Жалпы мағлұмат
1992 жылғы 19 ақпанда екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнатылды.
1995 жылы ҚР-дың Аустриядағы Елшілігі ашылды.
2007 жылы Аустрияның Қазақстандағы Елшілігі ашылды.
2020 жылғы қазаннан бастап Қайрат Омаров ҚР-дың Аустриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарады.
2020 жылғы қыркүйектен бастап Вилли Кемпель Аустрияның Қазақстандағы Елшісі қызметін атқарады.
Саяси ынтымақтастық
Ең жоғары деңгейдегі кездесулер:
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев Аустрияда төрт рет ресми сапармен болды (1993 жылғы ақпанда, 2000 жылғы ақпанда, 2004 жылғы қыркүйекте және 2012 жылғы қазанда).
Қазақстанға Аустрия Федералды президенті Х. Фишер ресми сапармен бір рет келді (2010 жылғы 3 желтоқсанда Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитіне қатысу мақсатында ).
Саяси тұрғыда Қазақстан мен Аустрия қазіргі әлемнің өзекті мәселелері бойынша ұқсас ұстанымдарды ұстанады. Екі тарап халықаралық құрылымдарда екі елдің бастамаларына өзара қолдау көрсетудің қалыптасқан тәжірибесін оң бағалайды, бұған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелікке тиісті өтінімдерді қолдау, Аустрияның Қазақстанның ДСҰ-ға кіруін, Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесін, сондай-ақ Қазақстанның 2017 жылы Аустрияның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын қолдауы.
Жоғары деңгейдегі кездесулер (2018-2021 жж.):
Сыртқы саяси ведомстволардың басшылығы деңгейіндегі қатынастардың дамуына 2018 жылы қыркүйекте өткен ҚР Сыртқы істер министрі Қ. Әбдірахмановтың Нью-Йорктегі БҰҰ БА шеңберінде Аустрияның Сыртқы істер министрі К. Кнайссельмен және желтоқсанда Миланда ЕҚЫҰ СІМК-мен өткен кездесулері ықпал етті.
2018 жылғы 16 қазанда Венада ҚР-дың Бас прокуроры Қ. Қожамжаров пен Аустрияның Конституция, реформалар, қайта реттеу және әділет Федералды министрі Й. Мозер арасында өткен келіссөздер нәтижесінде бірлескен мәлімдеме қабылданды.Онда тараптардың қылмысқа қарсы күресте ынтымақтастықты дамытуға дайындығы көрсетілді.
2019 жылғы қазанда Венада ҚР-дың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы А.Шпекбаев және Аустрия Федералды ІІМ сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюросының директоры А. Визельтхаллер кездесу өткізді.
2021 жылғы 21 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-шы сессиясы аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді Аустрияның сыртқы саяси ведомствосының басшысы А.Шалленбергпен кездесіп, оның барысында тараптар екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, оның ішінде озық технологиялар саласындағы, визалық режимді жеңілдету, ядролық қауіпсіздік және қару-жарақты бақылау мәселелерінде көпжақты алаңдардағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
2021 жылғы 27-28 қыркүйекте Қазақстанның халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылын кеңейту және әріптестік байланыстарын нығайту, сондай-ақ Аустриямен екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылау мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Арнайы өкілі Е.Қазыханның Венаға жұмыс сапары өтті.
Сапар аясында ЕҚЫҰ Бас хатшысы Хельга Шмидпен, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (БҰҰ ЕҚБ) атқарушы директоры Гада Уәлимен кездесулер, сондай-ақ Аустрия Парламенті депутаттарының тобымен, Федералдық Президент Әкімшілігінің және Аустрияның сыртқы саяси ведомствосының басшылығымен келіссөздер өткізілді.
2021 жылғы 5 қарашада Бішкектегі Бірінші экономикалық форумға қатысу шеңберінде Қазақстан Республикасы Президентінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Арнайы өкілі Е. Қазыхан Аустрияның Еуропалық және халықаралық істер жөніндегі федералдық министрі М.Линхартпен кездесті.
