Қаланы аралады

Қаланы аралады

16 қарашада қала әкімі Ораз Тәуірбеков тұрғындардан келіп түскен сауалдар бойынша қаланы аралады. Шаһар басшысы алдымен Балқаш станциясындағы Степная көшесінің тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар жылу жүйесін тарту, көшені жарықтандыру, орталық кәріз жүйесін тарту және тағы басқа мәселелерді алға тартты. Мәселелерді ескерген қала басшысы көшені жарықтандырудан бастайтынын жеткізді. Ол үшін қалалық ТКШ бөліміне «Балқашэнерго» КМК бірлесе техникалық шарттарды алып, жарықтандыруды тапсырды. Ал, қалған мәселелер арнайы жоба мен есептеулерді қажет етеді. Сондықтан ТКШ бөліміне жобалық сметалық құжаттама әзірлеу міндеттелді. Әзірленген құжаттама негізінде алдағы уақытта тиісті шешімдер қабылданатын болады.

Қала әкімі одан әрі Қараменде би көшесі, 8 үйге барды. Мұндағы тұрғындар терезе астына дүкеннің кіреберісіне қосымша жапсырма жұмысын жүргізгендерге шағымданған болатын. Осыған дейін жер қатынастары бөлімінің өтініші бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы арқылы тексеріс жүргізілген.  Нәтижесінде заңсыз құрылыс жұмыстарын жүргізген жеке кәсіпкерге бұзу бойынша нұсқау берілген. Ал, көрші пәтер тұрғындарына келтірілген залал бойынша жеке кәсіпкер өз есебінен қайта қалпына келтіру жұмыстарын қолға алды.

Қала әкімі жұмыс сапарының барысында Сейфуллин көшесі, 36 а үйдің тұрғындарының мәселесін де қараусыз қалдырмады. Мұнда Сейфуллин көшесі, 34 жатақханасындағы тұрғындардың рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс шығару мәселесі қаралды. Қала әкімі тәртіп орнату үшін учаскелік полицияға аталмыш мәселені бақылауға алып, тәртіп бұзғандарға әкімшілік жаза қолдануды тапсырды. Аула аумағына бейнебақылау камерасы орнатылып, қолданылған жаза БАҚ-та жарияланады. Ал, құрылыс қоқыстары аулаға абаттандыру жұмысын жүргізген мердігер ұйымы арқылы тиісті орынға шығарылатын болады.