
Бүгін Бас әскери прокурор Ерғали Мерзадиновтің төрағалығымен әскери прокуратура органдарының жартыжылдағы жұмысының қорытындысы бойынша алқа мәжілісінің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыс күн тәртібінде әскери прокуратура органдарының бірінші жартыжылдығының қорытындысы талқыланып, алдағы кезеңге арналған маңызды міндеттер айқындалды.
Мәжіліс жұмысына Бас әскери прокуратураның жанындағы заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі Консультативтік кеңесінің, «Әскери заңгерлер Альянсы» қоғамдық ұйымының өкілдері, аймақтық және гарнизондық әскери прокурорлар қатысты.
Ерғали Мерзадинов осы жылы әскери ведомстволармен бірлесе әскердегі құқық бұзушылықтар профилактикасының 2016-2018 жылдарға арналған Бағдарламасын жүзеге асыруға кіріскенді атап өтіп, қабылданған шаралардың нәтижесінде әскердегі қылмыстың деңгейі 21%-ға азайғанын айтты. Әскери қылмыстардың 22%-ға, олардың ішінде жарғыдан тыс қарым-қатынастар төрт есе, ал әскери басшылардың қол жұмсаулары біржарым есеге азайғанын көрсетті.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны 25%-ға, 30%-ға офицерлермен жасалған қылмыстар, 71%-ға нақты мерзімдегі әскери қызметкерлермен, ал 17%-ға шартты негіздегі әскерилермен жасалған қылмыстар азайғандығына тоқталды.
Бас әскери прокурор әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулықтары, өзіне-өзі қол жұмсауды ескерту мәселелеріне тоқталды.
Әлеуметтік-экономикалық салада әскери прокурорлармен елеулі жұмыстың атқарылғандығын атап өтіп, қару мен оқ-дәрілердің айналымының бақылауын күшейтуге, әскери объектілердің антитеррорлық қауіпсіздіктерін тиісті дәрежеде ұйымдастыру қажеттігіне жіті назар аударды.
Алқа отырысы жұмысын аяқтай келе, Ерғали Мерзадинов әскери прокуратура органдарының «2016 - Әскердегі құқықтылық мәдениет жылы» ұранының шеңберінде әскери қызметкерлердің құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын қалыптастыру арқылы қоғамның құқық қорғау органдарына сенімін арттыру бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Бас әскери прокуратура