
2018 жылғы 4-8 маусымда Алматы қаласында «Жаһандық ядролық қауіпсіздік» бағдарламасы аясында АЭҚБК «URS Federal Services, Inc.» компаниясымен бірлесіп «Физикалық қорғаныс жүйесінің конфигурациясын басқаруда жобалық қатерді қолдану» оқу семинарын ұйымдастырды және өткізді.
Оқу семинары «Ядролық физика институты» РМК Ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығының негізінде өткізілді. Оқытуға қазақстандық ядролық қондырғылар, уран кеніштері және Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының өкілдері қатысты.
Семинар бағдарламасының шеңберінде қатысушыларға физикалық қорғаныс жүйесінің конфигурациясын басқарудың негізгі қағидаттары берілді, физикалық қорғаныс жүйесін жобалау кезінде бағалаудың өмірлік циклын өткізу, активтерді, осалдылықты, салдарын, тәуекелдерді бағалау жүргізу кезеңдері түсіндірілді, сенімді сценарийлерді әзірлеу, жобалық шешімдерді құжаттау, өзгерістерді бақылау және бағалау мәселелері қарастырылды.
Теориялық сабақтармен қатар күн сайын практикалық жаттығулар өткізілді. Сабақтар осалдылықты бағалау және тиімділікті қамтамасыз ету бойынша тестілерді – түрлі қоршауларды еңсеру, жүгіріс, қию, жарылысты имитациялау және заттарды лақтыру және т.б. арқылы кіру бойынша тестілерді қамтыды. Сонымен қатар түрлі үй-жайларда физикалық қорғау элементтерін, үй-жайлардың сипаттамасын айқындау бойынша практикалық сабақтар жүргізілді, тәртіп бұзушылардың мінез-құлқының түрлі сценарийлері қарастырылды.
Оқу семинары қатысушыларға оның ұзақ мерзімді тиімділігін қамтамасыз ету үшін физикалық қорғаныс жүйесінің конфигурациясын басқару қағидаттарының қажеттілігін және практикалық қолданысын ұғынуға мүмкіндік берді.