
Өткен аптада Қарағанды және Жезқазған қалаларында имамдарға, ақпараттық-түсіндіру топтардың мүшелеріне, дінтанушылар мен жалпы орта білім беру мектептерінің психологтарына арналған семинарлар өтті. Қарағандыда имамдар арасында өткен семинарда рухани тәрбие жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Түсіпбеков Жарқын және облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Хушкелдиев Жанболат лекция оқыды.
Жезқазған қаласында ҰҚК Академиясының оқытушылары Лола Шакимова мен Руслан Асаубаев спикерлер ретінде шақырылды.
Бұл семинарлар мұсылман діні қызметшілері өкілдерін деструктивті діни ағымдарды ұстанатындармен жұмыс жүргізуге даярлауға, және де деструктивті идеологияның ықпал ету әдістеріне қарсы іс-қимыл жөніндегі ақпараттық-түсіндіру топтары мүшелерінің біліктілігін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілер арқылы деструктивті діни ағымдарды ұстанатындардың жасөспірімдерді алдап-арбауының алдын алу әдістері мектеп мұғалімдеріне түсіндірілді.
Сонымен бірге, Лола Сергеевна деструктивті діни ағымдарды ұстанатындармен және «Жусан» арнайы операциясы аясында әскери қақтығыстар аймақтарынан оралған әйелдермен оңалту жұмыстарын өткізді.