Елімізде егемендік таңы атқан күннен жаңа «тәуелсіз ел» мәртебесімен бірге мемлекетімізге біршама үлкен жауапкершіліктер артылды. Жауапкершіліктің маңыздысы мемлекетті дағдарыстан аман алып шығу,одан кейін оны өркендету еді. Өркендеуге қол жеткізуге тұтас халық болып ат салысылды десек, бұл тұста мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге үнемі көңіл бөлінуі де өзінің зор үлесін тигізгендігіне тоқталмай кете алмаймыз.
2015 жылы қабылданған «Ұлт жоспары –100 нақты қадамның» алғашқы он бес қадамы кәсіби мемлекеттік аппарат құруға қол жеткізуге көзделгендігі баршаға мәлім.
Өз кезегінде, осы көзделген мақсатқа қол жеткізуге ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйі өз әсерін тигізіп қана қоймай, сонымен қатар қызметшілердің жұмысқа деген құлшынысы мен көзқарасын және еңбек жағдайына қанағаттандырушылығын көрсететіні сөзсіз. Сондықтан, ұжымның көңіл-күйі мемлекеттік аппараттың тиімді және сапалы жұмыс жасауына ықпал ететін факторлардың бірі болып саналады.
Кәсіби мемлекеттік аппарат құруға бағытталған қадамның бірін орындау үшін Мемлекеттік қызметшілерінің жаңа әдеп кодексі қабылданған болатын. Әдеп кодексіне сәйкес басшылар қарамағындағы қызметшілермен қарым-қатынас кезінде еңбекті, денсаулықты қорғауға, тиімді қызмет ету үшін қауіпсіз және қажетті жағдайларды жасауға, сондай-ақ қызметшілердің ар-намысы
мен қадір-қасиетін кемсітушіліктің және қол сұғушылықтың кез-келген нысандарын болдырмайтын қолайлы моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыруға бағытталған шараларды қабылдауға міндетті.
Осыған орай, ұжымда қолайлы ахуал орнату үшін басшылар бірінші кезекте қызметшілерге жұмыс жасау үшін қажетті жағдайларды жасаулары қажет (оргтехникаларамен қамтамасыз ету, қызметшілер арасында міндеттерді дұрыс бөлу, қызметшілерді жұмыстан тыс уақытта жұмысқа тартпау және т.б.).
Сонымен қатар, бірінші басшылардың мінез-құлығы, жүріс-тұрысы және жеке қасиеттері де нағыз мемлекеттік қызметшінің деңгейінде болуы тиіс. Себебі, басшыға байланысты ұжымда қолайлы және жемісті моральдық-психологиялық ахуал орын алуы да немесе ұжымда жанжал алаңының орнаталуы да әбден мүмкін.
Бұдан бөлек, басшының бақылауында болуы тиіс дүние, ол басқа мемлекеттік қызметшілердің әрекеттері немесе әрекетсіздігі болып табылады. Бұл ретте, басшылар тұрақты түрде ұжымның жағдайын бақылап, аппараттың тиімді жұмыс жасауына кері әсерін тигізетін фактілерді уақытында анықтап, оларды жою үшін тиісті шаралар қабылдап отыруы тиіс.
Сонымен қатар, басшылар үнемі ашық болуы, бағынысты қызметкерлермен тікелей байланыста болуы және олардың пікірлерін, ойларын және ұсыныстарын тыңдай біліп, жұмысқа деген ынталандыру құралдарын қолдануы қажет.
Жылдан жылға қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілер азайып келе жатқандығына қарамастан, кейбір мемлекеттік органдар басшыларының қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері әлі де болса орын алып жатады. Тағы бір атап өтетін жайт, ол мемлекеттік орган басшысының әрекетіне қатысты ұжымдық арыздардың түсуі, әрине ол да ұжымда қолайлы моральдық-психологиялық ахуал қалыптаспағынының бір айғағы болып табылады.
Ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін анықтау үшін жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік қызметшілерінің арасында жүргізілген саулнамаға сәйкес 2021 жылы 86% қатысушы ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуал ұнайтынын, 2% ұнамайтынын және 12% әрқашан ұнамайтындығын көрсеткен. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда сәл де болса жақсарып отыр (2020 жылы 84% ұнайтынын, 3% ұнамайтынын, 3% әрқашан ұнамайтынын көрсеткен).
Осыған байланысты, ұжымдағы моральдық психологиялық ахуалды жақсарту үшін Әдеп жөніндегі кеңестің шешімі негізінде бірінші басшылардың жеке жұмыс жоспарларына аталған көрсеткіш енгізілген және жылдың қорытындысы бойынша аталған көрсеткіштің орындалуы бағаланатын болады.
Бұдан бөлек, мемлекеттік органдардағы әдеп жөніндегі уәкілдер де өздеріне жүктелген функцияларын іске асыру барысында ұжымның көңіл-күйіне басты назар аударулары қажет.
Мемлекетке қызмет етуге келген әр азамат өзіне артылған жауапкершілікті толықтай сезініп білуі қажет. Жай ғана сезініп қоймай, өзінің бар білімін, тәжірибесі мен күш-жігерін жұмсағаны абзал. Қоғам мемлекеттік қызметшілердің Отанына адал қызмет етуін және оның моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қоятын ұмытпаған жөн.
Осыған орай, кәсіби мемлекеттік аппарат құру үшін ұжымда қолайлы моральдық-психологиялық ахуал орнатуға бәріміз ат салысайық.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Қарағанды облысы бойынша департаменті
Мемлекеттік қызмет
саласындағы бақылау
басқармасының бас маманы Бахтияр Мағзұмұлы Макеев