Ақтоғай ауданы бойынша 2021 жылдың әлеуметтік – экономикалық даму қорытындылары және алда тұрған міндеттері туралы.
Өткен жылы ауданымызда ауқымды жұмыстар атқарылды. Әртүрлі мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында және жеке сектор қаражаты есебінен құрылыс салу, жөндеу және елді мекендерді көркейту жұмыстары кең көлемде жүргізілді.
«Ауыл - Ел бесігі» арнайы жобасы арқылы 2020 жылы бастау алып 2021 жылға жалғасқан Ақтоғай ауылындағы демалу саябағын қалпына келтіру жобасына 88,7 млн. теңге және Сарышаған кентіндегі Тәуелсіздік, Ынтымақ, Достық көшелерінің, Сәуле ауылының Қоңырат, Бейбітшілік және Үшарал ауылының Бәйтерек көшелерінің автомобиль жолдарын орташа жөндеуге 328,2 млн.теңге қаржы қаралып 35 жаңа жұмыс орны ашылды.
«Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған
мемлекеттік бағдарламасы» бойынша 560 млн.теңге игерілді.
Бағдарлама аясында біршама жобаларға сметалық құжаттар дайындау және сараптамадан өткізу шаралары іске асырылған болса, сонымен қатар: Ақши ауылына ауыз су құбыры желісін салуға 140,7 млн теңге аудандық бюджеттен қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі 2022 жылға жоспарланған.
"Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша Ақтоғай
ауылындағы солтүстік-батыс мөлтек ауданында төрт 16 пәтерлі тұрғын үй құрылысына 100 млн.теңге және Сарышыған кентіндегі аз қамтылған көпбалалы отбасыларға тұрғын үй сатып алуға 84 млн.теңге жұмсалды.
«Қазақстан Республикасының 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді және эпизоотияға қарсы iс-шараларды жүргiзуге 215 млн.теңге қаралып, тиісті жұмыстар атқарылды;
«Каз АгроХолдинг» АҚ арқылы ауыл шаруашылық саласын микрокредиттеу мемлекеттік бағдарламасы арқылы барлығы 80 жоба мақұлданып, 433 млн.теңге несие қаражаты алынды.
Аудан экономикасын дамытудың басты көзі болып табылатын өнеркәсіп кәсіпорындары өткен жылы 141,1 млрд. теңгенің өнімдерін өндірді.
Ауданға инвестиция тарту, тау кен өндірісін дамыту бағытында алдағы жылдары бірқатар ауқымды шаралар атқарылмақ.
2022 жылы «Ирказ Металл Корпорациясы» ЖШС «Борлы» кен орнында катодты мыс өндіретін гидрометаллургиялық зауыттың құрылысын жалпы құны 9 млрд.теңгеге іске қосса, 140 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр.
2023 жылға қарай «Balqash Resources» ЖШС-гі «Қаратас 2» кен орнында жалпы құны 4 млрд 300 млн теңгенің темір және түсті метал өңдеу өндірістік кен-байыту комплексін іске қосылып, 303 жаңа жұмыс орнын ашу күтілуде.
Шағын және орта бизнес
Өткен жыл кәсіпкерлік сияқты салалар үшін үлкен сынақ болды.
Соған қарамастан мемлекеттік бағдарламалар, облыс және аудан әкімінің кәсіпкерлерді қолдау гранттары арқылы шағын бизнес өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсету жалғасуда.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1457-ге жетіп, өндірілген өнім көлемі 2 млрд 706 млн теңге болып отыр.
2021 жылы аудан бойынша 8 жаңа әлеуметтік нысан ашылып, жұмсалған қаржы 25 млн теңгені құраса, жаңадан 13 жұмыс орындары құрылды.
Қазіргі кезде азық-түлік бағаларының тұрақты болуы қарапайым халық үшін ерекше маңызда.
Аудандағы бизнестің 94 өкілімен жасалған үш жақты Меморандум арқылы бағаны тұрақтандыру үшін әлеуметтік маңызы бар аса қажетті 19 азық-түлік тауарларына қосылатын үстемені 10% асырмау жөнінде келісім жасалып бағаны ырықтандыру шаралары қарастырылған.
