Балалардың терезеден құлап кетуіне жол бермейміз!
Қазақстан Республикасының құрылыс, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативі «Қазақстан Республикасының Құрылыс нормалары № 3.02-01-2023» «Көппәтерлі тұрғын үйлер» 5.3.9 тармағы «Көппәтерлі тұрғын үйлердің жобалануы мен құрылысы терезе конструкцияларының ашылатын элементтерінен адамдардың кездейсоқ құлап кетуін болдырмау шараларын ескере отырып жүзеге асырылады. Жарақаттануды және балалардың құлап кету мүмкіндігін болдырмау мақсатында терезе блоктары қауіпсіздік құлыптарымен жабдықталуы тиіс».
Жыл сайын көктемнің басталуымен балалардың терезеден құлап кетуіне байланысты жазатайым оқиғалардың саны артып келеді. Балалар түрлі жарақат алады және, өкінішке орай, өлім жағдайлары жиі кездеседі.
Әдетте, балалардың құлауы ересектердің тиісті бақылауы болмаған кезде орын алады, балалар терезе жанында тұрған жиһаз заттарын пайдалана отырып, терезе алдына өз бетімен шығады, маса торына сүйеніп, онымен бірге терезеден құлап кетеді.
Сол себептен ата-аналар үшін жадынама дайындадық:
- Көп жағдайда балалардың құлауы ата-аналар оларды қараусыз қалдырғанда болады. Кішкентай балаларды жалғыз қалдырмаңыздар!
- Терезе алдына балалар шыға алмайтындай етіп барлық жиһаз түрлерін алыстатыңыздар.
- Маса торларына сенбеңіздер. Олар құлаудан қорғауға арналмаған. Керісінше, маса торы трагедияға себеп болуы мүмкін, себебі бала өзін қауіпсіз сезініп, терезеге де, маса торына да сүйенеді. Көп жағдайда балалар осы торлармен бірге құлап кетеді.
- Мүмкіндігінше терезелерді төменнен емес, жоғарыдан ашыңыздар.
- Балалар терезені бірнеше сантиметрден артық аша алмайтындай арнайы бекіткіштерді қойыңыздар.
- Терезелерді қорғау үшін терезе торларын орнатыңыздар. Торлар ашық терезелерден балалардың құлауынан қорғайды. Егер терезенің барлық көлеміне тор орнатсаңыздар, өрт жағдайында оны тез ашу мүмкіндігі болуы тиіс.
- Егер сіз балаңызға терезеден бір нәрсе көрсетіп тұрсаңыздар, оны әрқашан мықтап ұстаңыздар, баланың кенеттен қозғалатынына дайын болыңыздар, алақандарыңызды құрғақ ұстаңыздар, баланы киімінен ұстамаңыздар.
Құрметті ата-аналар! Балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға аса жауапкершілікпен қарап, олардың терезелерден құлау мүмкіндігін болдырмау шараларын қабылдауларыңыз қажет.