Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры жаңа мемлекеттік координаттар жүйесі QazTRF-23-ке көшеді. Сол себепті демалыс және мереке күндері, 2026 жылғы 23 қазан сағат 19:00-ден 27 қазан сағат 00:00-ге дейін ЖМБМК мен Жария кадастрлық картасында техникалық жұмыстар жүргізіледі.
Технологиялар дамыған сайын координаттарды анықтау тәсілдері де жаңаруды қажет етеді. Бұрын координаттар спутниктік технологиялар пайда болмай тұрып жасалған әдістермен анықталса, бүгінде заманауи технологиялар бұл жұмысты дәлірек орындауға мүмкіндік береді. Жаңа координаттар жүйесіне көшу – әлемдік тәжірибе және Қазақстан да осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Осыған байланысты мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі кеңістіктік деректер, цифрлық карталар мен сервистер жаңа координаттар жүйесіне көшіріледі.
QazTRF-23 – ескірген геодезиялық жүйелердің орнына іске қосылған заманауи әрі ашық мемлекеттік координаттар жүйесі. Оның көмегімен Қазақстан аумағындағы жер учаскесінің, ғимараттың, жолдың немесе басқа да обьектінің орналасқан жері анықталады.
Аталған күндер аралығында жер кадастрына, жылжымайтын мүлікті техникалық тексеруге және жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеуге қатысты мемлекеттік қызметтерге өтініш қабылданбайтынын ескерген жөн. Бұл ретте, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы электрондық анықтамаларды цифрлық сервистер арқылы алу мүмкіндігі сақталады.
Алдағы өзгерістерге байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы азаматтар мен ұйымдарға қажетті мемлекеттік қызметтерді алуды алдын ала жоспарлауды ұсынады. Техникалық жұмыстар аяқталғаннан кейін цифрлық сервистер әдеттегі тәртіпте жұмысын жалғастырады.
e-Otinish білім базасын дамытудың маңызды бағыттарының бірі – азаматтар үшін ақпараттың қолжетімділігін арттыру. Адам қажетті ақпаратты неғұрлым көп мөлшерде өз бетінше ала алса, мемлекеттік органдарға жекелеген мәселелер бойынша өтініш жолдау қажеттілігі де соғұрлым азаяды.
Білім базасы келесі мәселелерді шешуге ықпал етеді:
Осылайша, e-Otinish білім базасы мемлекеттік органдардың жұмысын жетілдіру құралы ғана емес, азаматтардың өздері үшін де қосымша ақпарат көзі болып табылады. Қажетті ақпарат неғұрлым қолжетімді әрі түсінікті болған сайын, азаматтарға жауабы ашық қолжетімді ақпаратта бар мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға жүгіну қажеттілігі де азаяды. Бұл мамандардың жұмысын шын мәнінде проблемалық және жеке қарауды талап ететін өтініштерге шоғырландыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрінің 2018 жылғы 15 тамыздағы № 18 «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру, оның іске асырылу мониторингі және нәтижелерін бағалау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының 16-тармағына сәйкес «Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің аппараты» ММ мемлекеттік әлеуметтік жобалардың іске асырылуына мониторинг жүргізу және олардың нәтижелерін бағалау мақсатында Эксперттік кеңес мүшелігіне кандидаттарды іріктеу жүргізілетінін хабарлайды.
Кандидаттар жөніндегі ұсыныстарды 2026 жылғы 18 қыркүйекке дейін alihan_bokeihan@akimat09.kz электрондық поштасына жіберуге болады. Хатта кандидаттың байланыс деректерін міндетті түрде көрсету қажет. Электрондық хаттың тақырыбында «Эксперттік кеңес мүшелігіне кандидат» деп көрсетуді сұраймыз. Сондай-ақ ұсыныстарды мына мекенжай бойынша беруге болады: Қарағанды қаласы, Архитектурная көшесі, 13. Анықтама телефоны: 8 (7212) 37-08-19.
Камбоджа Корольдігі Ішкі істер министрлігінің делегациясы мемлекеттік қызметтерді көрсету жүйесін цифрландыру мен модернизациялаудағы қазақстандық тәжірибені үйрену мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына барды.