Жалпы аудан көлемінде тұрақты түрде өткізіліп жүрген жәрмеңкелерге ауданымыздың көптеген шаруа қожалықтары өз үлестерін қосып, нарықтағы бағадан 10-15 пайыз төмендетілген бағада сапалы ауылшаруашылық өнімдерін ұсынуда. Бағаны тежеу мақсатында өткен жылы 12 жәрмеңке өткізіліп, 20 млн теңгенің азық-түлік өнімдері сатылды. Үш аптада бір Ақтоғай ауылы орталығында ауылшаруалық жәрмеңкелері ұйымдастырылуда.
Шашубай, Сарышыған кенттерінде жеке кәсіпкерлердің бастамасы арқылы 2 әлеуметтік дүкен ашылған. Әлеуметтік маңыздағы азық-түлік тауарларын 5% төмен бағада сатады.
Ауыл шаруашылығы — өңірді дамыту үшін аса маңызды сала, біздің экономикамыздың басым бағыттарының бірі. Мал шаруашылығы саласында да мал басы мен одан алынатын өнімдердің көлемінде өсім бар.
«Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» қағидасына сәйкес тұқым түрлендіруге қатысқан 118 шаруашылыққа 89,5 млн.тг. асыл тұқымды мал сатып алғаны үшін 37 шаруашылыққа 34 млн.теңге, мал азығының құнын арзандатуға 117 шаруашылыққа 45 млн.тг. көлемінде барлығы 169 млн.теңге субсидия төленді.
Ветеринария.
Ауыл шаруашылығын дамыту мәселесі айтылған жерде ветеринариялық қауіпсіздіктің де қатар жүретіндігі сөзсіз.
Төрт түліктің аса қауіпті індеттеріне қарсы ветеринарлық алдын- алу және диагностикалық шаралар жоспарға сай жүргізілді.
Құрылыс саласы – қашаннан да экономиканың негізгі іргетасы екендігі айқын. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында Ақтоғай ауылында Солтүстік-Батыс ықшам ауданында 16 пәтерлі екі қабатты 4 тұрғын үйдің құрылысы басталды.
Көп балалы отбасыларды үймен қамтамасыз ету мақсатында Сарышыған кентінде жалпы сомасы 58 млн 800 мың теңгеге 7 тұрғын үй сатып алынды.
Тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық
Өткен 2021 жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған 15 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді.
Сарышаған кентіндегі тұрғын үйлері апатты деп танылған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жеке тұрғын үй қорынан коммуналдық меншікке жалпы сомасы 27 млн. 847 мың теңгеге 6 пәтер сатып алынды.
Сондай-ақ Ақтоғай ауылы, Шашубай кенті және Сарытерек ауылынан 14 млн. 500 мың теңгеге 3 қызметтік тұрғын үй алынды.
Сарышаған кентіндегі 3-ші ықшам ауданындағы 5 көппәтерлі тұрғын үйлердің шатырларын жөндеу жұмыстарына 57 млн 182 мың теңге жұмсалып, жөңдеу жұмыстары толығымен аяқталды.
Шашубай кентіндегі Ақбергенұлы көшесі 49 және 51 көппәтерлі үйлердің шатырлары мен қасбеттеріне 15 млн 904 мың теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Ақбергенұлы көшесі №2 үйдің балкондары мен жертөлесін жөндеуге аудан әкімдігінің шұғыл шығындарға арналған резервінен 5 млн 200 мың теңге бөлінді.
Ақтоғай ауылы, Нарманбет көшесіндегі бұрынғы білім бөлімі ғимаратын күрделі жөндеу жұмысына барлығы 44 млн 225 мың теңге жұмсалды.
Ауданымызда өзекті саланың бірі электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша бүгінгі күні бірқатар жұмыстар атқарылуда. 2021 жылы Шашубай кентіндегі Ж.Ақбергенұлы және Б.Ихамбаев көшелерінің жеке сектордағы электр желісіне шұғыл шығындарға арналған аудан әкімдігінің резерві есебінен 6 млн 910 мың теңге қаражат бөлініп, 2 дана 10/0,4-160 кВа маркалы КТП қондырғылары орнатылды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табуда.
