
2025 жылғы 11 ақпанда сағат 15:00-де Қарағанды қаласының Достық үйінде студент жастармен TEDx форматында кездесу өтті.
Іс-шараның мақсаты – жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, адалдық, парасаттылық және азаматтық жауапкершілік қағидаттарын дамыту. Қысқа, бірақ мазмұнды баяндамалар арқылы спикерлер өз тәжірибелерімен, білімдерімен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жолдары туралы ойларымен бөлісті.
Кездесудің негізгі спикері ретінде Қарағанды облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының орынбасары Қошанов Ерлан Жұмабекұлы сөз сөйледі. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың практикалық аспектілері, белсенді азаматтық ұстанымның маңыздылығы туралы айтып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Кездесу интерактивті форматта өтті: колледж студенттері мен қала жастары адалдық, әділдік және заманауи қоғамдағы жауапкершілік мәселелерін талқылады. Жастардың бұл тақырыпқа үлкен қызығушылық танытуы сыбайлас жемқорлыққа қарсы құндылықтарды қалыптастыруда осындай іс-шаралардың маңыздылығын көрсетеді.