
Мазмұны:
1) ҚР Президентінің Қырғызстанға мемлекеттік сапары туралы
2) Сыртқы істер министрінің ҰҚШҰ-ның бірлескен отырысына қатысуы туралы;
3) Астана процесі аясында Сирия бойынша кезекті жоғары деңгейдегі халықаралық кездесу туралы
4) ЕО Кеңесінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша жұмыс тобының сапары туралы;
5) ЕО үш өңірлік бағдарламасын іске қосу туралы.
1. ҚР Президентінің Қырғызстанға мемлекеттік сапары туралы
27 қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбековтің шақыруымен Қырғызстанға мемлекеттік сапармен барады.
Президенттің сапар бағдарламасы Қырғызстан басшысымен екіжақты келіссөздерді жүргізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы Жоғары Мемлекетаралық Кеңесінің кезекті 5-ші отырысына қатысуды қарастырады.
Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелері қаралатын болады.
Тараптар мемлекеттер басшыларының бірлескен декларациясы және Жоғары Мемлекетаралық Кеңестің шешімдері, Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы 2020-2022 жылдарға арналған ынтымақтастық жөніндегі Кешенді Бағдарламаны, сондай-ақ басқа да үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдерді бекіту сияқты бірқатар екіжақты құжаттарға қол қоюды жоспарлап отыр.
2019 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша елдеріміз арасындағы тауар айналымы 389,4 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл ретте Қазақстаннан Қырғызстанға экспорт осы кезеңде 269,2 млн. АҚШ. долларын құрағанын атап өткен жөн.
Сондай-ақ, 28 қарашада Бішкекте Мемлекет басшысы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің сессиясына қатысады.
Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары ұйым қызметі аясындағы өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелерін талқылайды, сондай-ақ биылғы жылғы Ұйым қызметінің басым бағыттарын іске асырудың қорытындысын шығарады деп күтілуде.
Сонымен қатар, Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жоспарын, 2019-2021 жылдарға арналған БҰҰ-ның терроризмге қарсы жаһандық стратегиясын іске асыру жөніндегі Ұйым елдерінің ұжымдық іс-қимыл жоспарын, тәжік-ауған шекарасындағы шиеленісті азайтуға бағытталған қосымша шаралар тізбесін бекітуді жоспарлап отыр.
2. Сыртқы істер министрінің ҰҚШҰ-ның бірлескен отырысына қатысуы туралы
27 қарашада Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Бішкекте өтетін Ұжымдық қауіпсіздік туралы Шарт Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесі, Қорғаныс министрлері кеңесі, Қауіпсіздік кеңестері хатшылары Комитетінің бірлескен отырысына қатысады.
Іс-шара барысында Ұйымның өткен жылғы қызметінің қорытындысы шығарылады, халықаралық және өңірлік жағдай бойынша пікір алмасу өтеді, сондай-ақ Ұйымға мүше мемлекеттердің негізгі бағыттары бойынша ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері қаралатын болады деп күтілуде.
Сондай-ақ, отырыста Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің қызметі, Ұйым органдары рәсімдерінің ережелері, сондай-ақ Ұйым Бас хатшысын тағайындау рәсіміне байланысты құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізу туралы мәселелерді қарау жоспарлануда.
3. Астана процесі аясында Сирия бойынша кезекті жоғары деңгейдегі халықаралық кездесу туралы
10-11 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласында Сирия бойынша кезекті 14-ші Халықаралық жоғары деңгейдегі кездесу өтеді.
Оған гарант елдер – Иран, Ресей және Түркия, Сирия үкіметі және Сирия қарулы оппозициясы делегацияларының қатысуы жоспарлануда. Бақылаушылар ретінде БҰҰ, Иордания, Ливан және Ирактың жоғары өкілдері қатысады.
Күн тәртібіне келесі мәселелер кіреді:
- Сириядағы «жер бетіндегі» ахуал, Евфрат өзенінің арғы жағы және Идлиб мәселелеріне басымдық;
- тұтқындарды босату және із-түзсіз жоғалған адамдарды іздестіруді қоса алғанда, сенім шаралары;
- босқындарды қайтару және мемлекет ішінде қоныс аударған тұлғалар контекстінде Сирияға кешенді гуманитарлық көмек көрсетуді жандандыру, оның ішінде халықаралық конференция өткізу туралы тиісті бастамаларды талқылау;
- Конституциялық комитеттің іске қосылуы аясында саяси үдерісті ілгерілету.
Сондай-ақ, аталмыш кездесу «алаңында» БҰҰ мен Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің кепілдері мен сарапшыларының қатысуымен күшпен ұсталып отырған адамдарға арналған жұмыс тобының 10-шы отырысын өткізу жоспарланған.
4. ЕО Кеңесінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша жұмыс тобының сапары туралы
25-28 қарашада ЕО Кеңесінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша жұмыс тобы өкілдерінің Қазақстанға танысу сапары өтеді. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында болу шеңберінде Еуропалық дипломаттар Парламент Мәжілісінің депутаттарымен, Бас прокуратура, Сыртқы істер, Сауда және интеграция, Ұлттық экономика министрліктерінің басшыларымен екіжақты кездесулер өткізеді деп жоспарлануда.
Анықтама: COEST Еурокомиссия мен ЕО-ға мүше мемлекеттер арасындағы байланыстырушы орган рөлін атқарады. Ол Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықтың барлық аспектілері бойынша Еурокомиссияның жұмысын келіседі және бағыттайды. COEST құрамына ЕО-ға мүше мемлекеттердің 28 Тұрақты Өкілдіктерінің әрқайсысынан дипломаттар кіреді.
5. ЕО үш аймақтық бағдарламасын іске қосу туралы
28 қарашада Қазақстанның астанасында Еуропалық Одақтың сауданы дамыту, заң үстемдігі және Орталық Азиядағы іскерлік тартымдылық бойынша жалпы бюджеті 55,6 млн. еуроны құрайтын үш жаңа өңірлік бағдарламасын іске қосуға орайластырылған «Аймақтың өркендеуі үшін Орталық Азиядағы ықпалдастықты күшейту» атты конференциясы өтеді.
Бұл іс-шара біздің өңірдің теңдестірілген өсуіне қол жеткізу үшін ЕО-ның Қазақстан Республикасындағы өкілдігі, Еуропа Кеңесі, Халықаралық сауда орталығы және Экономикалық ынтымақтастық және даму жөніндегі Ұйыммен бірлесіп ұйымдастырылатын болады.
Форум жұмысына Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның үкіметтік делегациялары қатысады.