Өткен жылдың қорытындысын талдау

өнеркәсіп

Қала экономикасының 88,8 пайызы дәстүрлі түрде өнеркәсіп саласына тиесілі. Бұл саладағы негізгі үлес (80%) «Қазақмыс» корпорациясының еншісінде.

2020 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптік өнім көлемі 454 701,6 млн. теңгені, нақты көлем индексі 103,0%-ға теңесті. Облыс бойынша өнеркәсіптік өндірістің үлесі – 15,6%.

Саладағы жұмыспен қамтылғандар саны – 10356 адам.

2020 жылдың қорытындысы бойынша қаладағы өнеркәсіптік өнім қатарында өңдеуші өнеркәсіптің көлемі 93,5%-ды құрап, 42521162 млн. теңге болды. Нақты көлем индексі 102,1%-ды құрады. Өңдеуші өнеркәсіптегі өсім, 2019 жылмен салыстырғанда келесідей көрсеткіштерге өсті: рафинатты мыс – 4,6 %, алтын – 17,3%, өңделмеген күміс – 10,4%, күкірт қышқылы – 1,1%.

Тау-кен өндірісі мен кеніштерді игеру ісіндегі нақты көлем индексі 106,4% немесе 8 292,6 млн. теңге.

Тау-кен өндірісінде мыс кенін өндіру көлемі 42%-ға азайды (27.12.2019 ж. бастап Қоңырат кенішінде кен орнын игерудің тиімсіздігіне байланысты кен өндіру тоқтатылды).

2021 жылға көзделген өнеркәсіптік өнім көлемі 459 300,0 млн. теңге, нақты индекс көлемі – 104,5%.

ИНВЕСТИЦИЯ

Қала экономикасына 34640,4 млн. теңге инвестиция (2019 жылы – 48771,6 млн. теңге) салынды, нақты көлем индексі – 70,7%.

Инвестиция көлемінің азаюы кәсіпорындарға жекелеген инвестициялардың 2019 жылы салынуымен байланысты (2019 жылы – 41326,5 млн. теңге, 2020 жылы – 25444 млн. теңге).

– «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС (2019 жылы 22760,5 млн. теңге, 2020 жылы – 11500 млн. теңге);

– «КПМ - Дельта» ЖШС қуаттылығы 40 МВт күн электр станциясын салу құрылысы (2019 жылы – 7159,3 млн. теңге, 2020 жылы – 208 млн. теңге).

Бұл көрсеткішке келесі жұмыстар арқылы қол жеткізу жоспарланып отыр:

“KAZ GREEN ENERGY” ЖШС инвестициясы («Қуаттылығы 100 МВт күн электр станциясының құрылысы» жобасын жүзеге асыру) – 26252,1 млн. теңге.

«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС кәсіпорнын жаңғырту, жоспарланған инвестиция көлемі 10333 млн. теңге.

ШОБ кәсіпорындары (өндірісті жаңғырту және қайта құру, 6 көпқабатты тұрғын үй салу және 2 көпқабатты тұрғын үйді қайта қалпына келтіру, т.б.) – 3500 млн. теңге.

Бюджеттік қаражат (4 көпқабатты тұрғын үй салу – 1728,2 млн. теңге, аз қамтылған отбасыларға арнап 42 жалдамалы пәтер сатып алу – 330 млн. теңге, туристік нысандарға ЖСҚ – 109 млн. теңге, 11 ауланы және 3 жаяу жүргіншілер жолын абаттандыру, Тәуелсіздік алаңын абаттандыру – 850 млн. теңге, Қоңырат ДСК – 254 млн. теңге, 15 көпқабатты тұрғын үйдің шатырын, қасбетін жөндеу – 225,9 млн. теңге, 2 автокөлік жолын салу (Иванов, Сәтбаев көш.) – 415, 2 млн. теңге, 7 көшенің жолын орташа жөндеу – 325,7 млн. теңге, №3 жылу желісінің құрылысы – 562,9 млн. теңге) – 7026,9 млн. теңге.

