
Ағымдағы жылғы 27 ақпанда Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен, өңірлер әкімдіктерімен, «KEGOC» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ және энергия кәсіпорындарының басшыларымен бірлесіп 2019-2020 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңді өткізу бойынша салалық селекторлық кеңес өткізілді.
Кеңесте жеткізілген отын үшін берешектер мен энергия беруші және энергия өндіруші ұйымдар алдындағы энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың дебиторлық берешектерін өтеу, әлеуметтік-өндірістік объектілер мен мекемелерге «әлеуметтік» мазутты жеткізу, энергия көздеріндегі отынның нормативтік қорын қолдау, жылу желілері жұмысының температуралық кестесін сақтау және энергия кәсіпорындарының су тасқыны кезеңіне дайындығы мәселелері қаралды.
Сондай-ақ энергия беруші ұйымдарға ЭКЕАЖ енгізу, өңірлердегі иесіз электр желілерінің, сондай-ақ электр желілеріндегі тозу және нормативтік техникалық ысыраптардың мәселелері қаралды.
Кеңес қорытындысы бойынша облыс, Нұр-сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктеріне:
- берілген отын үшін берешектерді өтеу бойынша жұмысты ұйымдастыру;
- әлеуметтік мазутты тиеу жоспарын орындау тапсырылды.
Энергия кәсіпорындарының бірінші басшыларына:
- электр станцияларындағы отынның нормативтік қорын қолдау;
- жылу желілері жұмысының температуралық кестесін сақтау;
- электр станцияларында электр энергиясын өндіру/тұтыну режимін сақтау;
- технологиялық бұзушылықтарды жою үшін материалдар мен жабдықтардың авариялық қорын құру;
- жұмыстардың өндірістік қауіпсіздік шараларын күшейту;
- тасқынға қарсы әзірленген іс-шараларды орындау тапсырылды.