
19 ақпанда Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы ұлттық қорғаныс университетінде «Әскери заңгерлер альянсы» қоғамдық ұйымымен Бас әскери прокуратураның, Қорғаныс министрлігінің, Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының және Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің қолдауымен «Бүгінгі заманның ғаламдық қатерлері: бағалау мен қарсы тұру жолдары» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.
Дөңгелек үстел жұмысына Сирия Араб Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі доктор Рияд Хаддад, Ресей Федерациясының Мавритания Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Владимир Чамов, қоғам қайраткері Валерия Порохова, қауіпсіздік саласындағы халықаралық сарапшылар Оффер Эйнав және Бернар Рефало, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының орынбасары Азамат Әбдімомынов, Бас әскери прокурор Ерғали Мерзадинов, Шекара қызметінің Директоры Дархан Ділманов, сондай-ақ Бас прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, қорғаныс, ішкі істер, сыртқы істер, инвестициялар және даму министрліктерінің, ғылыми-зерттеу және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Өзінің кіріспе сөзінде модератор Владимир Чамов халықаралық қауымдастықтардың күштерін біріктіруін және оның реттелуін талап етіп отырған Солтүстік Африка, Таяу және Орта Шығыстағы әскери-саяси ахуалдардың тұрақсыздығы және әскери шиеленістердің күшею жағдайында ұйымдастырылып отырған диалогтық алаңның маңыздылығын атап өтті.
Қатысушыларға құттықтау сөздерін сөйлеген Бас әскери прокурор және Шекара қызметінің Директоры ұйымдастырушыларға дөңгелек үстелдің жоғары дәрежедегі дайындығын атап өтіп, қазіргі заманғы террористік немесе басқа да қауіптерге қарсы әрекет етудің өзекті мәселелерін талқылауды ұсынды.
Әлемдік қауіпсіздік архитектурасындағы негізгі тенденциялар жөнінде әлемдік державалардың әскери-саяси стратегияларын, геосаяси үрдістерін, қазіргі заманғы әлемдік тәртіптің негізін нығайтудағы ғаламдық институттардың ролі, діни төзімділік және ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін ашып халықаралық сарапшылар жете баяндама жасады.
Дөңгелек үстел шеңберінде стратегиялық нысандардың және ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін жетілдірудің кейбір мәселелері жөнінде семинар өткізілді.
Күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау қорытындысы бойынша ұлттық қауіпсіздік қатерлерін төмендету жөнінде ұсынымдар шығарылды.
Әскери заңгерлер альянсы