматы» атағы – азаматтың еңбегі мен қоғамдық қызметіне берілген баға, оның өңірдің дамуына қосқан үлесін мойындау. Атаққа кандидат ұсыну туралы өтініш ұжымдық түрде берілуі тиіс, яғни азаматтың өзін-өзі ұсынуына жол берілмейді. Ал жергілікті әкімдер өз кандидатураларын ұсынуға құқылы, алайда бұл мүмкіндік тек төтенше жағдайлар мен апаттарды жоюға көрсеткен көмегі үшін қарастырылған.

«Құрметті азамат» атағы Қазақстан Республикасының азаматтарына да, өңірде кемінде 10 жыл еңбек еткен шетел азаматтарына да берілуі мүмкін.

Атақ мынадай еңбегі мен жетістіктері үшін беріледі:

1) Кәсіби немесе азаматтық борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі, сондай-ақ заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту ісіне қосқан үлесі үшін;

2) Мемлекеттік, саяси және қоғам қайраткерлеріне жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару саласындағы тиімді қызметі, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін;

3) Қоғамдық қызметтегі жетістіктері мен қайырымдылыққа қосқан үлесі үшін;

4) Спорт, мәдениет, ғылым, білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс, кәсіпкерлік, бизнес және ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін;

5) Этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісімді, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін.

Қағидаларда атақты қайтыс болғаннан кейін беру жағдайлары да нақты белгіленген. Мұндай жағдайда атақ ел мүддесін қорғау немесе адам өмірін құтқару кезінде көрсеткен ерлігі, батылдығы мен қаһармандығы үшін берілуі мүмкін.

Облыс, қала немесе ауданның мерейтойлық даталарына орай қосымша бес адамға дейін «Құрметті азамат» атағы берілуі мүмкін.

Идеологиялық жұмыс
21 сентября 2026
Қарағанды облысында жастарға құқықтық қателіктің салдарын түсіндірді

Қарағанды облысының 15 мың студенті «Жастар – Заң мен тәртіптің тірегі» форумына қатысты. Оларға есірткі саудасынан, интернет-алаяқтықтан және дропперліктен ақша таппақ болған өз құрдастарының қылмыстық жауапкершілікке тартылған нақты оқиғалары көрсетілді. Соңғы бес жылда Қазақстанда осындай қылмыстар жасағаны үшін 21 жасқа толмаған 800 адам сотталған.

Форумның басты тақырыптарының бірі – қабылдаған шешімдері үшін жауапкершілік. Сонымен қатар студенттерге құқықтық сауаттылықты арттыру, есірткі қылмыстарының, алаяқтық пен киберқылмыстың алдын алу мәселелері түсіндірілді.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жастардың құқықтық санасын қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

– Бүгінде жастардың көзқарасы мен мінез-құлқының қалыптасуына цифрлық орта, әсіресе әлеуметтік желілер барған сайын көбірек ықпал етіп келеді. Бұған жасөспірімдер айрықша бейім: тез ақша табуға деген ұмтылыс кейде оларды өрескел қателіктерге, тіпті қылмысқа дейін жетелейді. Сондықтан Мемлекет басшысы атап өткендей, біздің міндетіміз – жас ұрпақпен жауапкершілік, адалдық және заңды құрметтеу туралы олар түсінетін тілде әрі заманауи форматта сөйлесу, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Қылмыстың интернет кеңістігіне барған сайын белсенді түрде ауысуы туралы облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев те айтты. Оның сөзінше, құқық қорғау органдарына мұндай қылмыстармен күресудің жаңа тәсілдерін меңгеріп, жұмыс әдістерін жетілдіруге тура келеді. Ал жас мамандар бұл іске тың идеялар мен жаңа көзқарас әкеле алады.

– Қылмыстық орта ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін өз мақсатына пайдаланып отыр. Алаяқтық жасау, есірткі сату сияқты қылмыстар интернет кеңістігіне ауысты. Құқық қорғау органдары өз жұмысын қайта қарап, қылмыстарды ашудың жаңа әдістерін әзірлеп жатыр. Бұл ретте тың көзқарас пен жаңашыл тәсілдің маңызы орасан. Шығармашылық ойлау, зеректік, жаңа шешімдер таба білу – жастарға тән қасиеттер. Сондықтан сіздерге артылар үміт зор, – деді Мұрат Тілеубердиев.

Сонымен бірге форумда тек тыйым мен жаза туралы ғана сөз болған жоқ. Студенттерге жастардың түрлі дағдыларын дамытуға, жұмыс іздеуге және өз бастамаларын жүзеге асыруға көмектесетін NextUrpaq, Jas Fund және «Өзіңнен баста» жобалары таныстырылды.

– Мұндай форумдар қажет, өйткені олар жастар мен билік өкілдері арасында тікелей диалог орнатуға мүмкіндік береді. Біз үшін бір-бірімізді тыңдау ғана емес, жастардың пікірі шын мәнінде маңызды екенін түсіну де қажет. Біз – еліміздің болашағын қалыптастыратын келесі ұрпақпыз. Сондықтан жауапты шешім қабылдауды бүгіннен бастап үйренуіміз керек. Жастармен заң, тәртіп және жауапкершілік туралы сөйлесу аса маңызды. Заң біз оны өзіміз құрметтеп, сақтаған кезде ғана толыққанды жұмыс істейді, – дейді Қарағанды медицина университетінің студенті Шапағат Құрманғазықызы.

Форум аясында Қарағанды ұлттық университетінің заң факультетінде болашақ прокурор аудиториясы ашылды. 

Мұнда «Прокурорлық қадағалау» пәні бойынша сабақтар прокуратураның қазіргі қызметкерлерінің қатысуымен өтеді.

Форум ашық әрі интерактивті форматта ұйымдастырылды. Студенттер түрлі ойындарға, ашық пікірталастар мен панельдік кездесулерге қатысып, сарапшыларға сұрақ қойды, нақты жағдайларды талқылап, өз шешімдерін ұсынды.

Форум барысында қоғамдық өмірге белсенді араласқаны, азаматтық ұстанымы, заң мен тәртіп қағидаттарын құрметтегені үшін бірқатар жасқа облыс әкімі мен прокурорының алғыс хаттары табысталды.

Сондай-ақ балаларын лайықты тәрбиелеп, елдің жауапты азаматтарын қалыптастыруға үлес қосқан ата-аналарға да алғыс білдірілді.

Іс-шара «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын ілгерілету аясында өткізілді. Форум жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қабылдайтын шешімдеріне жауапкершілікпен қарау дағдысын қалыптастыруға бағытталды.

Идеологиялық жұмыс
21 сентября 2026
Қарағанды облысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету жолдары талқыланды

Қарағанды облысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды тиімдірек жүзеге асыруға және ықтимал тәуекелдерді жоюға бағытталған шаралар талқыланды. Өңірлік комиссияның отырысына облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев төрағалық етті.

Отырысқа ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Жандос Сәрсен, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ қалалар мен аудандардың әкімдері қатысты.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі халықпен жұмыс болды. Қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың іске асырылу барысын талқылады. Бұл ретте құқықтық сауаттылықты арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік қалыптастыруға, жастар мен басқа да әлеуметтік топтарды алдын алу жұмыстарына тартуға бағытталған жобалар туралы сөз болды.

Мемлекеттік сатып алу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мұнда заң талаптарын сақтау ғана емес, проблемалық тұстарды дер кезінде анықтау да маңызды. Облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері бойынша қандай шаралар қабылданып жатқанын баяндады.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Жандос Сәрсен мәлім етті. Сонымен қатар ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау жүргізу тәртібіне енгізілген соңғы өзгерістерді түсіндірді.

— Сыбайлас жемқорлық тәуекелін жай ғана анықтап қою жеткіліксіз. Оның не себепті туындағанын түсініп, себебін жою және мұндай жағдайдың қайталанбауын қамтамасыз ету қажет. Алдын алу жұмысы заң талаптарын, қызметтік әдеп нормаларын және белгіленген шектеулерді күнделікті сақтаудан басталады. Азаматтардың мемлекеттік қызметке деген сенімі әрбір мемлекеттік қызметшінің іс-әрекетіне байланысты, — деді Жандос Сәрсен.

Отырыс барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және ТББ-4 жобасын («Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» типтік базалық бағыты) іске асыру мәселелері де талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша жауапты ведомстволарға анықталған тәуекелдерді жою жұмыстарын жалғастыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері бойынша әзірленген ұсынымдарды орындау тапсырылды.

Идеологиялық жұмыс
15 сентября 2026
ҚАЗАҚСТАНДА АЛҒАШҚЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» КІТАП ОҚУ МАРАФОНЫНА ТІРКЕЛУ БАСТАЛДЫ  

Қазақстанда алғашқы республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафонына тіркелу басталды. Жоба еліміздің барлық өңірінен қатысушыларды біріктіріп, кітап оқуды насихаттау мен оқу мәдениетін дамытуға бағытталған ең ауқымды ұлттық бастамалардың біріне айналмақ.

Марафон 2026 жылғы қыркүйек айынан 2027 жылғы сәуірге дейін қазақ және орыс тілдеріндегі екі лигада өтеді. Жоба 7 бағытты қамтиды:

- «Кітап оқитын мектеп» — 6–10 сынып оқушылары;

- «Кітап оқитын колледж» — колледж студенттері;

- «Кітап оқитын университет» — жоғары оқу орындарының студенттері;

- «Кітап оқитын педагог» — мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары;

- «Кітап оқитын әулет» — отбасылық командалар;

- «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» — мемлекеттік қызметшілер;

- «Кітап оқитын зияткер» — жасына және қызмет саласына шектеу қойылмайтын барлық азаматтар.