ТАУАР АЙНАЛЫМЫ

Бөлшек тауар айналымының жалпы көлемі 26795,7 млн. теңгені немесе 2019 жылға қарағанда 98,5%-ды құрады.

2021 жылы жеке сауда айналымының көлемін 27 653,2 млн. теңгеге дейін жеткізіп, 3,2%-ға арттыруды жоспарлап отырмыз.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

Өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1963,9 млн. теңгені (2019 жылы – 1798,6 млн. теңге) құрады. Нақты көлем индексі – 101,8%.

Ірі қара мал мен құс етінің өндірісі – 2,2%-ға, сүт – 1,3%-ға, жұмыртқаның өндірісі 0,9%-ға артты.

Мүйізді ірі қараның саны – 1,2%-ға, жылқы саны – 4,8%-ға артса, қой-ешкі саны – 14,6%-ға, құс саны 8,3%-ға кеміген.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің нақты көлем индексі 2021 жылы 105,3%-ға жеткізіледі деген жоспар бар.

Қаланың аграрлық секторын дамытудың негізгі міндеттерінің бірі жеміс-жидек пен көкөніс бағасын ұстап тұруда маңызды рөл атқаратын саяжай, бау-бақша және жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытуға жәрдемдесу болып табылады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушы тасымалдайтын кәсіпорындар өкілдерімен бірге бау-бақша шаруашылығы қоғамдарының жетекшілерімен үнемі кездесулер өткізіліп тұрады. Онда электр қуатына қосылу, сумен қамтамасыз ету және қосымша автобус бағыттарын ашу мәселелері шешілуде.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру мақсатында қалада бірқатар шаралар қабылданды.

Өткен жылы 21 жәрмеңке өткізіліп, онда 190,4 миллион теңгеге өнім сатылды.

Қалаға картоптың 90%-ы, көкөністің 75%-ы, жұмыртқаның 95%-ы және ет пен ет өнімдерінің 99%-ы сырттан әкелінеді. Қала аумағындағы өндіріс көлемі қала халқының қажеттілігін қанағаттандырмайды.

Осыған байланысты бүгінгі таңда дүкен иелерімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрі бойынша ең төменгі сауда бойынша 25 меморандумға қол қойылды.

Әлеуметтік және коммуналдық дүкендердің жалдаушыларымен Қарағанды облысының тұрақтандыру қорынан бөлінген өнімді бөлшек саудада белгіленген бағамен сату туралы меморандумдарға қол қойылды. Желтоқсан айында Саяқ кентінде де әлеуметтік павильон ашылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы және әлеуметтік-коммуналдық дүкендердегі қорлардың болуы үнемі қадағаланады.

2020 жылы ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Сарыарқа» ӘСК-ге 13 өтінім жолданып, қалаға 18,1 млн. теңгенің азық-түлік тауары жеткізілді.

КӘСІПКЕРЛІК

Шағын және орта кәсіпкерлік саласының қала экономикасындағы үлесі 9,1%-ды (немесе 46 590 млн. теңге) құрайды. Шағын және орта кәсіпкерліктің даму қарқыны 98,7% немесе 4397 бірлікті құрайды (2019 жылы – 4456 бірлік), олардың қатарында заңды тұлға – 621, ЖК – 3714, 62 шаруа қожалығы бар.

Жеке кәсіпкерлер санының азаюы қалада карантин енгізумен байланысты болып отыр.

Бұл күні Қарағанды облысы бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылдың 17 қазанындағы №39-қ «Қарағанды облысы бойынша шектеу шараларын күшейту туралы» қаулысына сәйкес, қызметі тоқтатылды:

- Ойын-сауық мекемелері (караоке – 1, бильярд – 4, компьютер клубтары – 6, түнгі клубтар, боулинг орталығы, жабық нысандағы балалар ойын алаңдары мен аттракциондар, батуттары және басқасы);

- Балалар сауықтыру мекемелері, мектепке дейінгі білім беру мекемелері (кезекші топтарды қоспағанда);

- Фудкорттар, банкет залдары – 17;

- Қалалық және қоғамдық жағажайлар, аквапарктер.

«Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласы мәселелері туралы кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылдың 19 шілдесіндегі Заңына сәйкес, кальян орталықтарының жұмысы тоқтатылды. Олардың саны 4 болса, біреуі жұмыс бағытын өзгертіп, кафе ретінде тіркелді.

Сондай-ақ, бұған дейінгі жылдары көше бойындағы сауда-саттыққа (балмұздақ, балалар ойын көлігін жалға беру, поп-корн, т.б.) жаз мезгілінде рұқсат беру барысында кәсіпкерлермен ЖК мәртебесін жаз мезгілінде ғана емес, тұтас жыл бойы ұстауға келісім жасалған.

2020 жылдың басынан бастап «БЖК – 2025» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 166,9 млн. теңгеге төрт жобаны субсидиялау туралы келісім жасалды, нәтижесінде 66 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

«Кепілдендіру» арқылы жалпы көлемі 111,692 млн. теңгеге 11 жоба мақұлданды.

Конкурстық іріктеу арқылы гранттық қаржыландыруға Балқаш қаласы бойынша көлемі 5 млн. теңгелік 1 жоба ілікті.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 2020 жылы «Ахбетов Н.С.» жеке кәсіпкерлігі жұмыс аясын кеңейту үшін (Балқаш қаласында демалыс орнын ашу) субсидия алды. Кредит сомасы – 80,0 млн. теңге, кепілдік сомасы – 14,676 млн. теңге.

Сондай-ақ, осы бағдарлама аясында 2021 жылы «Балхаш Органик Фарм» ЖШС-нің «Тораңғылық кентінде құс фабрикасын салу» жобасын (құс етін және жануарларға азық өндіру) жүзеге асыру көзделіп отыр. (Жоба құны – 400-500 млн. теңге, жоба қуатттылығы – жылына 2400 тонна комбикорм, 375 тонна индейка еті, жаңадан 160 жұмыс орны ашылады).

2020 жылы жастар кәсіпкерлігін дамыту мақсатында жергілікті бюджеттен 13,9 млн. теңге бөлініп, 13 жоба мақұлданды.

Сауда, туризм және қызмет көрсету саласында 285 млн. теңге инвестициялық қаражатқа бизнестің 13 жобасы жүзеге асырылып, 46 жаңа жұмыс орны ашылды.

Пандемия салдарынан 2020 жылы туризм саласындағы көрсеткіштер төмендеді.

2020 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында аталмыш салада 25 274 адамға қызмет көрсетіліп, 2019 жылмен (32 983) салыстырғанда көрсеткіш 76,6%-ды құрады. Қызмет көрсетуші нысандар саны – 34. Орналастыру қызметі 239,1 млн. теңгеге көрсетілді (2019 ж – 310,8 млн. теңге).

ҚАРЖЫ

2020 жылы қол жеткізілген экономикалық өсім бюджетке түсетін түсімдердің артуына тікелей әсер етті. Жоспар бойынша 5,2 млрд. теңге болса, бюджетке 5,8 млрд. теңге түсті. 2019 жылғы бюджеттің кіріс бөлігін орындау қорытындысы бойынша біз 580 млн. теңге көлеміндегі профицитке ие болдық, ол қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының басым және өткір мәселелерін шешуге, оның ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын, инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымды қоса қаржыландыруға, қаланы абаттандыру бойынша іс-шараларға, “Жұмысшы кентінің” жолдарын жөндеуге, коммуналдық меншік нысандарын жөндеуге, Саяқ кентін абаттандыруға және т.б. шараларға бағытталды.

