«Хабар» арнасында – жаңа маусым

«Хабар» арнасында – жаңа маусым

«Хабар» телеарнасында жаңа телевизиялық маусым басталды. Осы көктемде көрермендерді көптеген тосынсыйлар - жаңа бағдарламалар мен сүйікті жобалардың ерекше форматтағы шығарылымдары күтуде.

Мысалы, «Отдел журналистских расследований. Ближе к делу» бағдарламасы енді ток-шоу форматында ұсынылмақ. Эфирге жоғары лауазымды шенеуніктер, сарапшылар мен журналистер қонақ ретінде қатысады. Жаңа форматтағы бағдарлама ертең, 2 сәуір күні, сағат 22:00-де көрерменге алғаш рет жол тартады. «Біз жаңа форматта шығуды жоспарладық. Енді өткір мәселелерді тікелей эфирде талқылаймыз», - деді «Хабар» арнасы директорының м.а. және жоба жетекшісі Айгүл Әділова.

Көктемгі телевизиялық маусымда «Хабар» арнасында «Ерекше бақылауда», «Негізінде», «Басқа тақырып» сияқты жаңа бағдарламалар эфирге шығады.

Әр дүйсенбі және сейсенбі күндері сағат 20:35-те «Ерекше бақылауда» бағдарламасының жаңа шығарылымдары көрсетіледі. Жобаның жүргізушілері Нұрболат Үсен және Әмір Саменбетов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жауапты органдарға жүктеген тапсырмалары қалай орындалып жатқанын талқыға салады.

«Негізінде» жобасы әр күннің ең өзекті оқиғаларын талдауға бағытталған бағдарлама. Дүйсенбі-жұма күндері аралығында сағат 21:30-да «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде Бірлік Нұрмашев пен Әділхан Сахариев көрермендермен бірге маңызды мәселелерді ортаға салады.

«Басқа тақырып» бағдарламасы - жаңа форматтағы тың жоба. «Хабар» телеарнасының эфирінде әр дүйсенбі және сейсенбі күндері сағат 20:45-те әлеуметтік желілерде талқыланатын ең танымал тақырыптарды көтереді.

Жаңа маусымда «Хабар» телеарнасының тікелей эфир уақыты және бірегей контенті арта түседі. Арна көрермендерін қызықты концерттер мен жаңа сериалдармен қуантуды жалғастыратын болады.