2022 жылғы 19 қаңтарда Венаға жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді Аустрияның сыртқы саяси ведомствосының басшысы А. Шалленбергпен кездесіп, ҚР-дағы қаңтар оқиғаларына байланысты түсініктемелер берілді. Сондай-ақ, Қазақстан-Аустрия қатынастарының жай-күйі мен перспективалары, оның ішінде диппаспорт иелері мен адамдардың реадмиссиясы үшін визасыз режим орнату мәселелері талқыланды.
Парламентаралық ынтымақтастық
Аустрияға сапарлар:
- ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қ. Тоқаев (2007 ж.ақпан, 2009 ж.ақпан, 2010 ж. ақпан, 2011 ж. ақпан, 2016 ж. ақпан), ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қ. Мәми (2012 ж. ақпан, 2013 ж. ақпан), ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Н. Нығматулин (2019 ж. 19-22 ақпан, 2021 ж. 6-8 қыркүйек).ҚР-ға сапарлар:
- Аустрия Парламенті Федералдық кеңесінің президенті И.Аппе (2019 ж.26-29 маусым), Аустрия Парламенті Федералдық кеңесінің президенті К. Бадер (2019 ж. 23-24 қыркүйек).
Аустрия Парламентінде Орталық Азия елдеріндегі әріптестермен ынтымақтастық тобы жұмыс істейді. ҚР Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінде Орталық Еуропа елдерімен, соның ішінде Аустриямен ынтымақтастық жөніндегі топтар қызмет атқарады.
Қазақстанның парламенттік делегациялары жыл сайын дәстүрлі түрде Венада өтетін ЕҚЫҰ ПА-ның қысқы отырыстарына қатысады.
Көпжақты ынтымақтастық
Қазақстан мен Аустрия халықаралық ұйымдар шеңберіндегі бастамаларды, сондай-ақ халықаралық құрылымдардағы кандидаттарды өзара қолдау көрсетудің қалыптасқан тәжірибесін ұстанады.
Аустрия Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге, ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге және 2017-18 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелікке берген өтінімдерін қолдады.
Қазақстан Аустрияның 2017 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету және 2027-28 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі жұмысына қатысу туралы өтінімдерін қолдады.
2017 жылғы желтоқсанда Аустрия Парламенті 2015 жылғы 21 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда қол қойылған ҚР мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады.
Қазақстан ядролық сынақтардың гуманитарлық зардаптары жөніндегі аустриялық бастаманы қолдады. Өз кезегінде, Аустрия – Қазақстанның Ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу жөніндегі Жалпыға ортақ декларация туралы БҰҰ БА қарарын қабылдау бойынша ұстанымын қолдады.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық
Аустрия Қазақстанның жетекші сауда серіктестерінің бірі: ЕО елдері арасында ол екіжақты сауда көлемі бойынша 9-шы орында. Өз кезегінде, Қазақстан Республикасы ТМД елдері арасында Аустрия үшін (Ресейден кейін) сауда көлемі бойынша екінші сауда серіктесі болып табылады.
Қазақстан мен Аустрия арасындағы тауар айналымы 2021 жылғы қаңтар-тамыз аралығында 106,6 млн. АҚШ долл. құрады (экспорт – 1,2 млн., импорт – 105,4 млн.).
2020 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 158,8 млн. АҚШ долл., бұл 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 12,8%-ға төмен (2019 жылы – 181,8 млн.). 2020 жылы экспорт 5,8%-ға төмендеп, 3,3 млн. құрады, импорт 12,7%-ға азайып, 155,5 млн. АҚШ долларға тең.