Бюджеттің шығыс бөлігі 99,1%-ға орындалды, 106 млн. теңге игерілмеген қаржыдан 70,5 млн. теңге немесе 66,3% – объективті себептермен (үнем), 35,8 млн. теңге – мердігерлердің шарттық міндеттемелерін орындамауына және мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстардың өткізілмеуіне байланысты.

Бюджет саясатының белгіленген басымдықтарын, облыс әкімінің тапсырмаларын, депутаттардың сауалдары мен ұсыныстарын, қалалық Қоғамдық кеңесінің ұсыныстарын, халықтың өтініштерін ескере отырып, жаңа үшжылдық бюджет қабылданды.

2020 жылға арналған бюджеттің жалпы көлемі 14,8 млрд. теңге сомасында қалыптасты. Түсімдердің ішінде бюджеттің меншікті кірістері 6 млрд. теңгені құрады. 2020 жылдан бастап жергілікті бюд¬жеттің қарамағына шағын және орта бизнестің қосымша корпоративтік табыс салығы берілетін болады.

Мемлекет басшысының бастамасы бойынша микро және шағын бизнесті қолдау және Салық кодексінің тиісті өзгерістеріне байланысты 3500-ден астам балқаштық кәсіпкер табыс салығын төлеуден үш жылға босатылады. Жылдық есеппен бұл сома 230 млн. теңгені құрайды және ол басқа да салық түрлерінің түсімдерімен өтелетін болады.

2020 жылға қалаға 5,6 млрд. теңге көлемінде субвенция және жоғары тұрған бюджеттен 3,1 млрд. теңге көлемінде трансферттер белгіленді. 2020-2022 жылдарға арналған бюджет шығыстарының негізгі басымдықтары әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі дамыту, тиімді жұмыспен қамту деңгейін арттыру, тұрғын үйге, әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қолжетімділікті арттыру, тыныс-тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымды дамытуға бағытталмақ.

Қалалық бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталды. Әлеуметтік салаға жұмсалатын шығыстардың үлес салмағы 2020 жылы бюджеттің жалпы көлемінің 61%-ын құрады, бұл – 9 млрд. теңге.

ЖЕРГІЛІКТІ ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУ БЮДЖЕТІ

2018 жылдан бастап Саяқ кентінде жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті (ЖӨБ) енгізілді (халық саны – 3000 адам). Саяқ кентінің бюджеті 2019 – 195 млн. теңгені, 2020 жылы 179 млн. теңгені құрады.

2020 жылдан бастап Гүлшат кентінде жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті (ЖӨБ) енгізілді (халық саны – 503 адам). Бюджет көлемі – 44,7 млн. теңге.

Жалпы, ЖӨБ бюджетін енгізудің оң жақтары байқалады: кенттердің қаржылық мүмкіндіктері кеңейтілді, кенттер бюджетіне салықтардың 7 түрі берілді, салықты әкімшілендіруге кенттер әкімдіктерінің қызығушылығы артты, салық тәртібінің деңгейі өсті, 2020 жылы Саяқ кентінің салықтық төлемдер көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 4%-ға артты.

Кенттердің бюджеті тұрғындардың бюджеттік процеске тікелей қатысуы кезінде олардың мүдделерін ескере отырып қалыптастырылады, Саяқ және Гүлшат халқының барлығы жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге тартылған.

Жер учаскелерін жалға беруден және сатудан түсетін қосымша түсімдерді кенттерге беру туралы жоғары тұрған органдарға ұсыныс жіберілді.

ҚҰРЫЛЫС

2020 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 28,7 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 165%-ды құрады.

Өткен жылы 14422 ш.м. тұрғын үй пайдалануға берілді.

Биылғы жылы 18 мың ш.м. тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, аз қамтылған отбасылар үшін 42 жалдамалы пәтерді сатып алу көзделген. Бұл мақсатқа бюджеттен бөлінген қаражат көлемі 330 млн. теңгені құрады. Оның ішінде, 236,4 млн. теңге – республикалық бюджеттен, 93,6 млн. теңге – облыстық бюджеттен.

