GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

БП
Меню
Страницы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Прокуратура туралы
Құжаттар
Онлайн қабылдау
Все материалы
20 октября 2026
Бас көлік прокуратурасы жолаушылар тасымалы саласында жүйелі заңбұзушылықтарды анықтады

Жыл басынан бастап автобус жүргізушілерінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының саны 5,9%-ға (606-дан 644-ке) өсті. Салдарынан 24 адам қаза тауып, 955 адам жарақат алды.

Көлік прокуратурасы органдарымен жүргізілген талдау қорытындысымен жолаушылар тасымалын лицензиялау және жүзеге асыру кезінде заңнаманың өрескел бұзылу фактілерін анықтады.

Атап айтқанда, жөндеу-өндірістік базалардың, тахографтардың, медицина қызметкерлері мен техникалық мамандардың болуына қатысты міндетті қауіпсіздік талаптар көп жағдайда формалды түрде ғана сақталатыны анықталды.

Жөндеу базалары ретінде көлік құралдарына қызмет көрсетуге бейімделмеген объектілер көрсетіледі, бір мамандар бір мезгілде бірнеше тасымалдаушының штатында тіркеледі, сондай-ақ қолданылу мерзімі өтіп кеткен сақтандыру полистері ұсынылады.

Жалпы, осындай фактілер 448 тасымалдаушыда анықталды.

Аталған мән-жайлар лицензия беру кезінде де, одан кейінгі мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру барысында да елеулі кемшіліктердің бар екенін көрсетеді.

Уәкілетті органдар осы саладағы біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін субъектілерді уақтылы анықтауды және оларды жолаушылар тасымалынан шеттетуді қамтамасыз етпеген.

Прокурорлық қадағалау актісін қарау шеңберінде 124 тасымалдаушы әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 36 тасымалдаушының лицензияларының қолданысы тоқтатылды. Қалғандары бойынша жұмыс жалғасуда.

Кінәлі лауазымды тұлғалар әкімшілік және тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

Анықталған заңбұзушылықтарды толық жою мәселесі Бас көлік прокуратурасының бақылауында.

 

Бас көлік прокуратурасы

16 октября 2026
Сақталуына жауап берді – ұрлықты ұйымдастырды: Ақмола облысында теміржолшы сотталды

«Курорт-Бурабай» станциясының ағымдағы жөндеу учаскесінің шебері теміржол мүлкінің сақталуына жауап бере тұра, 14 дөңгелек жұбын ұрлауды ұйымдастырған.

Жалпы шығын 16,3 млн теңгеден асты. Келтірілген зиян толық көлемде өтелді.

Бурабай аудандық соты теміржолшыны қызметтік бабын пайдалана отырып, ұрлық және сеніп тапсырылған мүлікті ысырап ету қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танып, 5 жылға бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Мемлекеттік айыптаушы сондай-ақ мұндай заң бұзушылықтардың алдын алу шараларының қабылдануына қол жеткізді. Оның өтінішхаты бойынша сот құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – «Астана эксплуатациялық вагон депосының» мекенжайына жеке қаулы шығарды.

Үкім заңды күшіне енді.

 

Бас көлік прокуратурасы

 

 

16 октября 2026
Тәттілер және Таиландтан келген сәлемдеме: Астанада екі адам есірткі контрабандасы үшін сотталды

Астанада есірткі контрабандасы мен оның заңсыз айналымына қатысы бар Қазақстанның екі азаматына қатысты сот үкімі шықты.

Бірінші іс бойынша 20 жастағы бойжеткен ақшалай сыйақы үшін Таиландтан жалпы салмағы 4,7 кг каннабис экстракты салынған екі шабаданды жеткізген. Ол есірткіні тәттілер ретінде алып өтуге тырысқан. Заңсыз жүк оның елордалық әуежайға ұшып келген бойда анықталып, тәркіленді. Сот оған 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Екінші іс бойынша 39 жастағы ер адам 2024 жылдың көктемінде есірткіні халық тұтынатын тауарлар ретінде жасырып, Таиландтан Қазақстанға пошта қызметі арқылы жіберуді ұйымдастырған. Бұл партияны алушы үш адам бұған дейін белгіленген мерзімдерге сотталған болатын. Есірткіні жіберушіге іздеу жарияланып, ұсталғаннан кейін сот алдына келді. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Істер бойынша мемлекеттік айыптауды көлік прокуратурасы қолдады.

Үкімдер заңды күшіне енген жоқ.

 

Бас көлік прокуратурасы

 

 

15 октября 2026
170 мың теңге параның соңы 5,5 миллион айыппұлға ұласты: Ақтөбеде көлік инспекторы сотталды

Ақтөбе облысы бойынша Көлік бақылау инспекциясының қызметкері автокөліктің кедергісіз өтуін қамтамасыз еткені үшін тасымалдаушыдан бірнеше рет пара алған.

