Жаратылыстану-математикалық цикл мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігінің отырысында математикалық және жаратылыстану-ғылыми сауаттылық бойынша PISA халықаралық зерттеудің ашық тапсырмаларының үлгілері қарастырылды, олардың ерекшеліктері мен оқу процесінде оқушылардың сыни ойлау және практикалық-бағытталған дағдыларын дамыту үшін қолдану мүмкіндіктері талқыланды.
Өңірде жастардың құқықтық сауаттылығын қалай арттырып жатқаны туралы @pavlodar.rsk алаңында айтылды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен ақпарат және қоғамдық даму басқармасының Жастар мен отбасы бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанова, полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев, жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Жандарбек Қабдыраш және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының амбассадоры Артем Граблев бөлісті.
Павлодар облысында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыруды барлық мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен жобалық офис аясында прокуратура органдары үйлестіреді. 2026 жылға жоспарланған екі мың іс-шараның 1,5 мыңнан астамы өткізіліп үлгерді. Оларға 680 мыңға жуық адам қатысты.
Қалалар мен аудандарда құқық бұзушылықтың, алаяқтықтың, буллингтің, сталкингтің және психоактивті заттарды тұтынудың алдын алуға бағытталған диалог алаңдары, білім беру кездесулері, спорттық және мәдени іс-шаралар өткізілді. «ЗАҢ.LAB» жобасы шеңберінде құқықтық қауіпсіздік және алаяқтықтан қорғану мәселелері бойынша практикалық түсіндірмелер алуға мүмкіндік болды. «Құқықтық дәріхана» акциясы Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларының үш ірі сауда-ойын-сауық орталығында, сондай-ақ аудан орталықтарында өтті. Жастардың қаржылық қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінуде. «Қаржы сақшысы» ойыны аясында бұл саладағы білімдерін 22 мың мектеп оқушысы мен колледж студенті тексерді. Оның қорытындысы бойынша 45 жеңімпаз анықталды.
Білім беру ұйымдарында да қауіпсіздік сабақтары мен құқықтық сағаттар өтуде. Қатысушыларға қауіпсіз мінез-құлық, жол жүрісі ережелері, өрт және су қауіпсіздігі, құқық бұзушылықтың, буллинг пен кибербуллингтің, интернет-алаяқтықтың және басқа да қауіп-қатерлердің алдын алу туралы айтылады.Жоба аясында сонымен қатар колледж студенттері үшін оқыту кездесулері ұйымдастырылып, «Тұра жол» жастар жобасы жүзеге асырылуда, ал іс-шараларда аудиториямен визуалды коммуникация элементі ретінде арнайы «Тәртіпбек» маскоты қолданылады.
Сонымен бірге өңірде «Заң мен тәртіп» амбассадорлары институты жұмыс істейді – белсенділер құрбы-құрдастарымен кездесулер өткізеді, қоғамдық бастамаларға қатысады және «тең-теңімен» форматында құқықтық сауаттылықты арттыруға көмектеседі.
Фото: ChatGPT
2026 жылғы 16 қыркүйекте білім бөлімінің жоспарына сәйкес білім беру мекемелері басшыларының кезекті кеңесі өтті. Кеңес барысында:
- Дарынды оқушылармен жұмыс жүргізу
- Оқушыларды олимпиадаларға дайындау
- МОДО нәтижелерін талдау
- Пилоттық жоба аясында аттестаттаудан өту мәселелері қаралды.
Жиын қорытындысында білім мекемелерінің басшыларына білім сапасын арттыру бағытында нақты тапсырмалар берілді.
Ертіс ауданында жазғы каникул кезеңі балалардың демалысын, сауықтырылуын, дамуын және пайдалы уақыт өткізуін ұйымдастыруға бағытталған іс-шараларға толы болды. Мектеп жанындағы және бейіндік лагерьлерде оқушылар үшін спорттық, шығармашылық, танымдық және профилактикалық іс-шаралар өткізілді.
Маңызды бағыттардың бірі қазақ тілін дамыту және насихаттау болды. Ауданның 7 мектебінде киіз үй лагерьлері жұмыс істеп, онда ұлттық ойындар, шығармашылық сабақтар, викториналар және балаларды қазақ тілімен, мәдениетімен және салт-дәстүрімен таныстыратын түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.
Құқықтық тәрбие мен құқық бұзушылықтың алдын алуға да ерекше көңіл бөлінді. Ертіс жалпы білім беретін мектебі №4 базасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, жауапты мінез-құлыққа және қауіпсіздік ережелерін сақтауға бағытталған тақырыптық іс-шара өткізілді.
Тамыз айы да мазмұнды өтті. Ауданның 30-дан астам оқушысы Баянауылдағы «Жас Дәурен» және Бурабайдағы «Звездный» сауықтыру лагерлерінде демалу мүмкіндігіне ие болды. Айта кетерлігі, 20 оқушының Бурабайдағы «Звездный» лагеріне баруы Ертіс ауданының кәсіпкерлерінің демеушілік қолдауының арқасында ұйымдастырылды. Кәсіпкерлер балаларға жолдамалар алып беріп, олардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға өз үлестерін қосты.
Лагерьлерде балалар спорттық, шығармашылық, мәдени-танымдық және командалық іс-шараларға қатысып, жаңа әсерлер алып, пайдалы дағдыларын жетілдірді.
Осылайша, Ертіс ауданындағы жазғы науқан балалардың демалысын, сауықтырылуын, тәрбиесі мен дамуын қамтып, ал кәсіпкерлердің қолдауы оқушылардың толыққанды жазғы демалысын ұйымдастыруға қосымша мүмкіндік берді.
1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Ертіс ауылындағы спорт алаңдарында футболдан жарыстар ұйымдастырылды.
Спорттық мерекеге әртүрлі жастағы қатысушылар қатысып, жас бүлдіршіндер мен жоғары сынып оқушылары өзара бақ сынасты. Жарыс барысында қатысушылар футболға деген сүйіспеншілігін, командалық бірлігін, жеңіске деген жігерін және спорттық шеберлігін көрсетті.
Көрермендер командаларды белсенді қолдап, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Әр ойын тартысты өтіп, қызықты сәттерге, спорттық рухқа және әділ бәсекеге толы болды.
Жарыс соңында AMANAT партиясы тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында барлық қатысушыларға тәтті сыйлықтар мен ақшалай жүлделер табысталды. Бұл балаларға ерекше қуаныш сыйлап, мерекелік көңіл-күйді одан әрі арттыра түсті.
Осындай спорттық іс-шаралар балалар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты дамытуға және достық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді.
Барша балаларды мерекемен құттықтап, зор денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй, спортта және өмірде толағай табыстар тілейміз!
2025-2026 жылғы оқу жылы мәреге жетті.
Ауданда білім беретін 25 мектептің оқушылары биылғы оқу жылын жақсы көрсеткіштермен табысты аяқтап отыр.
Білім бөлімінің ақпараты бойынша аудан мектептерінің оқушылары оқу жылы бойына әртүрлі интеллектуалдық, шығармашылық байқауларда, түрлі ғылыми жобаларда әр тарапты спорттық жарыстарға қатысып, жалпы саны 965 әртүрлі жүлделерге қол жеткізген
Оқушыларымыз пәндік олимпиадалар мен «Зерде» зерттеу жобаларының облыстың кезеңінің қортындысы бойынша 14 жүлделі орынды жеңіп алды. Осындай әртүрлі зерттеу жобаларының облыстық кезеңінде аудан орталығы мектептері немесе ірі мектептер ғана емес, шағын ауыл мектептері оқушыларының да үздіктер қатарынан көрінуі аудан үшін үлкен жетістік. Бұл аудан мектептерінің жылма жыл заманауи оқу құралдарымен жабдықталып, мектеп мұғалімдерінің кәсіби біліктілігі мен шеберліктерінің шыңдалып келе жатқанының белгісі.
Биылғы оқу жылы 225 оқушы 9-сыныпты, 138 оқушы 11-сыныпты бітірмек. Осылардың ішінен алты оқушымыз «Алтын белгіге үміткер. Ертіс №2 Айжан Әбиева мен Жансая Жүсіпова, Ертіс №4 мектебінен Полина Кириченко мен Камила Нұрсейтова, Ұзынсу мектебінен Мәдина Бакирова және Қызылқақ мектебінен Назерке Жігітжанова. Бес оқушымыз үздік аттестаттан үміткер Ертіс №2 мектебінен Томирис Қабжанова, Ертіс №4 Камила Кочуб пен Арина Шкиндер, Қарақұдық мектебінен Жансая Жұматай.
Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттаудың жаңа ережесін әзірлеу жұмысын жалғастырып жатыр. Қазіргі уақытта құжаттың жобасы талқылау және келісу кезеңінде.
Әлеуметтік желілерде таралып жатқан материалдар ресми бекітілген құжат болып табылмайды және ереженің соңғы редакциясы емес.
Дүйсенбі күні аталған мәселе бойынша ресми брифинг өткізіліп, құжат жобасына қатысты жан-жақты түсіндірме беріледі. Брифингтен кейін жоба кеңінен қоғамдық және азаматтық қоғам өкілдерінің талқылауына ұсынылады.
Педагогтер қауымдастығының, сарапшылар мен қоғам өкілдерінің пікірлері мен ұсыныстары Министрлік үшін маңызды. Ашық әрі мазмұнды талқылау нәтижесінде тиімді және әділетті жүйе қалыптастыру көзделеді.
Еліміздің білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Балалар кітапханасы» жобасын жүзеге асыру жалғасуда. Бұл шара шеңберінде білім беру ұйымдарында балалар әдебиеті онкүндігі басталды.