Электр энегриясын таратушы кәсіпорындарды ірілендіру мақсатында аудан төңірегіндегі электр желілерін иесіз мүлік деп танып, аудандық коммуналдық меншікке алған. Бүгінгі таңда құжаттары әзірленіп электр таратушы «ЖезРЭК» мекемесіне өткізу жұмыстары жүргізілуде.
|
Қазіргі уақытта Шашубай кенті, Ақтоғай ауылы, Нүркен, Абай, Ортадересін және Жидебай ауылдық округтерінің иесіз мүлік деп танылған электр желілерінің құқық орнатушы құжаттары толықтай дайындалды. Барлығы - 13 подстанция, 87 – КТП, 278 шақырым -10 киловольттық желі, 164,2 шақырым -0,4 киловольттық желі тапсырылатын болады. |
Жол қатынасы және жол жөндеу жұмыстары өткен жылы аудан төңірегінде «Ауыл Ел бесігі» арнайы жобасынан бөлек, Қошқар және Айыртас елді мекендерінің кент ішілік жолдарының орташа жөндеу жұмыстарына 28 млн.теңге қаралып, бұл жұмыстар толығымен аяқталды.
Республикалық маңыздағы «Алматы-Екатеринбург» тас жолымен тоғысатын Тасарал ауылының кірме жолға (2021-2022ж) 265 млн.тенге қаралып 7,5 шақырымына асфальт салынды, ағымдағы 2022 жылға 211 млн 420 мың тенге қаражат бөлінді.
Жылыту маусымы бойынша
Тұрғындарды және әлеуметтік нысандарды сапалы жылумен үздіксіз қамтамасыз ету күнделікті бақылаудағы мәселе. Орталық жылу қазандығымен ауданның екі кенті қамтамасыз етілген,
Ауыз су және кәріз жүйесі бойынша
2021 жылы аудандық бюджет есебінен ауыз су және кәріз жүйесі нысандарын күтіп ұстау, ағымдағы жөндеу жүргізу мақсатында жалпы соммасы 70 млн. тенге қаражат қарастырылып, аталған қаражатқа Сарышаған кентінің сорғы станциясына қуаты 415кВа дизельдік генератор сатып алынды. Сонымен қатар кенттегі 3 су тұщыландыру контейнеріне ағымдағы жөндеу жүргізілді
Ауа райынын салдарынан Шабанбай би ауылына орнатылған су мұнарасы құлап, 11 млн.теңге қаражатқа жаңадан су мұнарасы орнатылды.
Тасарал ауылының ауыз су нысанына жалпы соммасы 8,5 млн.тенге қаржы бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Кәріз жүйесі ауданның Шашубай және Сарышаған кенттерінде жұмыс жасайды, аудан әкімінің шұғыл шығындарға арналған резерв есебінен 15,8 млн.тенге қаражатқа Шашубай кентінде 50 дана кәріз құдықтары жабылып, 380 метр кәріз құбыры ауыстырылды. Кенттің кәріз сорғы станциясына 2 дана сорғы құрылғысы сатып алынып орнатылды.
Сарышаған кентінің проблемалық учаскесі Абай көшесі 38 үйден – балабақшаға дейінгі аралықта кәріз құбыры салынып, 2 құдық жөндеуден өтті.
Жұмыспен қамту саласы
Кезек күттірмейтін маңызды мәселелердің бірі тұрғындардың жұмыспен қамтылуы және еңбекке орналастыру.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 бағытта тиісті жоспарланған қаржы қаралды:
Бірінші бағыт: Бағдарлама қатысушылары қысқа мерзімді кәсіптік оқуға Қарағанды қаласына «Тандем» оқу орнына тігін мамандығы бойынша 8 адам үш айлық және Теміртау кәсіптік орталығына 5 адам казандық машинасы мамандығы бойынша екі айлық курстан өтіп, барлығы 13 адам сертификаттарын алды.
Екінші бағыт: жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша
өз ісін ашуға 42 адам 151 млн теңге несие алса, 81 адам мемлекеттік грантқа ие болды. Бастау – Бизнес жобасы бойынша 80 адам оқуға жолданып 75-і сертификаттарын алды.
Үшінші бағыт: жалпы жұмыс мәселесі бойынша 2021 жылы 884 адам өтініш білдірсе 771 жұмыссыз тұрақты, уақытша және мерзімді жұмыстарға орналастырылды. Жастар практикасына 30 адам, қоғамдық жұмысқа барлығы 237 жұмыссыз қабылданды.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 59 отбасындағы 296 адамға төленді.
Мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасы аясында 29 мүгедекке жеке көмекші тағайындалып, 20 млн 163 мың 373 тенге төленді.
Бұл саладағы жұмыстар биылғы жылы да жоспарға сәйкес жалғасын табатын болады.
Қай кезеңде болмасын жас ұрпаққа БІЛІМ МЕН ТƏРБИЕ БЕРУ
қоғам алдындағы ең маңызды, жауапты іс болып қала береді.
Білім беру саласында өткен оқу жылы біршама өзіндік көрсеткіштермен аяқталды.
Аудандық білім бөлімінің 2021 жылғы бюджеті 4 млрд 535 млн теңгені құрады.
Мектепке дейінгі ұйымдардың желісін арттыру мақсатында
Сарышаған кентінен 100 орынды 2 топқа арналған балабақша ашу үшін ғимаратты ағымдағы жөндеу және қайта жаңарту жұмыстарына 14 млн 570 мың теңге, керекті құрал жабдықтары, шаруашылық және жиһаздарын алу үшін 8 млн 186 мың теңге жұмсалды.
Білім беру ұйымдарындағы компьютер паркі 1171 компьютерді құрап отыр. Жалпы сомасы 42 млн 310 мың теңгеге Т.Ақышұлы, С.Ибраев, Сарышаған мектеп – интернатына 3 биология кабинеті, Ә.Бөкейхан және К.Байсейітова мектептеріне технология кабинеттері алынды.
Мәдениет және спорт
Жыл басынан мәдениет және спорт салалары бойынша атқарылатын іс-шаралар жоспары бекітіліп, әлемдегі пандемияға қатысты шектеулерге байланысты басым көпшілігі онлайн режимде ұйымдастырылуда.
Жыл сайын мәдениет саласының материалдық техникалық базасына баса назар аударылып, тиісті жабдықтармен уақытылы толықтырылып отырады. 2021 жылы Айыртас, Абай, Қусақ ауылдық клуб үйлеріне 4 млн 500 мың теңгеге дыбыс күшейткіш аппаратуралар және Нүркен, Қызыларай, Қусақ клуб үйлеріне сахна шымылдығы, аудандық мәдениет үйіне 4 моноблок, 1 ноутбук сатып алынды.
Ақтас клуб үйіне 38 млн 440 мың теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары және аудандық мәдениет үйіне 12 млн 712 мың теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ауданда салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту мақсатында Ақтоғай ауылы, Қызыларай, Жидебай ауылдық округтерінде, Сарышыған, Шашубай кенттерінде Стрейт воркауттар, көпсалалы хоккей корты, спорт аландары, балалар ойын алаңы салынып қолданысқа берілді.
Жастар саясатын жүзеге асыруда мемлекет тарапынан аудан жастарына біршама қолдаулар көрсетілуде. 2021 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 35 маманға жалпы соммасы 10 млн 209 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға 11 маманға 44 млн теңге көлемінде бюджеттік несие төленді.
Жастар арасында кәсіпкерлікті қолдауға арналған облыс әкімінің гранты бойынша 3 жоба (Құралдарды жалға беру, «Oimaq brand» шағын тігін шеберханасы, қоғамдық монша) мақұлданып, 3 млн теңге көлемінде грант иегерлері атанды.
13 жас кәсіпкерге 4 млн теңге көлемінде аудан әкімінің гранты берілді. Бұл үрдіс көптеген ынталы жастарға өз ісін ашуға дәнекер болып, мақсаттарын іске асыруға көмек болады деген сенімдеміз.
Денсаулық сақтау мемлекеттік саясаттың жергілікті атқарушы органдарының қызметіндегі маңызды басымдық болып қала береді.
Халықтың денсаулығына әсер ететін тиімді шара – сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында осы салада біршама игі іс-шаралар атқарылғаны мәлім.
Білікті маман дәрігерлерлерді тарту бағытындағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Өткен жылы тағы 7 маманмен толықса биылғы жылы да 3 маман дәрігер келу жоспарлануда. Сондай-ақ жергілікті билік тарапынан дәрігерлерге мейлінше әлеуметтік қолдау көрсетіле бермек. (Тұрғын үй, материалдық, тұрмыстық техникалар т.б.).
