GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Әкім аппараты
Онлайн қабылдау
Құжаттар
Қызметі
Байланыс ақпарат
Все материалы
14 октября 2026
Президент тапсырмасына сәйкес автожол саласын реформалау жөніндегі үкіметтік жұмыс тобы құрылды

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің өкімімен Мемлекет басшысының Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында берген тапсырмаларын жүзеге асыру аясында автожол саласын реформалау жөніндегі жұмыс тобы құрылды, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Жұмыс тобына жол құрылысының қолданыстағы жүйесі мен оның сапасын бағалау тәсілдерін қайта қарау, стандарттар мен құрылыс нормаларын жаңарту міндеті жүктелді. Саланы басқарудың жаңа тетігі, оның ішінде цифрлық шешімдерді де ескере отырып, жол инфрақұрылымын жақсартуға, мемлекеттік қаражатты пайдаланудың тиімділігі мен ашықтығын арттыруға бағытталады.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары басқаратын жұмыс тобына көлік, өнеркәсіп және құрылыс, қаржы, ішкі істер, экология және табиғи ресурстар, энергетика министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокурорының орынбасары, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК, «ҚазжолҒЗИ» АҚ, «Мемсараптама» РМК, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ өкілдері, сондай-ақ сала сарапшылары мен Құрылтай депутаттары кірді.

Премьер-министр осы жылдың 1 желтоқсанына дейін автожол саласын түбегейлі реформалау бойынша, оның ішінде заңнамалық шараларды қамтитын ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

14 октября 2026
Қазақстанда 76 мың стандарттау құжаты бар

Елімізде ұлттық стандарттау жүйесінің дамуының маңызды негізі - қалыптасқан инфрақұрылым. Ол өнімдерге, процестерге және көрсетілетін қызметтерге бірыңғай талаптарды қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда Нормативтік-техникалық құжаттардың бірыңғай қорында 76 мың  құжат бар. Оның ішінде 9 мыңнан астамы - ұлттық стандарт, 27 мыңнан астамы – мемлекетаралық стандарттар, сондай-ақ 37 мыңнан астамы – халықаралық және шетелдік стандарттау. Қазақстан экономикасының барлық негізгі саласы ұлттық стандарттармен қамтылған. Бұны ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Қанат Қабылбеков ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның айтуынша, қоршаған ортаны қорғау және қауіпсіздік, метрология және өлшемдер, мұнай-газ өнеркәсібі, тамақ технологиялары, сондай-ақ көрсетілетін қызметтер, басқару, көлік және әкімшілік салаларында стандарттардың ең көп саны шоғырланған.

«Ақпараттық технологиялар, металлургия, машина жасау және химиялық технология салаларында айтарлықтай нормативтік қор қалыптастырылды. Бұл стандарттаудың салаларды кең көлемде қамтығанын айғақтайды. Сонымен қатар стандарттар басқа да маңызды бағыттарды қамтиды: құрылыс және құрылыс материалдары, электр техникасы, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, энергетика, теміржол көлігі, авиация, автомобиль жасау және телекоммуникация бағыттары. Осылайша, ұлттық стандарттау жүйесі өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндіріс процестерін жетілдіру және отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін дамыту үшін нормативтік негіз қалыптастырады», – деді спикер.

Бұл ретте ұлттық стандарттарды қолдану деңгейі 74%-ды құрайды. Бұл стандарттардың кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметіндегі, сондай-ақ өнім сапасын қамтамасыз ету үшін бірыңғай тәсілдерді қалыптастырудағы рөлі маңызды екенін көрсетеді.

Қазіргі таңда болат құбырлардың интерференциялық механикалық қосылысы жөнінде ұлттық стандарт әзірленуде. Жұмыс Қазақстанда MIF технологиясын интеграциялау және Инвестициялық штаб арқылы оны пысықтау аясында жүргізілуде. Техникалық негіздемеге сәйкес, бұл технология құбырларды салуды 3-5 есе жылдамдатуға мүмкіндік береді.

