
Балқаш қаласының тарихы өз еңбектерімен және игі істерімен туған жерінің дамуына және гүлденуіне ықпал еткен тұрғындардың есімдеріне бай. 5 қараша күні қала әкімі Қ.А.Қамзиннің, ардагерлердің, спортшылардың, туыстары мен жақындарының, достарының, әріптестерінің қатысуымен бокстан ҚазКСР спорт шебері, Балқаш қаласының бокс федерациясының бірінші президенті, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» белгісінің және Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалінің иегері, кәсіпкер әрі меценат-Тілеугерей Исламұлы Маканалинге арналған мемориалдық тақтаның ашылуы өтті. Мемориалдық тақта Т.И.Маканалин алғашқы басшылық еткен «Балқаш» қалалық спорт клубы» КМҚК дене шынықтыру-сауықтыру кешені ғимаратының қасбетіне орнатылды. Мемориалдық тақтаның ашылу салтанатында қала әкімі Қ.Камзин сөз сөйлеп, Т.И.Маканалин өзінің бар ғұмырын спорттың қалыптасуына, дамуына және қолдауға арнағанын, сарқылмас қуаты мен еңбексүйгіштігімен, іске адалдығымен және ұйымдастырушылық қабілетімен, адамдарға деген мейірімділігі мен құрметімен көзге түскенін атап өтті. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет ардагері Қ.Г.Тейлянов, Т.И.Маканалиннің ағасы Е.А.Урбисинов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бірнеше дүркін ҚазКСР чемпионы, бокстан КСРО кубогының жеңімпазы және КСРО және Азия чемпионаттарының жүлдегері, халықаралық турнирлердің жеңімпазы Н.Т.Қалыбаев ыстық лебіздерін білдірді. Ісшара соңында қала әкімі мен Е.А.Урбисинов өзінің кіші Отанының патриоты болған Тілеугерей Исламұлы Маканалинді еске алуға арналған мемориалдық тақтаның ашылу рәсімін жасады.