Бас әскери прокуратурада сотқа дейінгі тергеп-тексерудің мерзімдерін сақтау мәселелері талқыланды

Бас әскери прокуратурада сотқа дейінгі тергеп-тексерудің мерзімдерін сақтау мәселелері талқыланды

19 сәуірде Бас әскери прокурор әділет генерал-лейтенаты Ерғали Мерзадиновтің төрағалығымен Бас әскери прокуратураның кеңейтілген алқа мәжілісінің отырысы өтті. Күн тәртібінде 2016 жылы және 2017 жылдың өткен мерзімінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің мерзімдерін сақтау, сондай-ақ дәлелдеу барысында ғылыми-техникалық құралдарды пайдалану мәселелері қаралды.

Алқа мәжілісінің отырысына қылмысты қудалау органдарының басшылық құрамы және лауазымды тұлғалары, бейнеконференция байланысы арқылы аймақтық және гарнизондық әскери прокурорлар, қылмысты қудалау органдарының аймақтардағы бөлімшелерінің басшылары және жауапты қызметкерлер қатысты.

Отырысты ашқан, Бас әскери прокурор, жылдан жылға қылмыстық істерді тергеу мерзімдерінің бұзылуы жалғасып келе жатқанын айтып өтті. Бұған объективті себептермен қатар, тергеудің созбалаңға салынуы, сараптамалардың уақытылы тағайындалмауы және заңсыз қылмыстық істерді қысқарту шешімдерінің қабылданулары болады.

Бұның барлығы тиісті ведомстволық бақылаудың және прокурорлық қадағалаудың болмауының нәтижесі.

Бас әскери прокурор әскери-жарғылық зерттеулердің және ғылыми-техникалық құралдардың қолданылу мәселелеріне жеке тоқталды.

Отырыс барысында әскери құқық қорғау органдары өкілдерінің есептері тыңдалып, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға және ведомстволық бақылауды күшейтуге бағытталған конструктивті ұсыныстар талқыланды.

Алқа мәжілісі отырысының қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданды.

 

Бас әскери прокуратура