Қазақстаннан Аустрияға экспорттың негізгі тауарлары: тантал және одан жасалған бұйымдар, бериллий, хром, германий, ванадий, галлий және басқа да сирек металдар, электр шамалары мен сәулелерін өлшеуге және бақылауға арналған аппаратура, ферроқорытпалар, балық сүбесі және балықтың өзге де еті (фаршты қоса алғанда), электр трансформаторлары болып табылады.
Қазақстанға Аустриядан келетін импорттың негізгі тауарлары: вакциналар, қаннан жасалған сарысулар, дәрілік заттар, ірі қара мал, жеңіл көліктер, қара металдардан жасалған металл конструкциялары, телефон аппараттары болып табылады.
Аустрияның статистикалық ведомствосының деректеріне сәйкес, 2021 жылғы қаңтар-тамыз кезеніңде екіжақты тауар айналымы 965,1 млн. еуро құрады. Ал, экспорт – 857,9 млн. еуро. Оның басым бөлігі (98,5%) мұнай мен мұнай өнімдеріне тиесілі. Қалғаны – металл бұйымдары, балық/шаян тәрізділер, бейорганикалық химиялық өнімдер, темір және болат. Импорт – 107,2 млн. Еуро көлемінде.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 42 аустриялық компания іс-әрекет жасайды, олардың арасында Kapsch, Liebherr, Gebrüder Weiss, Andritz Hydro, Herz Armaturen, Red Bull, Swarovski, Frey Wille, Trodat, Colop, Julius Blum және басқа танымал аустриялық брендтері.
Екіжақты экономикалық ынтымақтастық саласындағы тиімді құралы ретінде экономикалық, ауыл шаруашылығы, табиғатты қорғау, өнеркәсіптік, техникалық және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Аустрия үкіметаралық комиссиясы (ҮАК) болып табылады. ҮАК тең төрағалары: Қазақстан тарапынан – Сауда және интеграция Вице-министрі Қ.Төребаев, Аустрия тарапынан – Цифрландыру және экономика федералдық министрлігінің Бас директоры Ф. Фраушер.
ҮАК 10-шы отырысы 2021 жылғы 23 қыркүйекте Қазақстанда (Нұр-Сұлтан қ.) өтті. ҮАК-тің келесі 11-ші отырысы 2022 жылы Аустрияда жоспарланған.
Қазақстан мен Аустрия арасындағы үкіметаралық деңгейде үш жұмыс тобы бар: көлік инфрақұрылымы, гидроэнергетика және ЖЭК, сондай-ақ медициналық техника тақырыптарына арналған.
2012 жылдан бастап екіжақты Қазақстан-Аустрия Іскерлік кеңесі жұмыс істейді (8-ші отырысы 2021 жылғы 22 қыркүйекте Қазақстанда орын алды). Тең төрағалары – ҚР Машина жасаушылар одағының төрағасы М. Пішембаев пен Аустрия Экономикалық палатасының Вице-президенті Р. Шенц. Іскерлік кеңестің келесі 9-шы отырысы 2022 жылы Аустрияда жоспарланған.
ҚР-дың Аустриядағы Елшілігі және Аустрия Экономикалық палатасы бірлесіп екі ел өңірлерінің саяси және экономикалық топтарының өкілдері қатысатын Өңірлер форумын өткізуде. Бірінші форум 2018 жылғы 27 маусымда Астана қаласында ұйымдастырылды. Екіншісі – онлайн форматта 2020 жылғы 10 желтоқсанда әзірленді.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық
Аустрияның Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен 1997 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетінде 4 мыңнан астам дана кітабы бар «аустриялық кітапхана» ашылды.
2009 жылдың қазан айында Венада ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы» (Kasachstans Weg) кітабы неміс тілінде жарық көрді.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына орай 2010 жылы Аустрия аумағында қаза тапқан қазақстандықтарды еске алу кітабы мен «Маутхаузен» концлагерінің аумағында мемориалдық тақтаның салтанатты ашылуы орайластырылды.
