Қарағандыда "Senim 109" бірыңғай үйлестіру орталығының тәулік бойы жұмыс істеуін қамтамасыз ету жоспарлануда

Қарағандыда "Senim 109" бірыңғай үйлестіру орталығының тәулік бойы жұмыс істеуін қамтамасыз ету жоспарлануда

"Senim 109" бірыңғай үйлестіру орталығы өз жұмысын тестілік режимде 2019 жылдың 25 қарашасында бастады. Осы уақыт ішінде "109" бірыңғай нөміріне Қарағанды қаласының тұрғындарынан 2500-ден астам өтініш келіп түсті. Тәулігіне операторлар шамамен 200 мәселені өңдейді. Бүгін, 16 қаңтар күні, бірыңғай call-орталық мамандары өз жұмысы туралы толығырақ айтып берді. 

 

"Senim 109" қызметінің операторлары күн сайын сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Орталық қызметкерлері екі ауысымда 10 адамнан жұмыс істейді, оның ішінде операторлар, бағдарламашы және психолог бар.

Бірыңғай call-орталығы директорының міндетін атқарушы Рахат Садуақасов жаңа қызметті құру қажеттілігі қайдан пайда болғанын айтты:

- Қала тұрғындары қандай да бір мәселені шешуге ниет білдіріп, интернет кеңістігінде жауап іздейді. Бір мәселені шешуге недәуір уақыт кетуі мүмкін. Осыған байланысты, Қарағанды облысы әкімдігінің қаулысымен мәселені тезірек шешуге мүмкіндік беретін "Senim 109" бірыңғай үйлестіру орталығы құрылды, - дейді Рахат Садуақасов.

Алғашқы күндері тұрғындардың сұрақтары анықтамалық сипатта болды, қарағандылықтар ауа райының қолайсыздығына байланысты аймақтың қандай жолдарының жабылғанын сұрады. Қазір коммуналдық сипаттағы сұрақтар басым.

Орталық директорының міндетін атқарушы мемлекеттік органдармен және коммуналдық қызметтермен жұмыс регламенттелгенін айтады. Мәселелерімен жүгінген қарағандылықтар жауаптарды заңнамамен белгіленген мерзімдер ішінде алады. Алайда, шешімі жедел іс-қимыл талап ететін мәселелерді бірден шешуге уәде береді.

- Жақында бізге кентте тұратын тұрғындар хабарласты. Олар жедел жәрдем қызметіне хабарласа алмаған. Біздің операторлар Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасымен байланысқан. Ал басқармадағылар өз кезегінде жедел жәрдем станциясына шыққан. Жүгінген азаматтар жедел көмек алды, - дейді Рахат Садуақасов.

Кейбір сұрақтарға орталық операторлары дербес жауап береді. Олар ақпаратты "Ақылды қала" жүйесінен алады, онда көптеген сұрақтар мен жауаптар жиналған. Операторлар жағдайды қосымша анықтауды талап ететін өтініштерді талдау бөліміне жібереді, бөлім мамандары өтінішті сауатты тұжырымдап, оны тиісті мемлекеттік органдарға немесе коммуналдық қызметтерге жолдайды.

"Senim 109" қызметінің тәулік бойғы режимде жұмыс істеуі жоспарланып отыр. Аталмыш қызмет Қарағанды облысын түгелдей қамтитын болады. Сондай-ақ, жақын арада бірыңғай call-орталыққа 112 желісі қосылмақ.