
Балқашта оңалту орталығы ашылды
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Наурыз күнін мерекелеу аясында Балқашта жаңа оңалту орталығы ашылды.
Жоба Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы мен "Балқаш медициналық орталығы"ЖШС-нің жеке серіктесі арасындағы мемлекеттік жеке серіктестік аясында жүзеге асырылды.
Жобаны іске асыруға жұмсалатын шығындар 73 миллион теңге жекеше әріптестің инвестициялары есебінен қамтамасыз етілген.
Бұл Балқаштағы бірінші және жалғыз оңалту орталығы, ол ересек пациенттердің денсаулығын нығайтуға және қалпына келтіруге, оларды басынан өткерген аурулардан кейін толық жұмысқа қабілеттілігіне қайтаруға бағытталған қызметтердің кең спектрін ұсынатын болады.
Мұнда орталық және перифериялық жүйке жүйесінің аурулары, қан айналымы жүйесі, жарақаттар, жүрекке, миға, буындарға хирургиялық араласудан кейін қозғалыс бұзылыстары бар науқастар емделеді.
Бұған дейін жыл сайын Балқаштың 700-ге жуық пациенті облыстық клиникаларға оңалту еміне жіберіліп, емдеу кезегі жоғары болатын. Енді көмектің бұл түрі Балқашта да қолжетімді болады.
Оңалту орталығы 40 төсекке есептелген, ауданы 1700 шаршы метр үш қабатты ғимаратта орналасқан.
Бірінші қабатта тіркеу орны мен лифт, екінші қабатта оңалту терапиясынан өтуге арналған медициналық жабдығы бар залдар, үшінші қабатта емшара кабинеттері мен тәулік бойы болуға арналған палаталар ұйымдастырылған.
Орталық заманауи медициналық және технологиялық жабдықтармен – механоаппараттармен, тренажерлармен, физиотерапияға, емдік дене шынықтыру мен массажға арналған жабдықтармен жабдықталған.
Й
Штат білікті медициналық кадрлармен жасақталған, оның ішінде 6 дәрігер және 14 орта медициналық персонал.
Оңалту орталығында ай сайын 80-нен астам адам кешенді оңалтудан өтеді. Ауруханаға жатқызуға Приозерск қаласының, Ақтоғай және Шет аудандарының жақын елді мекендерінен пациенттер қабылданатын болады.
Емделушілерге стандарттар мен клиникалық хаттамаларға сәйкес емдік гимнастика (кинезотерапия), механотерапия, тыныс алу гимнастикасы, эрготерапия, дәрі-дәрмектік терапия жүргізіледі.
Оңалту орталығының ашылуымен науқастар мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту және олардың осы ауру кезінде барынша мүмкін болатын физикалық, кәсіби, Әлеуметтік және экономикалық толыққандылыққа қол жеткізуі үшін жан-жақты көмек алу мүмкіндігі пайда болады.