Мұндағы басты міндет – мұнай-газ саласында оны қолдану үшін нормативтік негізді қалыптастыру. Мұнай-химия саласында заманауи қоса экструзиялау технологияларын ескеретін көп қабатты полиэтилен үлдірге арналған стандарт әзірленуде.

Сонымен қатар Қазақстанда болат өнімдер өндірісін құру жобасын сараптамалық-нормативтік сүйемелдеу пысықталуда. Қытай серіктестерімен бірлесіп, метрологиялық және сынақ инфрақұрылымын дамыту жобалары да қарастырылуда – бұл шығынөлшегіштерді салыстырып тексеру мен калибрлеуден бастап, өнеркәсіптік өнімдерді сынауға және энергетика саласындағы ынтымақтастыққа дейінгі ауқымды қамтиды.

13 октября 2026
Қазақстан Президенті Бельгиялықтар Королімен және Патшайымымен бірге Ұлттық музейге барды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Король Филипп және Патшайым Матильдамен бірге Ұлттық музейді аралады.

Мәртебелі меймандар музей кешенінің сәулеттік ерекшеліктерін және Ұлы даланың мәдени-тарихи мұрасын паш ететін экспозициялар кеңістігін тамашалады.

Әсіресе, бірегей археологиялық қазбалар, ежелгі зергерлік өнер үлгілері, соның ішінде Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» мен Берел, Талды-2, Тақсай, Шілікті обаларынан шыққан алтын бұйымдар қойылған Алтын залына ерекше назар аударылды.

Этнография залында қонақтар қазақ халқының салт-дәстүрімен, тұрмысымен, материалдық және рухани мәдениетімен танысты.

Сондай-ақ бельгиялық суретші Джеймс Энсор шығармаларының көрмесі ұсынылды.

Бельгиялықтар Королі мен Патшайымы Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.

13 октября 2026
Қазақстанда 17 мың шақырым электр желілерін жаңғырту толық аяқталды

Күзгі-қысқы кезеңге дайындық аясында елімізде электр желілеріне күрделі жөндеу бойынша жоспарланған жұмыстардың көлемі орындалды. Биыл 17,1 мың шақырым электр беру желісі, 444 қосалқы станция және 3,4 мыңнан астам тарату және трансформаторлық пункт жөнделді, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігі.

Жұмыстар еліміздің барлық өңірінде жүргізіліп, электрмен жабдықтаудың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жөндеу жұмыстарының ауқымды көлемі Ақмола облысында іске асырылды. Өңірде 2,6 мың шақырымнан астам электр беру желісі, 49 қосалқы станция және 555 тарату және трансформаторлық пункт жөнделді.

Павлодар облысында 2 444 шақырым электр беру желісіне, 52 қосалқы станцияға және 609 тарату және трансформаторлық пунктке күрделі жөндеу жүргізілді.

Жамбыл облысында 1,8 мың шақырымнан астам электр беру желісі, 63 қосалқы станция және 316 тарату және трансформаторлық пункт жөндеуден өтті.

Атқарылған шаралар электр желілері шаруашылығының жылыту маусымынан сенімді өтуге дайындығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

12 октября 2026
Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Конституциясы 88-бабының 5 тармағына сәйкес Премьер-министр Олжас Бектеновпен және Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебаймен консультация өткізгеннен кейін «Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» Жарлыққа қол қойды.

Орталық сайлау комиссиясына барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау, оның дайындығы мен өткізілуін ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды қабылдау тапсырылды.

Жарлық жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

12 октября 2026
Мемлекет басшысы Премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен консультациялар өткізді
Мемлекет басшысы Премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі бойынша консультация өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың заңды мүдделерін қамтамасыз ету, жергілікті бюджеттерді бекіту және өңірлердің дамуын бақылау үшін мәслихаттардың толыққанды жұмысының маңызды екенін атап өтті.