Алынған параның жалпы сомасы 170 мың теңгені құрады.

Сот қызметкерді кінәлі деп танып, оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойыға тыйым сала отырып, 5,5 млн теңге көлемінде айыппұл салды.

Прокурордың өтінішхаты бойынша Көлік бақылау инспекциясының мекенжайына жеке қаулы шығарылды.

Үкім заңды күшіне енді.

 

Бас көлік прокуратурасы

 

12 октября 2026
«Евро-5» ретінде өткізілген «Евро-2»: Астанада 20 жүк көлігін заңсыз кіргізген үш адам сотталды

Астанада Қытайдан 20 FAW жүк автокөлігін заңсыз әкелу схемасына қатысқан үш адамға қатысты айыптау үкімі шықты.

Техниканың іс жүзінде «Евро-2» экологиялық класына сай екені, бірақ кедендік рәсімдеу кезінде жалған мәліметтері бар құжаттарды пайдалану арқылы «Евро-5» талаптарына сәйкес ретінде ұсынылғаны анықталды.

2023 жылдың ақпан-мамыр аралығында «Нұр Жолы» және «Бақты» кеден бекеттері арқылы Қазақстанға 20 жүк көлігі заңсыз кіргізілген. Олардың кедендік құны 285 млн теңгені құрады.

Кейіннен бұл техника коммерциялық құрылымдар арқылы өткізіліп, мемлекеттік сатып алу аясында «ҚАЖсервис» ЖШС-не жалпы сомасы 605 млн теңгеге жеткізілген.

Сот үш айыпталушыны алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған аса ірі мөлшердегі экономикалық контрабанда үшін кінәлі деп тапты.

Бұдан бөлек, сотталғандардан мемлекет кірісіне контрабанда затының құны — 285 млн теңге ортақтасып өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

 

Бас көлік прокуратурасы

 

09 октября 2026
Көлік прокуратурасы «Табиғатқа мүмкіндік бер» экологиялық бастамасын қолдады

Республикалық «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Көлік прокуратура органдары Ұлытау облысының прокуратурасы бастаған «Табиғатқа мүмкіндік бер» челленджіне қосылды.

Акцияның мақсаты - елді көгалдандыруға, табиғи байлықты сақтауға және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға үлес қосу.

Бастаманы Алматы, Шымкент, Түркістан, Шу, Қызылорда, Жамбыл және Жетісу көлік прокуратураларының ұжымдары қолдады. Қатысушылар жасыл аймақтарды көбейтудің және табиғатты болашақ ұрпақ үшін сақтаудың символы ретінде өрік сүйектерін отырғызды.

Жалпы мақсат жолында күш біріктірсек, тіпті шағын игі істердің өзі үлкен нәтиже береді.

Табиғаттың гүлденіп, өсуіне бірге мүмкіндік берейік! Жеріміз жасыл, еліміз таза болсын!

 

Бас көлік прокуратурасы

09 октября 2026
182 млн теңгенің алтыны ұлтарақ астына жасырылған - сотқа дейінгі тәркілеу қолданылды

Бас көлік прокуратурасының өтінішхаты бойынша сот жалпы салмағы 2,8 кг, алтын құрамы 99%-дан асатын және құны 182,3 млн теңгені құрайтын 6 алтын құймаға сотқа дейінгі тәркілеуді қолданды. Алтын мемлекет кірісіне айналдырылды. Қаулы заңды күшіне енді.

Қырғызстан азаматшасы құймаларды өз елінде сатып алып, оларды Қытайға ары қарай заңсыз өткізу үшін «Қордай Авто» өткізу пункті арқылы Қазақстанға кіргізген.

Кедендік және шекаралық бақылаудан жасыру мақсатында ол аяқ киімінің ұлтарағының астына үш алтын құймадан жасырып қойған. «Қорғас» ХШЫО аумағында бақылаудан өту кезінде алтын табылып, тәркіленді.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.

 

Бас көлік прокуратурасы

09 октября 2026
Бас көлік прокуратурасы жосықсыз өнім берушілер мен техникалық қадағалау саласындағы бұзушылықтарды анықтады

Қадағалау органы автомобиль жолдарын салу және жөндеу кезінде сатып алу мен сапаны бақылау мәселелеріне талдау жүргізді.

Сатып алуға қатысу үшін өнім берушінің штатында бейінді білімі бар учаске бастығы болуы тиіс.

