
2018 жылдың 4-5 желтоқсанында Мәскеуде «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің радиоактивті көздерді жылжытудағы ақпараттық ынтымақтастығы туралы Келісімді іске асыру» жөніндегі жұмыс тобының үшінші отырысы өтті. Бұл жұмыс тобы осы Келісімге сәйкес қатысушы елдер арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл жүйесін құру бойынша практикалық қадамдарды жүзеге асыру мақсатында құрылған.
Жұмыс тобының отырысына Беларусь Республикасының, Қырғызстан Республикасының, Өзбекстан Республикасының өкілетті органдарының өкілдері, «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу бойынша ұлттық оператор» ФМУК, «Росатом» мемлекеттік корпорациясы мен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Комиссия хатшылығының өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасынан Материалдарды және халықаралық кепілдіктерді бақылау басқармасының бас сарапшысы - Смағұлова Айгерім Ержанқызы қатысты.
Кездесу барысында қатысушы елдерден иондаушы сәуле шығару көздерін есепке алу мен бақылаудың ұлттық жүйелерін ұйымдастыру мен жұмыс істеу ерекшеліктері туралы, сондай-ақ осы үшін пайдаланылатын бағдарламалық және аппараттық құралдар туралы ақпараттық хабарламалар ұсынылды.
Жұмыс тобының мүшелері «Радиактивті көздердің қозғалысы туралы ақпарат алмасудың бірыңғай тәртібі мен нысандары» ережелерін ескере отырып, Келісімді іске асыру бойынша практикалық шараларды талқылады. Талқылау қорытындысы бойынша қауіптілігі 1 және 2 санаттарындағы радиоактивті заттардың импорты/экспорты туралы алдын-ала хабарламаларды ұсынудың мемлекеттік жүйесін құрудағы Қазақстан Республикасының оң тәжірибесі атап өтілді және «Радиоактивті көздердің қозғалысы туралы ақпарат алмасудың бірыңғай тәртібі мен нысандары» құжатын жоғарыда айтылған ескертулермен қоса пысықтау қажеттігі туралы шешім қабылданды.
Сонымен қатар, Жұмыс тобының отырысы шеңберінде Ресей Федерациясында радиоактивті заттар мен радиоактивті қалдықтарды мемлекеттік есепке алу және бақылау жүйесімен танысу үшін «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу бойынша ұлттық оператор» ФМУК-де техникалық тур өткізілді.
Келісімді іске асыру жөніндегі Жұмыс тобының келесі отырысы 2019 жылдың сәуір айында өтетін болады.