Президент депутаттық корпусты жаңарту жергілікті өкілді органдардың қызметін едәуір күшейтетініне сенім білдірді.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 88-бабының 5-тармағына сәйкес жүргізілген консультациялар барысында Премьер-министр Олжас Бектенов пен Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай қарастырылып отырған мәселеге қатысты өз ұсыныстарын жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша Президент Конституцияның негізгі ережелеріне толық сәйкес және айтылған пікірлерді ескере отырып, түпкілікті шешім қабылдайтынын айтты.

 
 
 
 
12 октября 2026
Қазақстанда жылыту маусымына дайындық аясында көмір тасымалы үздіксіз жүзеге асырылуда

Елімізде 2026 жылдың 9 айында теміржол көлігімен көмір тасымалдау көлемі 77,8 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5%-ға көп (2025 жылдың 9 айында – 76,6 млн тонна). Оның ішінде 25 млн тонна экспортқа жөнелтілсе, 51 млн тоннадан астамы ел ішінде тасымалданды, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігі.

Жаңа жылыту маусымына дайындық басталғалы, ағымдағы жылдың 1 мамыры мен 30 қыркүйегі аралығында республика бойынша 28,1 млн тонна көмір тасымалданды. Бұл көлем өткен жылғы тиісті кезеңдегі көрсеткішпен бірдей. Оның ішінде 25,8 млн тонна көмір жылу электр орталықтарына (ЖЭО), 2,3 млн тонна коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге жөнелтілді. Барлық ЖЭО-да отын қоры белгіленген нормативтен жоғары немесе нормативтік деңгейде.

Ағымдағы жылыту маусымында коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге арналған көмірге жоспарлы сұраныс 7,3 млн тоннаны құрайды. Бұл өткен маусыммен салыстырғанда 154 мың тоннаға аз. Сұраныстың төмендеуі елдегі газдандыру деңгейінің артуына байланысты.

Тасымалдауды қамтамасыз ету үшін жалпы паркі 27 мың жартылай вагоннан тұратын «Қазтеміртранс» АҚ-ның 18,5 мың вагоны жұмылдырылды. Жүктеме жоғары кезеңдерде 3 мың вагонға дейін резерв қалыптастырылады. Жылжымалы құрам паркі көмір тасымалдау қажеттілігін толық қамтамасыз етеді.

Жылыту маусымына көмір тасымалдары штаттық режимде жүзеге асырылуда. Жылжымалы құраммен қамтамасыз ету бойынша шектеулер мен мәселелер байқалмайды.

12 октября 2026
Қазақстан FIRST Global Challenge 2026 чемпионатында әлемнің үздік төрттігіне енді

Қазақстан ұлттық құрамасы Корея Республикасының Инчхон қаласында өткен FIRST Global Challenge 2026 халықаралық спорттық робототехника чемпионатында әлемдік рейтингтің үздік төрттігіне енді. Байқауға әлемнің 185 елінен командалар қатысты, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

Қазақстандық оқушылар іріктеу кезеңіндегі 11 кездесудің барлығында жеңіске жетіп, плей-офф кезеңіне жолдама алды. Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама әлемдік рейтингте төртінші орынға ие болып, инженерлік дайындық пен командалық жұмыстың жоғары деңгейін көрсетті.

Қазақстан құрамасы бұған дейін төрт жыл қатарынан FIRST Global Challenge чемпионатының жеңімпазы атанған болатын. Биылғы нәтиже де отандық оқушылардың халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ұлттық құрама сапында Алматы қаласындағы М. Ганди атындағы №92 мектеп-лицейінің 9–11-сынып оқушылары Хусейн Мақсұт, Нұртас Серік, Аспандияр Бердали және Арнур Абдулла, сондай-ақ Ы. Алтынсарин атындағы №159 гимназиясының оқушысы Ерасыл Ендібай өнер көрсетті.

Ұлттық құрама Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен USTEM Foundation қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырған іріктеу нәтижесінде жасақталды. Бұл жұмысқа Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub халықаралық инновациялық кластері қатысып, Astana Motors құрамындағы OMODA & JAECOO брендтері қолдау көрсетті.