Мысалы, құны 2,4 млрд теңге болатын «Астана – Қабанбай» республикалық автожолын орташа жөндеу кезінде жеңімпаз өзінде жұмыс істемеген адамның құжаттарымен осы талапқа сәйкестігін растаған.

Басқа өтінімдерге учаске бастықтарының түпнұсқалығы расталмаған дипломдары қоса берілген.

Прокуратураның ұсынуы бойынша «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жекелеген шаруашылық жүргізуші субъектілерді сатып алудың жосықсыз қатысушылары деп тану туралы талап қоюлармен сотқа жүгінді. Олардың біреуі қанағаттандырылды, қалғандары сот өндірісінде.

Сондай-ақ объектілердегі бақылау барысында бұзушылықтар анықталды.

Техникалық қадағалау жол-құрылыс материалдары мен орындалатын жұмыстардың, оның ішінде жасырын жұмыстардың сапасын тұрақты түрде тексеруге тиіс.

Алайда бір техникалық қадағалау субъектісі бір мезгілде 5 автожол учаскесіне жауапты болған жағдайларға жол берілген.

Барлығы 19 жол объектісіне тартылған 6 жауапты тұлға анықталды.

Прокурорлық ықпал ету нәтижелері бойынша тиісті шаралар қабылданып, техникалық қадағалау саны мәлімделген мердігерлік объектілерге сәйкестендірілді, бұзушылықтарға жол берген кінәлі тұлғалар заңда көзделген жауаптылыққа тартылды.

 

Бас көлік прокуратурасы

08 октября 2026
Көлік прокуратурасы жол жұмыстарын қабылдау саласындағы заңсыз ережелердің алып тасталуына қол жеткізді

Қадағалау органымен жол жұмыстарын жүргізу, олардың сапасын бақылау және автомобиль жолдары объектілерін пайдалануға қабылдау тәртібін реттейтін нормативтік және техникалық актілерді зерделеді.

Жол активтері сапасының ұлттық орталығы қолданатын Әдістеменің жекелеген ережелері іс жүзінде жойылмаған ауытқулары бар жол жұмыстарын қабылдауға мүмкіндік бергені анықталды.

Жекелеген ақаулар анықталған кезде жол жабынының нормативтік сипаттамаларын қалпына келтірместен жұмыстарды қабылдауға жол берілген. Кемшіліктерді нақты жоюдың орнына ақшалай қаражатты ұстап қалу, орындалған жұмыстардың құнын төмендету немесе кепілдік мерзімін ұзарту көзделген.

Бұл ретте мердігерге «қаржылық санкциялар» қолдану техникалық бұзушылықтарды жоймайды және автомобиль жолының талап етілетін сипаттамаларын қалпына келтірмейді.

Сонымен қатар Әдістеме сәйкессіздіктер анықталғаннан кейін жекелеген жобалық шешімдерді қайта қарауға мүмкіндік берген. Алайда бекітілген жобалық құжаттамаға өзгерістер енгізу тек заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылуға тиіс.

Бас көлік прокуратурасының наразылығы негізінде Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің бұйрығы одан жойылмаған ақаулары бар жұмыстарды қабылдауға жол беретін нормаларды алып тастау арқылы заңнамаға сәйкестендірілді.

Жол саласындағы заңдылықтың сақталуын қадағалау жалғасуда.

 

Бас көлік прокуратурасы

07 октября 2026
Көлік прокурорлары 10 млрд теңгенің тиімсіз пайдаланылуына жол бермеді

Прокурорлық қадағалау шараларымен республикалық автожолдарды жөндеуге бөлінген 9,8 млрд теңгенің тиімсіз жұмсалуына жол берілмеді.

Жол жобаларын зерделеу барысында «РФ шекарасы (Самараға) – Шымкент» автожолын орташа жөндеу кезінде оның жекелеген учаскелері «Ұлғайсын – Сексеуіл» автожолын жоспарланған реконструкциялау жұмыстарымен де қамтылғаны анықталды.

Осыған байланысты прокурорлық ден қою шаралары бойынша жұмыс көлемдері қайта қаралып, нәтижесінде 7,1 млрд теңге үнемделді.

Басқа жағдайда «Жетібай – Жаңаөзен – Кендірлі – Түрікменстан шекарасы» автожолын күрделі жөндеу кезінде сметада жекелеген материалдар мен жұмыстарға дұрыс емес бағалар көзделген.

Прокуратураның ұсынуы негізінде сметалық құн қайта есептеліп, жоба құны 21,6 млрд теңгеден 18,9 млрд теңгеге дейін төмендетілді.

Жол саласындағы бюджет қаражатының жұмсалуына қадағалау жалғасуда.

 

Бас көлік прокуратурасы

 

 

 

Социальные сети
telegram
youtube
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы