
2024 жылғы 10 қазанда Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасының базасында Атамекен ҰКП жанындағы IT-кеңесінің отырысы өтті, онда Қарағанды облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы 2024 жылдың 9 айындағы қызметі туралы есеп берді. Есепте назар аймақтың цифрлық инфрақұрылымын дамытуға және қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған негізгі жобаларға аударылды. Цифрлық шешімдердің бірі – «Қауіпсіз қала» жобасының енгізілуі. Жоба шеңберінде 3 456 бейнебақылау камерасы және ЖЖЕ бұзуды тіркеу үшін 172 кешен орнатылды. Бұл жүйелер 169 мыңнан астам жол жүрісі ережелерінің бұзылуын анықтауға мүмкіндік берді. Аппараттық-бағдарламалық кешендер ережелердің сақталуын бақылауды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқара отырып, жолдардағы қауіпсіздікті және жүргізушілердің тәртіптілігін арттыруға ықпал етеді. Тағы бір маңызды цифрлық құрал – қалалық және коммуналдық қызметтер мәселелері бойынша азаматтардың өтініштерін қабылдайтын «Senim 109» бірыңғай байланыс орталығы. Колл-орталық жұмысының 9 айы ішінде Қарағанды қаласының және оған іргелес өңірлердің тұрғындарынан 200 000-нан астам өтініш қабылданып, жауап берілді. Senim 109 коммуналдық қызметтер бойынша мәселелерді тезірек шешуге мүмкіндік беріп қана қоймай, азаматтарға төтенше жағдайлар туралы мемлекеттік органдарды жедел хабардар етуге мүмкіндік береді. Бұл халықтың өмір сүру сапасын және мемлекеттік қызметтермен өзара іс-қимылын жақсартуға ықпал етеді.
«Терриконды алқап» IT-Хабы шеңберінде IT-кластерді дамытуға ерекше назар аударылды, сондай ақ "Ашық деректер" мәселесі қарастырылды. 2024 жылдың 9 айында жоба аясында IT-қоғамдастық үшін 100-ден астам іс-шара өткізілді, бұл өңірдің инновациялық экономикасының дамуына ықпал етпек.