
"Балқаш" қалалық спорт клубының спортшысы Рамазан Нұрлыбаев Алматы облысында өткен оқу жаттығу жиынының қорытындысы бойынша бокстан Қазақстан жастар құрама командасының қатарына алынып, келесі аптада әлем чемпионатында өнер көрсететін болды.
Дүниежүзілік дүбірлі дода 14-26 қараша аралығында Испанияның Ла-Нусия қаласында өтеді. Рамазанмен қатар Испания жерінде еліміздің намысын тағы да төрт балқаштық боксшы қорғамақшы.
63,5 келі салмақта шаршы алаңға Мадияр Тайпақов шығатын болса, қыздар арасында «Балқаш» қалалық спорт клубының тағы екі өкілі Гүлназ Бөрібаева мен Камила Бажбенова чемпиондық атақ үшін таласатын болады.
Біздің спортшыларымыз қалай өнер көрсететіне қарамастан, бұл жетістікті Балқаш бокс мектебі үшін тарихи оқиға деуге болады. Балқаштық жас боксшылар араға 29 жыл салып әйгілі жерлесіміз, Атланта Олимпиадасының чемпионы, Баркер Кубогының иегері В. Жировтың жетістігін қайталауы әбден мүмкін.
Еске сала кетсек, 1993 жылы Василий Жиров 19 жасында өзінің алғашқы әлем біріншілігіне барып қола жүлдемен оралған болатын.