«Жусан» операциясы аясында террористік белсенділік аймағынан қайтып келген 144 әйел радикалды көзқарасынан бас тартты. Операцияның нәтижесі жайлы халыққа есеп беру кездесуінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева хабарлады.
⠀
«Министрліктің ендігі үлкен жауапты саласы – дін саласы. Бұл бағытта біздің алдымызда 3 өзара байланысты міндет тұр. Біріншісі – халық арасына зайырлы мемлекет құндылықтарын насихаттау, екіншісі – дінаралық келісімді сақтау, үшіншісі – діни экстремизмді болдырмау», - деді Аида Балаева ОКҚ алаңы арқылы халыққа есеп беру кездесуінде.
Министрдің айтуынша осы міндеттерді іске асыру үшін бірнеше бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. «Бұл – ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, деструктивті діни көзқарастағы азаматтарды райынан қайтару және интернет арқылы діни экстремизм идеологиясына қарсы жұмыстар. Өткен 2019 жылы ақпараттық-түсіндіру топтарының күшімен 3 милиондай адамды қамтыған 50 мыңнан астам іс-шара өтті. Дін саласындағы проблемалық сұрақтарға жедел жауап беру үшін 300 адамнан тұратын білікті лекторлар пулы құрылды.
Көріп отырғандарыңыздай, жұмыс өте тиімді.
⠀
Сондықтан осы жылы біз бұл топтардағы мамандардың санын 500-ге дейін арттырып, 1200 лекторды қайта даярлықтан өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді ол. Аида Балаева сонымен бірге «Жусан» операциясының нәтижесінде елге оралған 163 әйелмен мақсатты түрде жұмыс жүргізілгенін, соның арқасында олардың 144-і радикалды ойларынан қайтып, біразы зайырлы өмір салтына өткенін жеткізді. «Әрине, мәселенің салдарымен емес себебімен күресу керек. Сондықтан 2019 жылы 5300-ден аса интернет-ресурс сарапталып, оның 3200-нен заңға қайшы материалдар анықталды. Олардың барлығы дер кезінде бұғатталды. Түптеп келгенде бұл саладағы біз үшін ең маңыздысы – халықтың радикалды ағымдарға қарсы иммунитетін қалыптастырып, елдегі дінаралық қақтығыстардың алдын алу», - деді ол.
⠀