Орталық аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 12 млн 360 мың теңгеге “АЛЬФА” маркалы стационарлық қондырғы, ауылды ауылға вакцина жеткізу үшін 3 дана жылжымалы морозильник, 3 санитарлық УАЗ автокөлігі және 17 компьютер алынды. Шашубай дәрігерлік амбулаториясына 58 млн 700 мың теңгеге «Blue- DRLandMark» маркалы цифрлық рентген аппараты және 3 млн теңгеге 5 дана физио аппараттары (УФА малый, ультразвук, биоптрон, парафиннагрыватель) алынып, тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуде.
2021 жылы 230 млн теңгеге Ақтоғай ауданының орталық ауруханасына және 56 млн 500 мың теңгеге Шашубай кентінің дәрігерлік амбулаториясына күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Шашубай дәрігерлік емхана ғимаратында дәріхана ашылып, қалыпты жұмыс жасауда.
Халық үніне құлақ асу
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кейінгі жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің басты қағидаты – мемлекеттік аппарат азаматтар мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс» деп, жергілікті атқарушы органдардың бұқара халықпен тікелей байланыс орнату керектігін тілге тиек еткен болатын.
Бүгінгі күні өзекті мәселелер, ауқымды шаралар әуелде жергілікті қоғамдастық талқысына салынып, қоғамның пікірін ескеру арқылы шешім қабылдануда. Әлі де тұрғындарды толғандырған мәселелер, талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет.
Өңірімізде шешімін табуды қажет ететін алда тұрған өзекті мәселелер де жеткілікті. Биылғы 2022 жылы алдымызда көптеген ел игілігіне арналған мақсат-жоспарларымыз тұр. Ол жоспарларымыздың жұмыс барысында қайта сараланып, өзгеріске түсіп отыратыны белгілі. Басты мақсат еліміздің оның ішінде ауданымыздың дамуына қызмет жасап, барша тұрғындарымыздың әлеуетін жақсарту болмақ.
Ағымдағы жылға алға қойған жоспарлар мен міндеттер төмендегідей:
-Аудан иелігіндегі электр желілері мен қондырғыларын «ЖезРЭК» АҚ балансына өткізуді шешу;
-Ақтоғай ауылында кәріз жүйесінің құрылысын бастау;
-Ақтоғай ауылындағы стадионды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу;
-Ақтоғай орталық аурухананың инфекциялық бөлімін күрделі жөндеу жұмыстарын бастау
-Ақтоғай ауылынан 16-пәтерлі 4 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау;
-Ақтоғай ауылындағы солтүстік-батыс мөлтек ауданында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысын жүргізу;
-Сарышаған кентінде спорт кешені құрылысын бастау;
-Сарышаған кентінде кезекте тұрғандарға (көп балалы отбасыларға және халықтың әлеуметтік осал топтарына) тұрғын үй сатып алу;
-Сарышаған кентінің 3 шағын ауданындағы 5 қабатты тұрғын үйді қалпына келтіру (апатты жағдайдағы №4 үй);
-Сарышаған кентінің 6 көп қабатты тұрғын үйдің аумағын абаттандыру және қасбетін жөндеу;
-Шашубай кентіндегі көп қабатты тұрғын үйдің (Сейфуллин, Құнанбаев, Ақбергенұлы) аула аумағын абаттандыру;
-Шашубай кентіндегі көп қабатты 100 пәтерлі тұрғын үйді қалпына келтіру;
-Шашубай кентінің екі қабатты 11 пәтерлі үйдің қасбеті мен шатырын жөндеу (Абай 35, Шашубай 12);
-Шашубай кентінің 1 көшесінің (Акбергенова 1,5 км) кентішілік жолын орташа жөндеу;
-Кежек ауылында ауыз су құрылысы жұмыстарын аяқтау;
-Тасарал ауылының 13 км көтерме жолдың орташа жөндеу жұмыстарын аяқтау;
-Қусақ ауылының клуб үйін күрделі жөндеу;
-Білім беру ұйымдары нысандарына жөндеу жұмыстарын жүргізу (Қошқар мектебін күрделі жөндеу, Қызыларай, С.Ибраев, Ж.Кеңесбаев, М.Ержанов, Т.Ақышұлы, Ортадересін, К.Байсейітова, Ә.Бөкейхан мектептеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу);