Министрдің айтуынша, жыл аяғында жұмыссыздық деңгейі 6,1% болуы ықтимал. Себебі ағымдағы жылы 1 млн 220 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл жоспар бірнеше мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге аспақ. Соның ішінде жаңа «Жұмыспен қамтудың жол қартасы» аясында 255 мың жұмыс орны құрылмақ. Бүгінде Жол картасына кірген 6,5 мың жобаның 5,3 мыңы басталып, 103 мың жұмыс орны ашылды. Оның 35%-ы жастар. Жұмыстар маусым айынан бастап қарқын алады.
Жобаларға қатысатын 255 мың адам 210 млрд теңге жалақы мен әлеуметтік төлемдер алады. Бұл өз кезегінде 1 млн-ға жуық адамның табысына әсер етеді. Мұның сыртында Жол картасы аясында отандық кәсіпорындарға 700 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетіледі, 23 мыңнан астам орта және шағын бизнес субъектілері тапсырыс алып, кемінде мыңдаған жұмыс орнын сақтап қалады.
Сонымен қатар болашақта халықтың игілігіне тиетін, әлеуметтік актив болып қалатын 615 жаңа нысан салынып, халықтың өмір сүру сапасына қатысты көптеген әлеуметтік мәселелер оң шешіле бастайды. Нәтижесінде «Жол картасының» жобалары алдағы уақытта межелес салаларда 100 мыңнан астам тұрақты жаңа жұмыс орнын құруға негіз қалайды.
Мұның сыртында «Нұрлы жер», «Бизнестің жол картасы», «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту», «Цифрлы Қазақстан» секілді басқа да мемлекеттік бағдарламалар аясында бүгінде қосымша 93,4 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Оның басым бөлігі құрылыс, сауда және ауыл шаруашылығы салаларына тиесілі. Жыл аяғына дейін аталған бағдарламалар бойынша барлығы 364 мың жұмыс орны құрылады.
Еңбек министрі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға ерекше екпін түсірді. Бұл бағдарламаны іске асыруға 2020 жылы 176 млрд теңге қарастырылғанын айтты.
«Жыл басынан бері 225 мың адам бағдарламаға қатысты жергілікті жұмыспен қамту орталықтары арқылы 184 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның 99 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты» деді Б.Нұрымбетов.
Ал 6 мыңнан астам адамға бизнесін дамытуға шағын несиелер мен гранттар берілді. Электронды еңбек биржасы арқылы
97 мың адам жұмысқа орналасты, оның ішінде 46 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты. Ағымдағы жылы бағдарламаның барлық құралдары арқылы 600 мың адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарлануда. 13 мыңнан астам жобаға жеңілдетілген шағын несие беру көзделген.
Жұмыссыз азаматтарға, бірінші кезекте жастарға еңбек нарығында өз орнын табуға қолдау ретінде бағдарламада кәсіптік оқытудың бірқатар түрлері қарастырылған. Жыл аяғына дейін жаңа кәсіптерді, дағдыларды игеремін деген 100 мыңнан астам жұмыссыз азаматтарға осындай мүмкіндік беріледі.
Жұмыссыздыққа қатысты әлеуметтік қорғау шараларының бірі – мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары. Әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар бір жылға дейін жұмыспен қамтуға, жас түлектерге алғашқы кәсіби тәжірибе алуға мүмкіндік береді.
«Өңірлер бойынша бағдарламаны орындау қарқыны жаман емес. Жоспарланған 211 мың жұмыс орнынан 40%-ы құрылып, 84 мың адам еңбекпен қамтылды» деді министр.