12 октября 2026
Жаңа өндіріс орындары, жолдар мен тұрғын үйлер: бір аптада Қазақстан өңірлерінде қандай нысандар ашылды

Еліміздің өңірлерінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өнеркәсіпті дамытуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған тапсырмаларын жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда. Өткен аптада бірнеше облыста жаңа өндіріс орындары іске қосылып, республикалық маңызы бар автомобиль жолын жаңғырту жұмыстары аяқталды, тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Сонымен қатар спорт инфрақұрылымы кеңейтіліп, қоғамдық орындар абаттандырылды, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Өнеркәсіп және өңдеу

Жетісу облысының Алакөл ауданына қарасты Екпінді ауылында айына 1,8 мың тоннаға дейін өсімдік майын өндіретін кәсіпорын іске қосылды. «New Silver Central Asia Grain & Oil» ЖШС-нің жобасында жергілікті өндірушілер ауыл шаруашылығы шикізатын өңдейді. Инвестиция көлемі 61 млн теңгеден асып жығылды, тұрақты жұмыс орындары ашылды. Жаңа өндіріс майлы дақылдарды өңдеу көлемін ұлғайтып, жергілікті шаруалар үшін қосымша өткізу нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Алматы облысының Іле ауданына қарасты М.Түймебаев ауылында жылына 400 тоннаға дейін балық өндіруге есептелген «Бақыт» балық өсіру кәсіпорны ашылды. Инвестиция көлемі 500 млн теңгені құрады. Шаруашылық арнайы торлы қоршауларда балық өсірумен қатар, балық шаруашылығына арналған торлы құрылымдар мен қосалқы бөлшектер шығарады. Кәсіпорын қазірдің өзінде 100 тоннадан астам балық өндіріп отыр. Алдағы уақытта өндіріс көлемін жылына 400 тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Өнім Қазақстанның алты өңіріндегі шаруашылықтарға жеткізіледі. Өндірісті кеңейтіп, жұмыс орындарының санын 15-тен 45–50-ге дейін арттыру көзделген.

Абай облысының Семей қаласында «Техноавиа – Қазақстан» компаниясы арнайы аяқ киім өндірісін іске қосты. Жаңа өндіріс жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның базасында ашылды. Мұнда 2023 жылдан бері арнайы және корпоративтік киім шығарылады. Тігін өндірісінің қуаты жылына 160 мың бұйымды құрайды, өнімнің шамамен 85%-ы экспортқа жөнелтіледі. Жаңа аяқ киім фабрикасында 30-дан астам жұмыс орны ашылды. Компания фирмалық сауда нүктесін де ашып, өңірдің алты ірі кәсіпорнымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

 

Көлік инфрақұрылымы

Шығыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары» автомобиль жолының 437–450 шақырым аралығындағы 13 шақырымдық учаскесін жаңғырту аяқталды. Жоба 2025–2026 жылдары жүзеге асырылды. Жаңартылған учаскеге жаңа асфальт төселіп, 17 су бұру науасы мен үш су өткізгіш құбыр салынды, жол қауіпсіздігі элементтері орнатылды. Жаңғырту жұмыстары Катонқарағай ауданы елді мекендерінің көлік қатынасын жақсартып, Шығыс Қазақстанның туристік нысандарына жетуді жеңілдетеді.

 

Тұрғын үй құрылысы және баспанамен қамту

Қызылорда қаласында Сырдарияның сол жағалауында жалпы ауданы 12 мың шаршы метр болатын, 168 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Пәтер кілттері баспана кезегінде тұрған азаматтарға табысталды. Соңғы төрт жылда өңірде кезекте тұрған азаматтарға 7,5 мыңнан астам пәтер беріліп, 30 мыңнан астам адамның тұрғын үй жағдайы жақсарды. 2026 жылдың соңына дейін тағы 2 мыңға жуық пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданына қарасты Жымпиты ауылында 72 отбасы жаңа пәтерге ие болды. Жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтар үшін үш қабатты екі тұрғын үй салынды. Жыл соңына дейін өңірде осы санаттағы баспана кезегінде тұрған азаматтардың жартысын тұрғын үймен қамту жоспарланып отыр.

Шымкент қаласының Бозарық, Ақжайық және Асар-2 шағынаудандарында тағы 30 отбасыға пәтер кілті табысталды. Баспананы «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларының қатысушылары алды. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, толық емес отбасылар және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар.

 

Спорт инфрақұрылымы және абаттандыру

Жетісу облысының Алакөл ауданына қарасты Қабанбай ауылында ауданы 2 мың шаршы метрден асатын спорт кешені ашылды. Нысанда ойын спорт түрлеріне, боксқа, күреске және жалпы дене дайындығына арналған төрт мамандандырылған зал бар. Мұнда бір мезгілде 80 бала жаттыға алады. Жалпы, 300-ге жуық жасөспірімді спортпен қамту жоспарланған. Облыс құрылғаннан бері өңірде 40 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді, оның жетеуі Алакөл ауданында орналасқан.

Түркістан облысының Созақ ауданына қарасты Жуантөбе ауылында жаңа спорт кешені ашылды. Ғимаратта бокс және күрес залдары, жаттығу залы, медициналық кабинет пен жаттықтырушыларға арналған бөлмелер бар. Нысанның құрылысы 2026 жылдың мамырында басталып, облыстық және аудандық бюджет қаражаты есебінен жүргізілді.

09 октября 2026
Тоғыз айда 114 мыңнан астам қазақстандық Skills Enbek платформасында оқудан өтті

2026 жылдың тоғыз айында Skills Enbek онлайн-платформасында 114,8 мыңнан астам адам оқудан өтті. Олардың шамамен 47%-ы –  ауылдық елді мекендердің тұрғындары. Оқуды аяқтағандардың 43,3 мыңы – жұмыссыз азаматтар. Оның ішінде 16-34 жас аралығындағы 12,3 мың жас және ауыл тұрғындарының 23,5 мыңы бар, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Skills Enbek азаматтарға қосымша білім алып, жұмыс барысында және жұмысқа орналасу кезінде қажет болатын дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Онлайн форматта оқу орталығына бармай-ақ, өзіне ыңғайлы уақытта білім алуға болады. Курстар компьютер арқылы да, Enbek мобильді қосымшасы арқылы да қолжетімді.

Қазіргі уақытта платформада 1,3 млн-нан астам пайдаланушы тіркелген. Платформа жұмысын бастағаннан бері 1,29 млн-нан астам сертификат берілді. Мұнда түрлі ұйымдардың авторлары әзірлеген 565 курс қолжетімді. Оның 60%-дан астамы тегін.

Пайдаланушылар арасында ақпараттық технологиялар, қаржы және бухгалтерлік есеп, әлеуметтік қызмет көрсету, тұрғын үймен қамту және тамақтану саласы, сауда мен қойма, сондай-ақ ауыл шаруашылығы бағытындағы курстар жоғары сұранысқа ие.

Оқу курсын аяқтап, қорытынды тестілеуден сәтті өткендер электрондық сертификатқа ие болады. Мәліметтер Enbek.kz Электрондық еңбек биржасында жасалған түйіндемеге автоматты түрде енгізіледі. Бұл жұмыс іздеушіге өзінің кәсіби профилін толықтыруға, ал жұмыс берушіге кандидаттың алған білімі мен меңгерген дағдылары туралы ақпаратпен танысуға мүмкіндік береді.

Платформа жұмыс іздеушілерге, сондай-ақ білімін жетілдіріп, жаңа құралдарды меңгеруге немесе біліктілігін арттыруға ниетті мамандарға да қолжетімді.

Онлайн оқытуды дамыту арқылы азаматтардың кәсіби білім алуға қолжетімділігі артып, еңбек нарығындағы мүмкіндіктері кеңейеді. Бұл – Министрлік жұмысының маңызды бағыттарының бірі.

Skills.enbek.kz сайтында қолжетімді курстармен танысып, жаңа білім мен дағдыларды меңгеруге болады.

 

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы