
Жаңа және инновациялық технологиялардың қауіпсіздік аспектілерін ескере отырып, реттеудің ұлттық әлеуетін нығайту, халықаралық ынтымақтастық пен сараптамалық миссияларға жәрдемдесу, сондай-ақ авариялық дайындық пен ден қою тетіктерін нығайту 2023 жылғы 31 наурызда Вена қаласында (Аустрия Республикасы) сәтті аяқталған Ядролық қауіпсіздік туралы конвенцияны (бұдан әрі – Конвенция) қарау жөніндегі Бірлескен сегізінші және тоғызыншы кеңестерде жалпы басымдықтар ретінде айқындалды. Кеңеске 82 Уағдаласушы тараптың атынан 900-ден астам делегат қатысты, олар бүкіл әлемде ядролық қауіпсіздіктің жоғары деңгейіне қол жеткізу және қолдау саласында тәжірибе және алған сабақтарымен алмасты.
Анықтама. Әдетте үш жылда бір рет өткізілетін 2020 жылға жоспарланған алдыңғы шолу кеңесі COVID-19 пандемиясына байланысты кейінге қалдырылды, бұл Конвенцияның Бірлескен сегізінші және тоғызыншы кеңестерге айналды.
Қазақстан Республикасының делегациясын Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікте (бұдан әрі – АЭХА) жоғарыда аталған іс-шарада Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаментінің директоры Серғазин Ғұмар Екпінұлы және Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Ядролық және радиациялық қауіпсіздік басқармасының басшысы Қабиев Муса Болатұлы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы Халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігінің қызметкерлері ұсынды.
Бірінші күні Уағдаласушы тараптардың барлық мүшесін құттықтау барысында АЭХА Бас директоры Рафаэль Мариано Гросси Конвенцияның қолданыстағы ядролық-энергетикалық бағдарламасы бар елдер үшін ғана емес, ядролық-энергетикалық бағдарламаны дамыту мүмкіндігін қарастыратын кез келген ел үшін де өзектілігіне назар аударды. Р.Гросси өзінің кіріспе сөзінде көптеген Үкімет атом энергетикасын энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін де, климаттың өзгеруіне байланысты дағдарысты да шешу үшін пайдаланған сайын, олардың Конвенция ережелерін сақтауға міндеттелуі өте маңызды екенін айтты.
Кеңес барысында қатысушылар ядролық қауіпсіздіктің басқа салаларын талқылады және келісті. Олардың қатарына ядролық қондырғыларды ұзақ мерзімді пайдалану стратегияларын, климаттың өзгеруін және оның ядролық қондырғыларды қауіпсіз пайдалануға әсерін шешу тәсілдерін әзірлеудің, қауіпсіздік мәдениетін дамытудың, сондай-ақ ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюдың маңыздылығы жатады.
Қазақстан Республикасының өкілдері міндеттемелерді орындаудағы, нормативтік құқықтық базаны жетілдірудегі, зерттеу реакторларын конверсиялаудағы, ядролық инфрақұрылымды дамытудағы, сондай-ақ Follow-up INIR АЭХА-ның миссиясына дайындықтағы жетістіктерін атап өтті.
Уағдаласушы тараптармен келісім бойынша Конвенцияны қарау жөніндегі келесі оныншы Кеңес 2026 жылғы 13-24 сәуір аралығында өткізілетін болады. Осы Кеңес пен оныншы Кеңес арасындағы аралық үш жылдық мерзімнен асатыны атап өтілді және Уағдаласушы тараптар бұл Конвенцияны қарау жөніндегі болашақ кеңестер үшін үлгі боларлық жағдай тудырмауға тиіс деп келісті.
Қазақстан Республикасы елдердің әрбір тобында табысты және нәтижелі сараптамалық бағалауды қолдауға бағытталған лауазымды тұлғалардың, қызметкерлер мен Уағдаласушы тараптардың қажырлы күш-жігерін мойындай отырып, Кеңес төрайымы Дана Драбова ханым мен АЭХА-ға осындай маңызды іс-шараны өткізгені үшін ерекше ризашылығын білдіреді.