Ауқымды мәдени-ағартушылық бастама оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға, ғылыми-танымдық және көркем әдебиет арқылы рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға, сондай-ақ балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған.
Онкүндік аясында мектептерде кітап көрмелері, әдеби кездесулер, ертегі оқу сағаттары, шығармашылық байқаулар, пікірталастар және отбасылық оқу мәдениетін насихаттайтын түрлі форматтағы тәрбиелік-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Сонымен қатар бастама мектеп кітапханасының білім беру үдерісіндегі рөлін арттыруға, кітапханашылар, мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Жоба аясындағы іс-шараларға 1–11 сынып оқушылары, мектеп кітапханашылары, пән мұғалімдері, сынып жетекшілері және ата-аналар қатысуда.
Айта кетейік, аталған онкүндік балалар әдебиетінің үздік үлгілерін кеңінен насихаттауға, оқушылардың сөйлеу мәдениеті мен шығармашылық ойлауын дамытуға, сондай-ақ отбасылық кітап оқу дәстүрін қалыптастыруға бағытталған маңызды мәдени-ағартушылық бастама болмақ.
ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының Орталық Азия бойынша үйлестіру кеңсесінің басшысы әрі Қазақстандағы Елдік кеңсе өкілі Джерен Гювен Гюрэспен ресми кездесу өткізді. Басқосуға «БҰҰ-әйелдер» құрылымының Қазақстандағы бағдарламалар басшысы Дина Амришева да қатысты. Тараптар білім беру саласындағы іргелі реформаларды және бала құқықтарын қорғау тақырыбын талқылады.
Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасының нәтижелері туралы айтылды. Бүгінгі таңда елімізде 217 заманауи мектеп пайдалануға берілсе, оның 84-і ауылдық жерлерде бой көтерген. Министр бұл қадам ауыл мен қала арасындағы білім сапасының теңсіздігін жоюға және шалғай елді мекендерде халықаралық стандарттарға сай білім ошақтарының салынуына мүмкіндік бергенін айта келе, оқушылардың білім алу мүмкіндігін теңестіру - еліміздегі мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін атап өтті.
Білім саласындағы кадрлық әлеуеттің дамуына тоқталған Жұлдыз Сүлейменова: «Бүгінде елімізде педагогтердің 81 пайызы -әйелдер. TALIS-2024 халықаралық зерттеуінің қорытындылары отандық білім беру саласындағы оң нәтижелерді көрсетті. Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылған іргелі реформалардың арқасында мұғалімдердің 95 пайызы өз жұмысына көңілі толатынын, ал 80 пайызы кәсіби таңдау мүмкіндігі қайта берілсе, тағы да осы мамандықты таңдайтынын білдірген. Бұл көрсеткіштер мұғалім мәртебесін көтеруге бағытталған Президенттің іргелі реформаларының тиімділігін көрсетеді», - деді.
Балалардың құқықтық сауаты мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында министрлік 10 маңызды заңды ілгерілетті. Атап айтқанда, зорлық-зомбылыққа «нөлдік төзімділік» принципі енгізіліп, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтілді. 2025 жылғы заңнамалық жаңартулар аясында қорғаншылық талаптар күшейіп, бала құқықтарын қорғау бойынша өңірлік органдардың функциялары кеңейтілді және мемлекеттік бақылаудың жаңа тетіктері бекітілді.
Өз кезегінде Джерен Гювен Гюрэс Қазақстанның гендерлік саясат пен білім берудегі жетістіктерін жоғары бағалап, Министрлікті бірнеше бағыт бойынша серіктестікті нығайтуға шақырды. Кездесу соңында Жұлдыз Сүлейменова Мемлекет басшысының әйелдер қауымын қолдауға бағытталған саясатының маңыздылығын атап өтіп, мәртебелі мейманға Қазақстанның cаясаттағы әйелдері туралы кітапты тарту етті.
Ертіс ауданының Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектебінде «Ортақ тәжірибе-сапалы білім кепілі» аудандық жоба аясында, тірек магнит мектептерінің жұмысы барысында «Белсенді оқыту әдістері арқылы білім сапасын қалай арттыруға болады?» тақырыбында білім сапасын арттыруға бағытталған әдістемелік семинар ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі бағыттары: белсенді оқыту әдістері арқылы білім алушылардың білім сапасын арттыру, ЖИ (жасанды интеллект) құралдарын сабақта тиімді қолдану, функционалдық және оқу сауаттылығын дамыту. Семинар барысында мұғалімдер тиімді әдістермен бөлісіп, тәжірибе алмасу арқылы кәсіби байланыстарын нығайта алды және білім сапасын арттырудың нақты жолдарын ұсына білді. Әрбір ұсыныс – ертеңгі табысты сабақтың негізі, әрбір тәжірибе – оқушы жетістігінің баспалдағы. Бірге үйреніп, бірге дамығанда ғана – білім сапасы артады.