Шегіртке шабуылына дайындық

Шегіртке шабуылына дайындық

Әзірге Қарағанды облысында шегіртке қаптау қаупі жоқ, жағдай тұрақты. Дегенмен, алдын алу шаралары ұйымдастырылуда. Алқаптарды химиялық өңдеу арқылы зиянкестерге қарсы жұмыс жүргізілуде
Өңірдегі ахуалды бақылау, мониторингілеу және туындаған мәселерді шұғыл шешуді ұйымдастыру үшін құрылған жедел штаб тұрақты жұмыс атқаруда. Істің басы-қасында облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов. Бұқар Жырау ауданында штабтың көшпелі отырысы өткізілді. Онда қазіргі жағдай мен қабылданған шаралар туралы баяндалды. Үйірлі шегірткелер мен басқа да өсімдік зиянкестеріне тексеру жүргізілуде. Сондай-ақ өңдеу жұмыстарына қатысатын техникалар көрсетілді.
Бауыржан АСАНОВ Қарағанды облысы әкімінің орынбасары "Биыл шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу алқабы ұлғайды. Жоспарланған 112 мың гектардың шамамен 30 мың гектарын авиация мемлекет қаражаты есебінен, қалған 82 мың гектарын ауыл шаруашылығы құрылымдарының өз қаражатына әуе және жер үсті улау тәсілімен өңдейтін болады.»
Сондай-ақ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық инспекция басшысы атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлар туралы есеп берді.
Жасұлан ЕШМҰХАНОВ Мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық инспекция басшысы "шегіркелерге қарсы улау бойынша кестеде көрсетілген мерзімге сәйкес жүргізу керек. Фитосанитарлық қауіпсіздік - маңызды мәселе. Алдын алу шараларын уақтылы қабылдау, жұмыстың сапасын бақылау қажет. Жағдайды бақылау, мониторинг тұрақты негізде жалғасады.»
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусиннің мәліметінше, қазіргі күнге жергілікті атқарушы органның ұйымдастыруымен 7 аудан аумағында, саяқ шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге мердігер дайын. Химиялық өңдеу үшін жеңіл авиация бүріккіштері қолданылады. Айтуынша, жұмыстарды жүргізу үшін барлық қажетті техника мен жабдықтар, оның ішінде пестицидтер қоры қамтамасыз етілген. Осы бағыттағы жұмыс басталып кеткен және жалғасуда.