Әр қатысушы өз бағыты бойынша арнайы іріктелген 330 кітаптан тұратын қордан 15 кітап оқуы қажет. Оның 165-і қазақ тілінде, 165-і орыс тілінде ұсынылған. Кітаптар тізіміне отандық авторлардың шығармалары, әлем классикасы және заманауи туындылар енді. Тізімді жасақтау кезінде жалпыұлттық дауыс беру қорытындысы бойынша «100 кітап» тізіміне енген шығармалар, сондай-ақ әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары жазған туындыларды қоса алғанда, әлемдік бестселлерлер де ескерілді.

Негізгі оқу кезеңі биыл қыркүйек айында басталып, 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Осы уақытта қатысушылар кітаптарды оқып, жеке кабинетінде пікірлерін жариялап отырады. Ал 2027 жылғы наурыз–сәуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер өткізіледі.

Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар табысталады: 1-орын — 600 000 теңге; 2-орын — 450 000 теңге; 3-орын — 300 000 теңге.

Барлық финалист дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады.

«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбековтің айтуынша, жобаның негізгі мақсаты байқаудың өзімен ғана шектелмейді.

«Бүгін біз «Кітап оқитын ұлт» алғашқы республикалық марафонына тіркелуді ашып, осылайша жасы, мамандығы мен қызығушылығы әртүрлі адамдарды кітап төңірегіне біріктіретін үлкен жалпыұлттық қозғалысқа жол ашып отырмыз.

Баршаңызды марафонға қатысуға шақырамын. Бірлесе отырып, кітап оқуды Қазақстандағы заманауи өмірдің маңызды құрамдас бөлігіне айналдыра аламыз деп сенемін. Сондай-ақ зерделі ұлттың — қуатты, білімді әрі ойлайтын ұлт екенін көрсете аламыз», — деді Бақытжан Тұрлыбеков.

Қатысу ережелері, бағыттар бойынша регламенттер және кітаптар тізімі жобаның ресми сайтында жарияланған: www.reading-nation.kz

Республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонын жүзеге асыруға жобаның бірқатар маңызды серіктестері де атсалысуда. Қазақстан Жазушылар одағы, Креативті индустрияларды дамыту қоры, KITAP және «Яндекс Кітаптар» цифрлық платформалары оқу мәдениетін дамытуға, заманауи әдеби бастамаларды қолдауға және оқырмандардың кітаппен өзара байланысуына жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етпек.

Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.

Идеологиялық жұмыс
05 сентября 2026
Қазақстан халқы тілдері күніне және Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай басқарма қызметкерлері «Жалпыхалықтық диктантқа» қатысты.

Қазақстан халқы тілдері күніне және Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай басқарма қызметкерлері «Жалпыхалықтық диктантқа» қатысты.

Идеологиялық жұмыс
03 сентября 2026
Бүгін елімізде Қазақ тазысы мен төбеті күні алғаш рет аталып өтіп жатыр.

Құмай тазы – жеті қазынамыздың бірі, бойында адалдық, ептілік пен тектілік қасиеттері ұштасқан төл мәдениетіміздің асыл мұрасы.

Ғасырлар бойы Ұлы дала төсінде көшпенділер тұрмысымен біте қайнасқан тазы мен төбет бізді тарихымызбен және туған жер мен өскен ортасын қадір тұтқан ата-баба дәстүрімен байланыстырады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тазы тұқымын сақтап, көбейтуге және оны халықаралық деңгейде насихаттауға айрықша мән береді.

Президент тапсырмасымен соңғы жылдары бұл бағытта жүйелі жұмыс атқарылды. Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту туралы заң қолданысқа енді. Еліміз Халықаралық кинология федерациясының мүшелігіне қабылданды. 2024 жылы қазақ тазысы халықаралық деңгейде алдын ала мойындалды. Қазақстан осы тұқымның шыққан жері ретінде ресми түрде бекітілді.

Бүгінде құмай тазыларымыз әлемдік ірі көрмелерде жүлделі орындар алып жүр. Асыл тұқымды итті көбейту қарқын алып, тазы асыраушылар қатары артып келеді. Қазақы ит тұқымдары ұлттық орталығының құрылысы аяқталуға жақын.

Тарихи мұрамыз бен ұлттық салт-дәстүрімізді құрметтеу, табиғатты аялау – Ата заңымызда құндылықтар ретінде айқындалған.

Қазақ тазысы мен төбеті күнін атап өту – бірегей мұрамызды әлемге дәріптеуге септігін тигізетін маңызды қадам.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы