Телерадио хабарларын тарату саласындағы заңнаманың сақталуын бақылау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитеті (бұдан әрі – Комитет) өз құзыреті шеңберінде келесіні хабарлайды.
«Телерадио хабарларын тарату туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – «Телерадио хабарларын тарату туралы» Заң) және Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2012 жылғы 29 маусымдағы №89/1 бұйрығымен бекітілген Телерадио хабарларын тарату қызметтерін көрсету қағидаларына телекоммуникация желілерін пайдалана отырып телерадио хабарларын таратудың жеке түрін реттеуге қатысты кейбір өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
«Телерадио хабарларын тарату туралы» Заңның 38-1-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес телекоммуникациялар желілерінде телерадио хабарларын тарату телекоммуникация хабарларының берілуін қамтамасыз ететін телекоммуникациялардың техникалық құралдарын және байланыс жолдарын пайдаланып теле-, радиоарналарды тарату жүйесін білдіреді. Телекоммуникация желілерінде теле-, радиоарналарды тарату теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметпен айналысуға арналған лицензия негізінде жүзеге асырылады.
«Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 28-бабының 1-тармағының 1)-тармақшасына сәйкес (бұдан әрі – «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заң) телерадиохабарларын тарату лицензияланатын қызмет түрі болып табылады. Осылайша, телерадиохабарларын тарату саласындағы қызметті лицензиялау теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметпен айналысуға лицензия алумен қатар жүреді.
Өз кезегінде «Телерадио хабарларын тарату туралы» Заңның 1-бабының 1-тармағының 18) тармақшасына сәйкес телерадио хабарларын тарату – телекоммуникациялардың техникалық құралдарын пайдалана отырып және телекоммуникациялар желілерінде теле-, радиоарналарды ашық немесе кодталған түрде тұтынушының жария қабылдауы үшін қалыптастыру және (немесе) тарату.
Осылайша, OTT және IPTV технологияларын пайдалана отырып телерадио хабарларын тарату «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңға сәйкес міндетті лицензиялануға жататын телекоммуникация желілерін пайдалана отырып телерадио хабарларын тарату қызметтерін білдіреді.
Жоғарыда айтылғандармен қатар, Комитет а.ж. ақпан айында Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 20 қаңтардағы №29 бұйрығымен бекітілген телерадио хабарларын тарату саласындағы қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесінің уәкілетті органда лицензиялау тәртібін реттеу бөлігінде түзетулер енгізгенін хабарлаймыз (Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2022 жылғы 17 ақпандағы №42 бұйрығы).
Бұл ретте айта кететін жайт, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 2-бабының 1-тармағына сәйкес азаматтардың, қандастардың және заңды тұлғалардың мүлікті пайдалану, тауарларды өндіру, сату, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету арқылы таза кіріс алуға бағытталған, жеке меншік құқығына (жеке кәсіпкерлікке) не шаруашылық жүргізу немесе мемлекеттік кәсіпорынды жедел басқару құқығына (мемлекеттік кәсіпкерлікке) негізделген дербес, бастамашыл қызметі кәсіпкерлік болып табылады. Кәсіпкерлік қызмет кәсіпкер атынан, оның тәуекел етуімен және мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылады.
Кодекстің 5-бабының 2-тармағына сәйкес кәсіпкерлік субъектілері Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған кез келген кәсіпкерлік қызмет түрлерін жүзеге асыруға құқылы.
Кодекстің 108-бабының 2-тармағына сәйкес кәсіпкерлік субъектілерінің «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі белгіленген қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) тиісті рұқсатты алмай немесе тиісті хабарламаны жібермей жүзеге асыруына жол берілмейді.
«Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі белгіленген қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыру басталғанға дейін кәсіпкерлік субъектілері рұқсатты алуға және ол жарамды болуға тиіс, ал хабарламаны кәсіпкерлік субъектісі жіберуге тиіс.
«Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңның 3-бабының 1-тармағының 2)-тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес рұқсат (ілеспе рұқсаттан басқа) алу және хабарлама жіберу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тұлғалар тобы үшін міндетті болып табылады, ал оларды алмай қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыру қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады.
Осылайша, телерадио хабарларын тарату саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның тиісті рұқсатынсыз телерадио хабарларын тарату қызметін көрсеткені үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілік көзделген.
Лицензиялау рәсімі «Е-лицензиялау» мемлекеттік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы «Теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметпен айналысуға лицензия беру» бөлімінде жүзеге асырылатынын, «телекомуникация желілерінде» телерадио хабарларын тарату түрі қосымша беті көзделгенін атап өтеміз. Бұл ретте, осы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы өтінішті қалыптастыру кезінде лицензия алушы өзінің нақты қызмет түріне сәйкес келетін телерадио хабарларын тарату түрін таңдауы қажет.
Осыған байланысты, Комитет телекоммуникация желілерін пайдалана отырып теле -, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметті жүзеге асырған жағдайда уәкілетті органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен телерадио хабарларын тарату субъектілері және байланыс операторларының лицензиялау рәсімін өту қажеттілігі туралы хабарлайды.