Тұмауға қарсы алдағы жыл сайынғы екпе туралы.
Жыл сайын Қарағанды облысында эпидемиологиялық маусым басталмас бұрын тұмауға қарсы екпе жүргізіледі. 2025 жылы вакцина облысқа жеткеннен кейін, 15 қыркүйектен бастап екпе салу басталады.
Әдетте, қазан айынан бастап облыста тұмау вирустарының таралуы басталады, сондықтан халыққа ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың белсенді өсуі басталғанға дейін алдын ала екпе алу ұсынылады.
Ең алдымен, тұмаудың ауыр түріне шалдығу қаупі жоғары топтағы адамдар (әртүрлі созылмалы аурулармен диспансерлік есепте тұрған балалар мен ересектер, жүкті әйелдер (2-3 триместр), 60 жастан асқан адамдар және т.б.) екпе алуы қажет. Иммунитет қалыптасу үшін шамамен 14 күн қажет болады, сондықтан екпе алуды кешіктірмеген жөн.
Екпе жүргізу үшін «Гриппол плюс» тұмауға қарсы вакцинасының 173 000 дозасы сатып алынды, бұл халықтың шамамен 14,5%-ын қамтуға мүмкіндік береді. Препараттың құрамына вирустардың үш штаммы кіреді («А» (H1N1), «А» (H3N2) және «В» тұмауы). Вакцинаның антигендік құрамы вирустың айналымына және ағымдағы эпидемиологиялық маусымға болжам нәтижелеріне байланысты өзгертіліп отырады.
Тұмаудың пневмония, синусит және гайморит, жүрек ауруы, бүйрек аурулары сияқты асқынулармен қауіпті екені белгілі. Көбінесе тұмаумен ауырған адамдардың созылмалы аурулары асқынып кетеді.
Тұмау жүктілік кезінде де өте қауіпті, себебі ол иммундық жүйенің жағдайына айтарлықтай әсер етіп, оны әлсіретеді. Вирустар ең алдымен плацентаға зақым келтіретіндіктен, бұл фетоплацентарлық жетіспеушілікке (плацента мен ұрық арасындағы қан айналымының бұзылуына) әкелуі мүмкін, нәтижесінде ұрықтың гипоксиясы пайда болады.
Есте сақтау керек - жүкті әйелдерді тұмауға қарсы вакцинациялау тек ананы ғана емес, болашақ сәбиді де қорғайды. Жүктілік кезінде екпе алған әйел тұмауға қарсы антиденелерді плацента арқылы ұрығына жібереді. Екпе алған анадан туылған нәресте кем дегенде 6 ай бойы тұмаудан қорғалады. Көпжылдық зерттеулер жүкті әйелді тұмауға қарсы вакцинациялау ұрық пен нәрестенің дамуына, сүт беру кезеңінің ұзақтығына теріс әсер етпейтінін дәлелдеген.
Сонымен қатар өз бетінше емделуге болмайтынын ескертеміз. ЖРВИ белгілері байқалса және денсаулығыңыз нашарласа, дер кезінде медициналық көмекке жүгініңіз.
Дене қызуы жоғарылап, тұмау белгілері байқалса, үйде қалып, учаскелік дәрігерді шақырған жөн. Егер медициналық мекемеге бару қажеттілігі туындаса, айналаңыздағыларға жұқтырмау үшін міндетті түрде бір реттік маска киіңіз.
Балаларға қызу түсіретін және қан тамырларын тарылтатын дәрілерді қолдануда ерекше сақ болу керек. Тағайындалған емдеу жоспарын қатаң ұстану қажет, әйтпесе артық дозалану және өлімге дейін апаратын асқынулар болуы мүмкін.
Тұмаудың ең тиімді алдын алу шарасы - эпидемия алдындағы кезеңде (қыркүйек-қараша) жүргізілетін вакцинация.
Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы барлық ниет білдірушілерді тіркелген жері бойынша емханаларда тұмауға қарсы тегін екпе алуға шақырады.
Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының
Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің бас маманы
И.А. Князева