Тұрғын үйлер салынатын аудандарды инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында «Самал» шағын ауданында жоба жүзеге асырылуда. Осы мақсатқа 2021 жылы 1772,3 млн. теңге бөлініп, 320 жер учаскесін тұрғын үй салуға беруге және 2 білім беру насанының құрылысын жүргізуге мүмкіндік туады. Биылғы мамыр айында кезекте тұрған 100 азаматқа жер учаскесін беруді жоспарлап отырмыз.

ТКШ

Қаланы абаттандыру жоспары аясында 2020 жылы ұзындығы 22 шақырым болатын 10 автокөлік жолы жөнделді, бұл жалпы қала жолдарының жағдайын жақсартуға, сондай-ақ Қоңырат шағын ауданына және жолдарды жөндеу қажеттілігін 24%-ға жабуға мүмкіндік берді.

2021 жылы ұзындығы 6,9 шақырым болатын 6 көшенің автокөлік жолдарына орташа жөндеу жүргізу және жалпы сомасы 697 783 мың теңгеге ұзындығы 1 шақырым жаңа жолдар салу жоспарлануда. Бұл жолдардың жағдайын 7,2% - ға жақсартуға мүмкіндік береді.

Тұрғындардың бос уақытын ұйымдастыру деңгейін арттыру мен жаппай балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуда қолайлы орта құру үшін “Менің аулам” бағдарламасы негізінде 12 аула аумағы абаттандырылды

Қала аумағында барлығы 160 аула бар. 2013-2019 жылдар аралығында 70 аула абаттандырылды. 2020 жылы 12 аула аумағы абаттандырылды. Абаттандырылған аула аумақтарын есепке алсақ, аула аумақтарының 51%-ы жайластырылған.

2021 жылы “Прайд М” ЖШС міндетіне алған 2020 жылы аяқталмаған 7 ауланы абаттандыру жоспарлануда.

Аулаішілік және мектептерге, балабақшаларға, дүкендерге, қоғамдық көлік аялдамаларына жаяу жүргіншілер байланыстарын ретке келтіру мақсатында 4 көшеде жаяу жүргіншілер тротуарлары орнатылып, 18,6 мың шаршы метр брусчатка орнатылды.

2021 жылға қаланың келесі көшелерінде 2 жаяу жүргінші жолын абаттандыру жоспарланған: Победоносцев көшесі мен Ағыбай батыр көшесі бойына ұзындығы 1,7 шақырым 3,4 мың шаршы метр брусчатка төселеді, бөлінген қаржы 39 469,0 мың теңге.

30 жылдығына орай БЛКЖО атындағы орталық саябақ пен Абай көшесіндегі саябақты абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

2021 жылы жалпы сомасы 850 млн.теңгеге жалпы ауданы 1,5 га Тәуелсіздік алаңын абаттандыру жоспарлануда.

Жайлы қалалық орта құру және көгалдандыру мақсатында 2020 жылы 1560 ағаш отырғызылды.

Қарағанды облысының 2020-2024 жылдарға арналған экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі Жол картасын орындау үшін 2021 жылы 1700 ағаш отырғызу жоспарлануда.

2020 жылы Уәлиханов көшесі №2, 4, 6, 8, 9 тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларына ағымдағы жөндеу жүргізілді.

2021 жылы Қараменде би көшесіндегі №2,4,6, Ағыбай батыр көшесіндегі №24 тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларына ағымдағы жөндеу, сондай-ақ Шашубай шағын ауданы және Молдағұлова мен Байсейітова көшелерінің бойындағы мәдениет сарайы бойындағы үй ғимараттарының қасбеттерін сырлау жоспарлануда.

