
Сіздерді шын жүректен 1 қазан – Халықаралық қарттар күнімен құттықтаймын!
Адам баласы қазыналы өткенімен, мағыналы бүгінімен және жарқын келешегімен өмір сүреді. Осы орайда тәжірибесі мол аға буынның өмір жолы біз үшін аса құнды.
Бабаларымыз «Қариясы бар ел – қазынасы бар ел» дейді. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың орны біз үшін бөлек. Себебі қаламыздың өсіп-өркендеуіне әрқайсыларыңыздың қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен.
Талай жасты тәрбиелеп, ізбасарларыңызды өсірдіңіздер. Бүгін, еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да Сіздер ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым мен парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер.
Ақыл-кеңестің, үлгі-өнегенің сарқылмас кенішіндей болған қарттарымыз сіздер, аман-есен жүргейсіздер!
Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, құт-береке тілеймін!
Ораз Тәуірбеков, Балқаш қаласы әкімі