Сапар барысында шетелдік қонақтар фронт-офистердің жұмысымен, өтінімдерді қабылдау және дайын құжаттарды беру процесімен, сондай-ақ азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасы мен жылдамдығын арттыруға бағытталған заманауи шешімдермен танысты.
Қолданыстағы жүйенің ауқымы делегацияға Қазақстандағы халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуді ұйымдастыру барысын іс жүзінде көруге мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда елде жұмыс істейтін 318 фронт-офистарында азаматтарға мемлекеттік қызметтің 1330 түрі қолжетімді. Оның 1272-сі электрондық үкімет порталы арқылы онлайн-форматта көрсетіледі.
Сапар аясында делегацияға Кайдзен қағидаттары бойынша жобаланған, өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары кеңейтілген заманауи «Халыққа қызмет көрсетудің цифрлық офистері», сондай-ақ азаматтарға дайын құжаттарды 24/7 режимінде алуға мүмкіндік беретін постаматтар таныстырылды.
Камбоджа өкілдерінің ерекше қызығушылығын цифрлық технологиялар мен биометриялық сәйкестендіруді ұштастыратын цифрлық ХҚКО-ның жаңа форматы – AI-офистер тудырды. AI-офистер үш функционалдық аймақты қамтиды: SELF – өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы анықтамалар алуға, DIGITAL – онлайн қызметтерді рәсімдеуге және ASSIST – күрделі мәселелерді консультанттың көмегімен шешуге бағытталған.
Камбоджа Ішкі істер министрлігінің өкілдері таныстырылған цифрлық шешімдердің тиімділігі мен практикалық маңызын жоғары бағалады. Делегация мүшелері мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін цифрландыруға, өзіне-өзі қызмет көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуге және заманауи технологияларды енгізуге ерекше қызығушылық танытты. Қазақстанның бұл бағыттағы тәжірибесі Камбоджада мемлекеттік қызметті көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту және жетілдіру барысында пайдалы болатынын атап өтті.
23 тамыз, Құрылтай сайлауы күні, тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ қазақстандықтар дауыс беру үшін сайлау учаскесі орналасқан мекенжай бойынша бір күнге тіркеуге тұра алады. Бұл қызметті сайлау учаскелерінде халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары көрсетеді.
Дауыс беру күні еліміз бойынша 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істейді. Соның 221 учаскесінде ХҚКО қызметкерлері азаматтардың бір күндік тіркеуін рәсімдейді. Бұл өз кезегінде олардың сайлау құқығын жүзеге асырып, дауыс беруге қатысуына мүмкіндік береді.
Тіркеу тек дауыс беруге қатысу мақсатында бір күнге рәсімделеді. Келесі күні тіркеу автоматты түрде жойылады. Егер сайлау учаскесі мектепте, колледжде, университетте немесе басқа да мекемеде орналасса, азамат сол нысанның мекенжайы бойынша тіркеледі.
ХҚКО қызметкерлері сайлау учаскелерінде сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Тұрғылықты жері бойынша тіркеуі бар азаматтар өздерінің тіркелген мекенжайына сәйкес сайлау учаскесінде дауыс береді.
Сайлау учаскелерінің толық тізімімен және тиесілі учаске туралы ақпаратпен Орталық сайлау комиссиясының сайтынан онлайн режимде танысуға болады.
Жеке куәлік пен төлқұжат алу – қазақстандықтар арасында сұранысқа ие мемлекеттік қызметтердің бірі. Жыл сайын миллиондаған азамат осы құжаттарды рәсімдеу үшін ХҚКО-ларға жүгінеді. Қызметті тез әрі еш қиындықсыз алу үшін рәсімдеу тәртібін алдын ала білген жөн.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында қазақстандықтарға 1,5 миллионнан астам жеке куәлік пен төлқұжат берілді. Ең жоғары сұраныс дәстүрлі түрде демалыс пен саяхат маусымына тұспа-тұс келіп, маусым айында 269 мыңнан астам құжат рәсімделді. Төлқұжат пен жеке куәлікті ХҚКО-да тез әрі ыңғайлы рәсімдеу үшін нені білу қажет?
