Қарағанды облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті «Онлайн бюджеттік мониторинг» модулі аясында білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт салаларында еңбекақы төлеуге бағытталған бюджеттік қаражаттың пайдаланылуын бақылауды күшейту мақсатында еңбекақы төлемдерін тәуекел бейіндері бойынша тұрақты негізде мониторингтеуді жүзеге асырады.
Тәуекелдер расталған жағдайда жедел шаралар қабылдау үшін мониторинг объектісіне еңбекақыны есептеудің дұрыстығын растайтын құжаттарды ұсыну қажеттігі туралы жауап хаттар (хабарламалар) электрондық форматта жіберіледі, сондай-ақ бюджеттік бағдарламалар әкімшісі хабардар етіледі. Тәуекелдер расталған жағдайда бюджеттік қаражаттың негізсіз пайдаланылуын болдырмау мақсатында мониторинг объектісіне тәуекелдерді 10 жұмыс күнінен кешіктірмей өз бетінше жою ұсынылады, ал белгіленген мерзім сақталмаған жағдайда жоспардан тыс аудит жүргізу мәселесі қаралады.
2025 жылы ОБМ арқылы еңбекақы төлемдерін мониторингтеу нәтижесінде 3 280 төлем қамтылды (білім беру саласында – 2 428, дене шынықтыру және спорт саласында – 356, денсаулық сақтау саласында – 256, мәдениет саласында – 240) жалпы сомасы 1 264 млрд.теңге (білім беру – 933 732,8 мың теңге, спорт – 163 500,3 мың теңге, денсаулық сақтау – 85 422,7 мың теңге, мәдениет – 81 577,2 мың теңге), олардың ішінде білім беру, мәдениет және спорт объектілері бойынша 436 төлемге қатысты тәуекелдер расталып, жалпы сомасы 22,2 млн.теңгені құрады. Аталған соманың 17,9 млн.теңгесі немесе 80,6%-ы бюджетке қайтарылды, қалған бөлігі белгіленген кестеге сәйкес өтелуде.
Ағымдағы жылдың қараша айында «Лауазымдар бөлінісінде артық қаражат аудару тәуекелі» расталуына байланысты Қарағанды облысының білім басқармасына қарасты «Ақтоғай ауданының білім бөлімі» ММ-де электрондық аудит жүргізілді. Аудит барысында орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі секретарь-машинист, директордың әкімшілік-шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары, секретарь-іс жүргізуші, шаруашылық меңгерушісі және кітапханашы лауазымдарына қабылданғаны анықталып, негізгі жұмыс орны мен қосымша жұмыс бойынша күнделікті жұмыс уақытының жиынтық ұзақтығы белгіленген нормадан 4 сағаттан артық асқан. Сондай-ақ еңбек өтілін асыра көрсету және қосалқы лауазымдар бойынша ерекше еңбек жағдайлары үшін үстемақы есептеу фактілері анықталды. Нәтижесінде артық төлемдердің жалпы сомасы 3,0 млн теңгені құрады.
Аудит барысында анықталған негізсіз төлемдер бюджет кірісіне толық көлемде қайтарылды.
Жүргізіліп отырған жұмыс бюджеттік қаражаттың нысаналы жұмсалуын бақылаудың қолданыстағы жүйесінің тиімділігін растайды және негізсіз төлемдер тәуекелдерін уақтылы анықтауға әрі жоюға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл қаржы ресурстарын ұтымды пайдалануға және бюджеттік процестердің ашықтығын арттыруға ықпал етеді.