
Қазақ ой-санасының ХІХ ғасырдағы биік шыңы, ғұлама, ойшыл, хакім, «соқтықпалы, соқпақсыз жерде» халқының игілігі үшін қажымай еңбек еткен, мәдениет пен өнер-білімнің шамшырағы Абай Құнанбайұлы – қазақ үшін парасат биіктігінің, ақыл-ой кемелдігінің, адамгершілік пен рухани байлықтың биік өлшемі.
Ұлы Абай мұрасы халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы екені хақ. Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары, Абайды тану, бағалау, насихаттау, оқыту қоғамдық ой-санада тың серпілістер туғызып, мақсаткерлікке жұмылдырары анық.
Заман, уақыт талабына орай ұлы ойшылды жаңа қырынан тану, ғылыми тұрғыдан тың байламдар жасалу мақсатында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аталып өтілуде. Мемлекет басшысының қаулысымен 10 тамыз «Абай күні» болып бекітіліп, ресми мерекелер қатарына кіруі - ұлтымыз үшін мақтанарлық жайт.
Қарағанды облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен кемеңгер ақынның мерейтойына байланысты жыл басынан бері ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Абай ұрпақтары» тақырыбында байқау, абайтанушы Омар Жәлелұлымен «ХХІ ғасырдағы Абай актуалдығының сыры неде?» тақырыбында сұхбат, «Кемеңгер бала» атты мектепке дейінгі балалардың облыстық байқауы, «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан...» тақырыбында эссе байқауы, «Абай оқулары», «Хакім Абай даналығы» тақырыбында жоба қорғау сайысы, «Абай ұрпақтары» тақырыбында облыстық қашықтық байқауы, «Адамгершілік және рухани тазалық» тақырыбында дебат т.б. шаралар өткізілді. Сондай-ақ ақын өлеңдері мен қарасөздерін жатқа оқудан челлендж ұйымдастырылды. Ұйымдастырылған іс-шаралар той тойлау үшін емес, жас ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, рухани қазығын арттыру мақсатында өткендігі айқын.
Ұлы ақынның мерейтойына байланысты өтілетін іс-шаралар жалғасын одан әрі таба берері сөзсіз.
Хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамдардың бірі екені айқын.
Абайдың ойшылдығы, адамгершілігі, ұлылығы өшпейді. Имандылықтың темірқазығы, парасат мектебі, адамгершілік ұстанымы тоғысқан Абай мұралары ұлтымызбен бірге жасайды.