Бас әскери прокурор Дастан Секеновтің төрағалығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарында Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмыскерлікке қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің әскери ортадағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ әскери қызметшілердің қаза болуы мен жарақаттануы мәселелері бойынша отырысы өтті.
Отырысты аша отырып, Бас әскери прокурор Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында армия және құқық қорғау органдарының басшылығы алдына әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығының сақталуын қамтамасыз ету міндеті қойылғанын атап өтті.
«Әскери басқару және қылмыстық қудалау органдарының қызметі аталған тапсырманы іске асыруды қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс», - деді Дастан Секенов.
Әскери қызметшілердің қаза болу және олардың жарақат алу фактілерін ескере отырып, әскери қызметте қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешені әзірленді.
Атап айтқанда, әскери бөлімдердің қолбасшылығына жеке құрам қару-жарақ пен әскери техникамен жұмыс істеген кезде қауіпсіздік талаптарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Әскери бөлімдерде орнатылған бейнебақылау жүйелерін жетілдіру бойынша қосымша шаралар қабылданды, сондай-ақ барлық санаттағы әскери қызметшілермен психологиялық жұмысты күшейту жөніндегі іс-шаралар іске асырылуда.
Бас әскери прокуратура