Қарағандыда халыққа қызмет көрсететін заманауи цифрлық кеңсе ашылды

Қарағандыда халыққа қызмет көрсететін заманауи цифрлық кеңсе ашылды

Ұлттық «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» жобасын орындау шеңберінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің министрі Бағдат Мусин және облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Қарағанды қаласы, 134-есептік орам, 709-құрылыс мекенжайы бойынша орналасқан Халыққа қызмет көрсету фронт-офисімен таныстырылды.


Фронт-офис ең қысқа мерзімде сапалы мемлекеттік қызмет алу үшін барлық қажетті жабдықтармен және цифрлық жүйелермен жабдықталған.

Фронт-офистің операциялық залдары экспресс-аймақ, әлеуметтік қызметтерді ұсыну аймағы және жайлылық аймағы сынды үш түрлі секторға бөлінген. Сондай-ақ, халыққа жайлы жағдай жасау үшін жаңа ұйымдастыру техникасы мен жиһаз ескеріліп, фронт-офистің дизайны толығымен жаңартылды.

Келушілерге смартфондар арқылы көбірек қызмет көрсету үшін «Connection Point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторының жұмысы толығымен қайта құрылды. «Connection Point» жүйесінде арнайы BI-модуль орнатылған, ол еGov-тен жиі көрсетілетін қызметтерді табуға және оларды неғұрлым жеңіл форматта пайдалануға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету үшін, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін барлық жағдайлар жасалған, сондай-ақ олар үшін жеке терезе ашылып, арнайы шақыру түймешігі орнатылған.

Балаларымен келген клиенттер үшін ана мен бала бөлмесі, ойын бөлмесі жайластырылған.

Сонымен қатар, жаңа фронт-офисте «Қағазсыз ХҚКО» жобасы іске асырылуда. Операторлар бұдан былай клиенттерден қағаз өтініштер беруді талап етпейді, сондай-ақ өтініштер қабылданғаннан кейін берілетін қағаз қолхаттары мен қағаз жеткізгіштердегі нәтижелер жойылады. Оның орнына клиенттер SMS алады.

 

Қазақстанда осындай жеті фронт-офис бар екендігін айта кету керек. Олардың негізгі мақсаты – ХҚКО-ларда өзіне-өзі қызмет көрсету үшін жағдай жасау және азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру. Цифрлық форматта қазақстандықтарға 1260 немесе 92% мемлекеттік қызмет қолжетімді.