
Ағымдағы жылдың 26 тамызында Солтүстік Қазақстан облысында " Dalasy Qazynaly Qyzyljar "республикалық малшылар слеті өткізілді. Семинар жұмысына Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, еліміздің барлық өңірлерінен жетекші мал шаруашылығы кәсіпорындары мен ғылыми ұйымдардың 200-ден астам өкілдері қатысты.
Слетті ұйымдастырушылар өз жетістіктерімен бөлісіп, өңірдің жетекші ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдерін, асыл тұқымды малды, сондай-ақ жаңа техниканы, жабдықты, жемшөп қоспаларын, ветеринариялық препараттарды және мал өсірушілер пайдаланатын басқа да өнімдерді көрсетті.
Іс-шара соңында саланы дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін мал өсірушілерді, оның ішінде Қарағанды облысының өкілдерін марапаттаудың салтанатты рәсімі өтті. Ауыл шаруашылығы министрі Нұра ауданына қарасты "Отқанжар" ЖШС бас зоотехнигі Тілек Жақантайға «Ауыл шаруашылық саласының үздігі» төсбелгісін, "Шахтерское" ЖШС сауыншысы Валентина Янинаға және Қарқаралы ауданына қарасты «Сарышоқы» ШҚ мүшесі Қамза Хасеновке «Еңбек ардагері» медалдерін, Осакаров ауданына қарасты «Қызылтас» ШҚ мал өсірушісі Медет Омарбековке Алғыс хат, «Қамқор» ШҚ сауыншысы Наджеда Рудометоваға құрмет грамотасын табыс етті.