Қарағанды облысы аумағында 3 діни іс-шараның өту фактісі тіркелді

Қарағанды облысы аумағында  3 діни іс-шараның өту фактісі тіркелді

А.ж. 29 наурызда жүргізілген мониторинг барысында ел аумағында жарияланған төтенше жағдайға қарамастан Қарағанды облысы аумағында көпшілік халықтың қатысуымен 3 діни іс-шараның өту фактісі тіркелді. Теміртау (Брусиловский көш., 46) және Жезқазған (Мұратбаева көш., 4) қалаларындағы Евангелдік христиан-баптистер діни қауымдастықтарында шамамен 135 адамның қатысуымен діни іс-шара өткізілген.
Іс-шараға қатысқандардың дені зейнет жасындағы азаматтар, мүгедектер мен кәмелет жасына толмаған балалар. Айта кететін жайт, діни іс-шараларды өткізу кезінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталмаған, (медициналық бетперделер мен қолғаптардың, антисептикалық заттардың болмауы) осының салдарынан олар вирустық инфекциялардың көпшілік арасында таралу қауіпін туындатқан.
Сонымен қатар, Қарағанды қаласындағы Балхашская 50А мекенжайы бойынша орналасқан «Вефиль» Евангелдік христиан-баптистер шіркеуі» жергілікті діни бірлестігінің ғибадат үйінде 35 адамның қатысуымен құдайға құлшылық ету рәсімінің өткені анықталды.
Жоғарыда көрсетілген фактілер бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 476-бабының 3-бөлігі мен 489-бабының 9-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық істері тіркелді.
Ескере кетейік, Оңтүстік Кореяда діни бірлестіктер өкілдерінің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға бейжай қарауының және көпшіліктің қатысуымен іс-шаралар өткізуінің салдарынан инфекция жұқтырғандардың саны күрт артқан болатын.