«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: АЗАМАТТАРҒА ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: АЗАМАТТАРҒА ЖЕР МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарға арналған кезекті қабылдау өтті. Іс-шара «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылып, қабылдауды Жер қатынастары басқармасының басшысы Азат Исламов жүргізді.

Қабылдау барысында тұрғындар негізінен жеке тұрғын үй салу үшін жер телімін алу мәселесін көтерді. Көпшілік бұған дейін жер кезегіне тіркелгендерін айтып, мемлекеттік бағдарлама арқылы жер алуға көмек сұрады.

Жауапты мекеме басшысы Азат Исламов Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болуына байланысты, 2018 жылдан бері жеке тұрғын үй салуға жер телімдері берілмейтінін түсіндірді. Сонымен қатар, алаяқтар тарапынан алданып, жерінен айырылған азамат та қабылдауға келіп, өз жағдайын жеткізді. Бұл мәселеге қатысты да тиісті заңдық түсініктеме беріліп, шешу жолдары көрсетілді.

Қабылдауға келген барлық азаматтардың өтініштері жеке-жеке қаралды. Мамандар заң шеңберінде нақты жауаптар беріп, азаматтарға құқықтық көмек көрсетті.