
Ағымдағы аптаның соңында Премьер-Министрдің орынбасары Роман Васильевич Скляр мен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Махмұдұлы Қасымбектің Балқаш қаласына жұмыс сапары болды. Сапар бағдарламасының негізгі мәселесі- "Қарағанды-Балқаш" және "Балқаш-Бурылбайтал" учаскелерінде республикалық жол құрылысының барысы.
Облыс әкіміне қаламызда "Бизнестің жол картасы"жобаларының жүзеге асырылу барысы туралы баяндадым. Олардың ішіндегі ең ірісі Балқаш жылу-электр орталығынан "Қоңырат" шағын ауданына дейін 3000-нан астам жерлестеріміз тұратын жаңа магистраль құрылысы. Жобаны іске асыру есебінен келесі жылы біз жұмысшы кентінің, 64 және 90 кварталдардың, сондай-ақ Балқаш станциясының тұрғындарын орталық жылумен қамтамасыз ете аламыз. Жобаны жергілікті мердігер ұйым жүргізуде, онда 123 балқаштық жұмысқа орналасты.
Жаңа желі шағын аудан тұрғындарын сапалы жылумен қамтамасыз етіп, мұнда жаңа үйлер мен әлеуметтік нысандар салуға мүмкіндік пайда болады. Ал алдағы жылыту маусымына дейін орталық қазандықта барлық қажетті жөндеу жұмыстарын жүргіздік.
Жеңіс Махмұдұлын Сейфуллин көшесіндегі 1 - үйді қалпына келтіру барысымен таныстырдым, онда Балқаш инвесторы қараусыз қалған бес қабатты жатақханаға жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Үйде кезекте тұрғандар қатарынан 30 көп балалы отбасы үшін бөлмелер қайта жоспарланды. Сонымен қатар, аула аумағын абаттандыру жұмыстары басталды. Жұмысты жергілікті мердігер – "Гарант"ЖШС жүргізеді.
Жалпы, тұрғын үй құрылысының көлемін арттыру есебінен ағымдағы жылы 120-дан астам балқаштықтар қоныс тойын тойлайды. Өткен жылмен салыстырғанда көлем екі есеге артты.
Қаланың Орталық саябағын реконструкциялау биылғы жылдың маңызды жобаларының бірі. Жоба аясында 7 мың шаршы метр брусчатка төселіп, 2 км астам суару құбыры жүргізілді, жүйе сәтті сынақтан өтті. Субұрқақтың тостағаны қалпына келтірілді, енді біз фигураны орнатып, оны қосу үшін жұмыстарды жалғастырамыз, 2 қоғамдық дәретхана салынды, ойын кешені орнатылды. Екі спорт алаңына арналған аумақ дайындалды. Құрғақ ағаштарды кесу, аумақты тазалау жұмыстарына кірістік. Күзде 2 мыңға жуық ағаш отырғызу акциясын өткіземіз. Нысанды қазан айының басында тапсыруды жоспарлап отырмыз.
Жұмыс сапары "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында "Шаңырақ"отбасын қолдау орталығының ашылуымен аяқталды. Бұл қиын жағдайға тап болған және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балаларға арналған уақытша баспана. Мұнда оларға заңгерлердің, психологтардың, медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің көмегі қамтамасыз етіледі. Қажет болса, аналарға курстардан өтуге және жұмысқа орналасуға көмектеседі. Бұл "Қоңырат" корпоративтік қорының кезекті әлеуметтік жобасы және меценаттар мен мемлекет әріптестігінің жақсы үлгісі.