Төлқұжат рәсімдеу
Төлқұжатты тіркелген жеріңізге қарамастан, Қазақстанның кез келген ХҚКО-сында рәсімдеуге болады, өйткені қызмет экстерриториялық қағидат бойынша көрсетіледі.
Төлқұжатты алғаш рет алу үшін жеке куәлікті ұсыну жеткілікті. Егер төлқұжаттың жарамдылық мерзімі аяқталуға жақын болса, оны алдын ала ауыстырған жөн. Бұл ретте төлқұжатты уақытында ауыстырмағаны немесе оның жарамдылық мерзімі өтіп кеткені үшін айыппұл қарастырылмаған. Қызметті оператор арқылы немесе құжаттандыру терминалы арқылы алуға болады.
Төлқұжат рәсімдеу кезінде кәмелетке толған азаматтар 36 немесе 48 беттен тұратын төлқұжатты таңдай алады. 36 беттік төлқұжат үшін мемлекеттік баж – 34 600 теңге, ал 48 беттік төлқұжат үшін – 51 900 теңге. 16 жасқа дейінгі балаларға арналған 24 беттік төлқұжаттың құны – 17 300 теңге.
Төлқұжатты дайындаудың стандартты мерзімі – 15 жұмыс күні. Қажет болған жағдайда жеделдетілген рәсімдеу қызметін пайдалануға болады. Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларында төлқұжатты 1, 3 немесе 7 жұмыс күні ішінде жедел рәсімдеу мүмкіндігі бар. Облыс орталықтарында жедел рәсімдеу мерзімі 3 жұмыс күні, ал аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда 7 жұмыс күнін құрайды. Өтініш берілген күн мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді.
Жеделдетілген рәсімдеу қызметі қолданыстағы тарифтерге сәйкес қосымша ақыға көрсетіледі.
Балаға төлқұжат рәсімдеу үшін оның туу туралы куәлігі, ата-анасының бірінің жеке куәлігі және мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат қажет. Өтініш берген кезде ата-анасының бірінің қатысуы міндетті
Жеке куәлік рәсімдеу
Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі 16 жасқа толған кезде рәсімделеді.
Жеке куәлікті алғаш рет алған кезде және оның қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін ауыстырған жағдайда мемлекеттік баж алынбайды. Ал құжат жоғалған жағдайда мемлекеттік баж мөлшері 865 теңгені құрайды.
Қажет болған жағдайда жеке куәлікті де жеделдетілген тәртіппен рәсімдеуге болады. Ол үшін қолданыстағы жеделдік санаттарының бірін таңдауға болады.
Мемлекеттік қызметтер азаматтарға бұрынғыдан да қолжетімді бола түсуде. Қазіргі таңда бірқатар мемлекеттік қызметті халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) бармай-ақ алуға болады. Осы мақсатта «Дербес менеджердің үйге баруы» сервисі жұмыс істейді. Оның аясында маман өтініш беруші көрсеткен мекенжайға барып, қажетті қызметтерді үйде көрсетеді. 2026 жылдың жеті айында бұл мүмкіндікті шамамен 1,5 мың қазақстандық пайдаланған.
Салыстырмалы түрде қарасақ, 2025 жылы дербес менеджер қызметіне 2 мыңнан астам адам жүгінген. Өткен жылы аталған сервис Қызылорда облысында ең көп сұранысқа ие болып, оны 540 адам пайдаланған. Алматыда - 477, ал Павлодар облысында 435 адам осы сервистің көмегіне жүгінген.
Ал биылғы жылдың жеті айындағы көрсеткіш бойынша көшбасшылар үштігі өзгерді. Дербес менеджердің үйге баруы бойынша ең жоғары көрсеткіш Алматы қаласында тіркелді, онда бұл сервисті 296 рет пайдаланған. Екінші орында Атырау облысы - 277 рет, ал Қызылорда облысы - 259 рет аталған сервиске жүгінген.
Сервисті пайдалану үшін қашықтан өтініш беріп, маман баратын мекенжайды көрсету жеткілікті. Алдын ала берілген өтініш бойынша фронт-офис маманы азаматтың үйіне барып, кеңес береді, қажетті құжаттарды қабылдайды және мемлекеттік қызметті сол жерде рәсімдеуге көмектеседі. Мұндай формат уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді және қандай да бір себептермен ХҚКО-ға өз бетінше бара алмайтын азаматтар үшін өте ыңғайлы.
