Қазақмыс қызметкерлерін әлеуметтік қорғауды күшейту үшін жаңа ұжымдық шартқа қол қойды

Қазақмыс қызметкерлерін әлеуметтік қорғауды күшейту үшін жаңа ұжымдық шартқа қол қойды

2025 жылғы 22 қаңтарда «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС 2025-2029 жылдарға арналған жаңа Ұжымдық шартқа ресми түрде қол қойды. Жаңа құжатта компания басшылығы мен кәсіподақтардың ұсыныстары ғана емес, қызметкерлердің де талабы ескерілген. 2025-2029 жылдардың Ұжымдық шарты қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейтуге және корпоративтік әлеуметтік саясатты дамытуға бағытталған.

Қызметкерлер мен олардың отбасына көрсетілетін қолдау шараларының аясын айтарлықтай кеңейту негізгі жетістіктердің бірі болды. Көптеген өзгерістерге компания өзі бастамашылық жасады, бұл оның өз қызметкерлерінің әл-ауқатына инвестиция салуға дайын екенінің белгісі.
Ұжымдық шартқа енгізілген жаңашылдыққа сәйкес, бала дүниеге келген кездегі төлемдер бұрынғы шартпен салыстырғанда бес есе өседі. Осындай төлемдер некелерін қидырған қызметкерлерге де қарастырылады. Сондай-ақ жұмыскерлерді, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырғандарды қолдаудың жаңа шаралары енгізілді.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма Төрағасы Нұрахмет Нуриев атап өткендей, бұл корпоративтік құжат қана емес, жағдайды терең түсінуге және компания ішіндегі жұмысты талдауға негізделген қажырлы еңбектің, күрделі талқылаудың нәтижесі. Жаңа ұжымдық шартқа қол қою қызметкерлердің әл-ауқатын сапалы түрде жаңа деңгейге шығарады және қызметкерлер мен олардың отбасыларының әлеуметтік тұрғыдан қосымша қорғалуын қамтамасыз етеді.
«Біз, барлығымыз – үлкен ұжымбыз және әрқайсымыз адамдардың қауіпсіз ортада жұмыс істеуіне мүдделіміз. Қауіпсіздік техникасы – біз үшін ең бірінші басымдық. Екінші басымдық – қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуы. Үшіншісі – экономиканы қамтамасыз ететін және бүгінгі таңда қолға алып отырған барлық жақсы бастамаларды қолдайтын кәсіпорындардың өнімділігі», – деп атап өтті Нұрахмет Нуриев.