2015 жылдан 2020 жылға дейін ҚР Елшілігі «Қазақстанның інжу – маржандары-Ұлы Дала әуендері» жобасын іске асырып, оның шеңберінде қазақстандық музыканттардың концерттері, сондай-ақ басқа да бірқатар мәдени іс-шаралар өткізілді.
Алтын Орданың 750 жылдығын, сондай-ақ Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығын және Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын мерекелеу шеңберінде камералық музыканың концерттік бағдарламалары ұйымдастырылды.
2021 жылы 11 шілдеде «Ost-West Musikfest 2021» атты музыка фестивалі шеңберінде Қазақстан Республикасының халық әртісі, әлемге әйгілі скрипкашы Айман Мұсаходжаева мен еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Сара Асабаеваның ҚР-дың 30 жылдығына арналған концерті ұйымдастырылды.
Концерт аясында Абай шығармаларымен қатар, әлемдік классика да орындалып, бір жарым сағатқа созылған ән мерекесін жергілікті өнерсүйер қауым жылы қабылдады.
2021 жылғы 1 қазанда Вена техникалық мұражайында Қазақстанның Аустриядағы Елшілігі мен Аустрияның климатты қорғау, қоршаған орта, энергетика, инновациялар және технологиялар бойынша федералды министрлігінің қолдауымен ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, аустриялық ғарышкер Франц Фибек және экипаж командирі Александр Волков кіретін «Австромир» атты ғарыш экспедициясының 30 жылдық мерейтойын мерекелеуге арналған іс-шара өтті.
Аталған іс-шараға Аустрияның Федералды министрі Леонора Гевесслер, аустриялық ғарышкер Франц Фибек, қазақстандық ұшқыш-ғарышкер Тоқтар Әубәкіров (бейнесілтемесі арқылы), Вена техникалық мұражайының бас директоры, сондай-ақ ғарышкерлік саласындағы ғалымдар мен зерттеушілер қатысты.
2021 жылғы 14-15 қазан аралығында Венадағы «Штадкино» (Stadtkino) кинотеатрында Қазақстан киносының күндері өткізілді. Фильмдердің көрсетілуіне дипломатиялық корпус, БАҚ өкілдері, сондай-ақ көрнекті қоғам қайраткерлері мен қала тұрғындары қатысты.
ҚР тәуелсіздігінің 30-жылдығына орай өткізілген кинокөрсетілімде жергілікті көрермендерге отандық кинематографтың екі танымал туындысы – Ақан Сатаевтың «Томирис» және Джефф Весптің шетелдік айналымда «Париж әні» ретінде танымал «Әміре» фильмдері ұсынылды.
2021 жылғы 1 қыркүйекте ҚР СІМ жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институты мен аустриялық Қолданбалы саяси экономика институты арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.
Екі жақты байланыстарды нығайтудың маңызды факторы ретінде аустриялық жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттердің, саяси, іскерлік және мәдени орта өкілдерінің қатарынан Қазақстанның Аустриядағы достарын біріктіретін аустриялық-қазақстандық қоғам (АҚҚ) болып табылады. Атап айтқанда, АҚҚ бірлескен іс-шаралар өткізу, байқаулар мен тағылымдамалар ұйымдастыру мәселелерінде Аустриядағы қазақстандық студенттер қауымдастығымен (АҚСҚ) өзара іс-қимыл жасайды.
Аймақтық ынтымақтастық
Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысы мен Штирия федералды жері, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Каринтия жері, Павлодар облысы мен Жоғарғы Аустрия жері, Алматы мен Грац қалалары арасында ынтымақтастық туралы Меморандумдар жасалды. Бұл құжаттар өңірлік ынтымақтастықтың негізін құрайды, соның негізінде нақты жобалар әзірленуде.
Қазақстанның Аустриядағы Құрметті консулдары институтының кеңеюі өңірлік байланыстардың нығаюына ықпал етуде. Аустрияның сегіз федералды жерінде Қазақстанның жеті Құрметті консулыдары өз қызметтерін атқаруда.