Алдағы жылыту маусымына дайындықтар жүргізілуде

Алдағы жылыту маусымына дайындықтар жүргізілуде

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз-конференциясы барысында күзгі-қысқы кезеңнің өткені және алдағы жылу беру маусымына дайындық туралы айтып берді.

   «2017-2018 жылдардағы күзгі-қысқы кезең тұрақты өтті. Тұтынушылар электр және жылу энергиясымен толық көлемде қамтамасыз етілді» - деді төраға.

   Сұңғат Есімханов атап өткендей, қысқы ең жоғары жүктеме 2018 жылғы 28 қаңтарда белгіленді және 14 615 МВт-ты құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 4,5 %-ға көп. Алдағы күзгі-қысқы кезеңде болжамды ең жоғарғы жүктеме 14 800 МВт құрайды, бұл өткен кезеңнің деңгейінен 4% көп.

   Сондай-ақ ол 2017 жылға жоспарланған энергия кәсіпорындарының негізгі жабдықтарында жөндеулер толық көлемде орындалғанында атап өтті.

   «Жалпы алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық бекітілген кестеге сәйкес өтуде. Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесінің электр желілерін 2018-2019 ж.ж. күзгі-қысқы кезеңге дайындау үшін жалпы ұзындығы 23 795,2 км электр беру желілерін және 5 497 қосалқы станцияларды, ТП, ҚТС, 10/0,4 кВ КҚТС жөндеулер жоспарланған. Ағымдағы жылғы  маусымның басындағы жағдай бойынша 5 315 км электр беру желілері жөнделді, бұл жылдық жоспардың 20% құрайды және 1 104 дана ТП, ҚТС, 10/0,4 кВ КҚТС жөнделді, бұл жылдық жоспардың 22% құрайды.

   Сонымен қатар Жүйелік оператормен бекітілген Біртұтас электр энергетикалық жүйесіндегі электр станцияларының негізгі жабдықтарын жөндеу кестесіне сәйкес  ағымдағы жылы 8 энергоблокты, 56 қазанды, 45 турбинаны жөндеу жоспарланған.

   Маусым айының бірінші онкүндігіне 2 энергоблоктың, 11 қазан мен 10 турбинаны жөндеу жұмыстары аяқталды. 4 энергоблоктың, 21 қазан мен 13 турбинаның әр түрлі сатыларында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде» - деді Сұңғат Есімханов.