«Қазақтелеком» жергілікті кәсіпкерлерді ауылдарға интернет тартуға шақырады

«Қазақтелеком» жергілікті кәсіпкерлерді ауылдарға интернет тартуға шақырады

Цифрлық трансформация аясында «Қазақтелеком» АҚ «Ауылдағы цифрлық серіктес» жобасын іске қосты. Бұл жобаға кез келген отандық кәсіпкер қатыса алады. «Қазақтелекомның» бұл бастамасы қос бірдей мәселені шешуге көмектеседі: ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға және елді мекендерде, соның ішінде шалғайдағы ауылдарда телекоммуникация желісін жүргізу ісін жеделдетуге ықпал етеді. Жобаға қосылу және байланыс операторының серіктесі болу үшін Ismet.kz бизнес-платформасында ынтымақтастыққа өтініш беру қажет.

Еліміздің кез-келген өңірінің кәсіпкері «Қазақтелекомның» серіктесі бола отырып, табысты бизнес түріне ие болып қана қоймай, тұрақты табыс көзін тауып, өздерін жергілікті байланыс провайдері ретінде сынап көруге мүмкіндік алады. Жоба аясында кәсіпкерлер талшықты-оптикалық байланыс желілерінен бастап әрбір үйге немесе ұйымға дейін желілерді өз бетінше тартып, интернетпен қамтамасыз етеді және телекоммуникация қызметіне ай сайын абоненттік төлем алады. Сонымен қатар, жобаға ШОБ сегментінің барлық өкілдері қатыса алады.

«Шынымен де, жобаға кез келген қазақстандық шағын және орта бизнес өкілдері Ismet.kz цифрлық платформасында өтінім толтыру арқылы қатыса алады. Осы жобаның арқасында біз бүкіл ел бойынша желілерді белсенді түрде салуды және ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету арқылы ауыл мен қала тұрғындары арасындағы цифрлық алшақтықты барынша азайтуды жоспарлап отырмыз. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп, шалғай аймақтарда кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік беретін жаңа бастаманың әлеуметтік маңыздылығын да атап өткен жөн», - деп түсіндіреді «Қазақтелеком» АҚ Корпоративтік бизнес бөлімінің бас директоры Алмат Қараманов.

Еске сала кетейік, компания жобаны өткен жылы пилоттық режимде іске қосқан болатын және сол кезеңнен бері сынақтан өтіп, кем-кетігі түзеліп, реттелгеннен кейін бүгінде «коммерциялық пайдалануға» енгізілуде. Тестілеу кезеңінде кәсіпкерлерге абоненттік базаны қосу және одан ай сайынғы төлемнің бір бөлігін алу ұсынылды, бірақ бүгінде жаңа ережеге сәйкес серіктес абоненттік төлемдерді түгелдей дерлік 100% өзіне қалдыруға мүмкіндік алды.. Байланыс операторының мұндай ынтымақтастықтағы мүддесі интернет-трафиктен түсетін табыс болып табылады.

«Ұсыныстың мәні: жеке серіктес – жеке кәсіпкер немесе ЖШС –талшықты-оптикалық желідегі қосылу нүктесінен әр үйге сигнал жеткізу үшін қажетті құрал-жабдықтарды өзі сатып алады, желіні тартып, интернетті сатудан 100% кіріс алады. Серіктестік «Қазақтелекомға» деректерді беру арнасы үшін ай сайынғы белгіленген төлемді ғана төлейді. Ниет білдіргендер Ismet.kz порталында серіктес болуға өтініш беріп, барлық тиісті құжаттарды онлайн толтыруына болады-деп түсіндірді «Қазақтелеком» АҚ Корпоративтік бизнес бөлімінің бас бизнес-сарапшысы Камиль Азнабакиев.

Айта кету керек, «Ауылдағы цифрлық серіктес» жобасын жүзеге асыру ауылдық елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту бойынша ауқымды жобаның аяқталуынан кейін мүмкін болды – «оптика» республиканың 837 ауылындағы 2,5 мың мемлекеттік мекемелер мен бюджеттік ұйымдарға жетті. Бұл қосылу нүктелері жаңа жобаларды енгізуге негіз болды, осы инфрақұрылым арқылы ауылдың барлық тұрғындары жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізе алады. Салынған магистральдық желі негізінде еліміздің ұялы байланыс операторлары өздерінің базалық станцияларын орналастырып, сол арқылы ауыл тұрғындарына жоғары жылдамдықты мобильді интернет қолжетімді болды. Алайда, бұл жоба оптика кірген елді-мекендердің барлығын түгелдей дерлік қамтыған жоқ, бұл ретте әкімдіктер мен мектептер ауруханалар мен полиция бекеттеріне кірген оптикалық базаны пайдаланып, тұрғын үйлерді де жоғары жылдамдықты интернетпен қамту мүмкіндігін пайдалануға болады. Сондықтан «Қазақтелеком» ұялы байланыс операторларының жобасымен қатар Wi-Fi-радиокөпір технологиясын қолданатын желілерді салуға кірісті. Схема қарапайым: ауыл тұрғындарының үйлерінде орнатылған қабылдау модемдеріне сигнал тарататын талшықты-оптикалық желіге қосылу нүктесінде қуатты процессор мен таратқыш орнатылады. Нәтижесінде сигналды қашықтыққа 150 Мбит/с дейінгі жылдамдықты сақтай отырып, 1-ден 10 км-ге дейін таратуға болады. Бұл ретте Wi-Fi радиокөпірі интернетке қосылып қана қоймай, IPTV (сандық телевидение) және VoIP (телефония) сияқты қызметтерді толық пайдалануға мүмкіндік береді.

Серіктестікке өтінім беруге және барлық ілеспе құжаттарды онлайн режимде Ismet.kz сайтында рәсімдеуге болады.