Бұдан бөлек, 2020 жылы мердігерлік ұйымдар ұзындығы 10,1 шақырым Тоқырау – Саяқ су таратқышының апатты учаскелерін ауыстыру жұмыстарын орындады. Нәтижесінде су таратқыштағы апаттылық 4,7 есеге төмендеді (жылыту маусымы басталғаннан бүгінгі күнге дейін 17 апат, өткен жылы осындай кезеңде 80 апат болды).

2021 жылы жалпы сомасы 100 млн.теңгеге ұзындығы 3,5 шақырым Тоқырау-Саяқ су тартқышының учаскесіне ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарлануда.

Сонымен қатар Саяқ кентінің ішінде ұзындығы 560 м сумен жабдықтау желілері және 440 м су бұру желілері ауыстырылды. Сондай-ақ, Қоңырат шағын ауданындағы жалпы ұзындығы 1,9 шақырым болатын тоқсандық сумен жабдықтау желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізіліп, апаттылықты 3 есе азайтуға мүмкіндік берді.

Ағымдағы жылы жылу беру маусымына дайындық шеңберінде Балқаш қаласының жылу желілерін жөндеуге 522 млн.теңге мөлшерінде бюджеттік қаражат бөлінді.

Бұл қаражатқа ұзындығы 11,5 шақырым жылу желілері ауыстырылды, оның ішінде: магистральдық желілер-1,5 шақырым, орамдық және орамішілік желілер-10 шақырым.

Жоғарыда аталған барлық жұмыстар көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік берді, атап айтқанда: температуралық кесте 7 градусқа ұлғайтылды (ағымдағы жылы – 92-58/85-55 өткен жылы), беруші құбырдағы қысым 8 атм-ге артты. (Ағымдағы жылы 8.8-2.0 / өткен жылы 8.0-2.0) жылу желілеріндегі апаттылық төмендеді, бұл өткен жылыту кезеңімен салыстырғанда нормативтен тыс ысыраптарды 46% - дан 38%-ға қысқартуға мүмкіндік берді.

2021 жылы “Қарағанды облысындағы Қоңырат шағын ауданның Финская көшесі, Балқаш қаласындағы Октябрьская көшесі кварталішілік жылу желілерінің құрылысы» жобасын іске асыру жоспарлануда. Сондай-ақ жалпы сомасы 116 млн.теңгеге ұзындығы 2,5 шақырым орамдық жылу желілеріне ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарлануда.

“Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында “№3 ЖЭО-дан Қоңырат шағын ауданына дейін №3 жылу желілерінің құрылысы” жобасын іске асыру басталды. Келесі жұмыстар жүргізілді:

Монтаждалған құбырлар - Ш325 – 26300м,

Монтаждалған құбырлар - Ш426 – 1500м

3 дана Блокты-модульді сорғыларды монтаждау жүргізілді

85% – электр желілерін монтаждау жүргізілді.

Соңғы жұмыстар ағымдағы жылдың маусым айына дейін жүргізіледі. Үйлерді жаңа жылу трассасына қосу 2021 жылғы жылыту маусымы аяқталғаннан кейін жүргізіледі.

2020 жылы көше жарығымен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғастырылды.

Балқаш қаласы және Қоңырат шағын ауданы бойынша жарық нүктелерінің жалпы саны 3 227 бірлікті құрайды. Олар 2 536 тірекке орнатылған. (Оның ішінде энергия үнемдейтін (LED) шамдар-890 бірлік, өзге де шамдар (ДНаТ; ДРЛ және т.б.). - 2 217 бірлік).

Есепті кезеңде Саяқ кентіндегі Балқаш, Парковая, Геологическая және Космонавтов көшелері мен Балқаш станциясындағы Степной көшесі бойынша көше жарығын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Мұнда қойылатын талаптарға жауап беретін 500-ден астам жарық нүктелері орнатылды.

2021 жылы Центральная, Әлімжанов, Щербаков көшелеріндегі жарықтандыруды қалпына келтіру жоспарлануда.

Дата публикации
03 марта 2021