«Үйге баратын дербес менеджер» тарифінің құны - 7 447 теңге. Бұл сома мемлекеттік бажға жатпайды, яғни тек сервистің қызмет көрсету құны болып табылады.
Үйге баратын дербес менеджердің көмегімен мемлекеттік қызметтердің кең ауқымын алуға болады. Алайда паспорт пен жеке куәлікті рәсімдеу, сондай-ақ мамандандырылған ХҚКО-ларда көрсетілетін қызметтер бұл тізімге кірмейді. Себебі аталған қызметтерді алу үшін азаматтың жеке қатысуы керек және тиісті рәсімдерден өтуі қажет.
Маманның үйге келуіне өтінішті «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ресми сайтындағы «Азаматтарға көрсетілетін қызметтер» «Дербес менеджердің үйге баруы» бөлімі арқылы беруге болады. Бұдан бөлек, өтінішті 1414 бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалу арқылы да рәсімдеуге мүмкіндік бар. Өтініш беру кезінде қажетті ақпаратты толтырып, маман баратын мекенжайды көрсету жеткілікті.
Халықаралық көші-қон ұйымының делегациясы және Грекия, Мажарстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстанның мемлекеттік органдарының өкілдері мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы Қазақстанның тәжірибесімен танысу мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына келді.
Кездесу тәжірибе алмасу форматында өтті. Тараптар көші-қон қызметтерін цифрландырудың заманауи тәсілдерін, жеке тұлғаны сәйкестендіру мәселелерін және мемлекеттік сервистерді дамыту бағыттарын талқылады. Сондай-ақ қонақтарға бүгінде Қазақстанда қолданылып жүрген цифрлық шешімдер таныстырылды.
Сапар барысында делегация мүшелеріне паспорттар мен жеке куәліктерді рәсімдеу үдерісі – өтініш беруден және деректерді тексеруден бастап дайын құжатты алғанға дейінгі барлық кезеңдер көрсетілді.
Сонымен қатар делегация мүшелері жеке куәлік немесе паспорт алуға өтінімді өз бетінше беруге мүмкіндік беретін құжаттандыру терминалының жұмысымен танысты. Қатысушыларға оның жұмыс істеу тәртібі мен дербес деректерді тексеруде қолданылатын технологиялар туралы ақпарат берілді.
«Мемлекеттік қызметтерді жетілдірудегі маңызды бағыттардың бірі – халықаралық ынтымақтастықты дамыту. Мұндай кездесулер тәжірибе алмасуға, кәсіби әріптестікті нығайтуға және азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған тиімді шешімдерді енгізуге ықпал етеді. Бұған дейін Корея Республикасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Бұл құжат бірлескен жобаларды іске асыруға және өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бүгінгі кездесу халықаралық серіктестікті нығайтуға және мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жетілдіруге тағы бір маңызды қадам болады деп сенемін», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы Басқарма төрағасы Арман Кенжегалиев.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар халықаралық тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтіп, цифрлық мемлекеттік қызметтерді дамыту бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
Астана күнінде, яғни 6 шілдеде халыққа қызмет көрсету орталықтары мен мамандандырылған ХҚКО-лар жұмыс істемейді.
Ал 4 шілде, сенбі күні кезекші ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-ларда қызмет көрсетіледі. Кезекші халыққа қызмет көрсету орталықтары азаматтарды сағат 09:00-ден 13:00-ге дейін қабылдайды. Мамандандырылған ХҚКО-ларда өтініштерді қабылдау сағат 09:00-ден 12:00-ге дейін, ал дайын құжаттарды беру сағат 13:00-ге дейін жүзеге асырылады.
7 шілдеден бастап ХҚКО-лар мен мамандандырылған ХҚКО-лар қалыпты жұмыс кестесіне көшеді.
Кезекші ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лардың өзекті тізімін Мемлекеттік корпорацияның Instagram-дағы ресми парақшасынан, сондай-ақ 1414 байланыс орталығы арқылы білуге болады.