Прокурорлар мемлекеттік бюджетті 5 млн. теңгеге толықтырды

Прокурорлар мемлекеттік бюджетті 5 млн. теңгеге толықтырды

Бас көлік прокуратурасы қадағалау қызметі барысында валюталық реттеу және оны бақылау туралы заңнама нормасы дұрыс қолданылмаған сот актісін белгіледі.

2018 жылы "Тұлпар Тальго" ЖШС (бұдан әрі-ЖШС) мен испандық Industrias Teysa S. A. компаниясы арасында вагондарға арналған қосалқы бөлшектерді жеткізу шарты жасалды. Шарт шеңберінде ЖШС (резидент) орындау мерзімі 180 күнтізбелік күн болатын ақша қаражатын шетелге аударуды жүзеге асырды. Алайда, мерзім өткеннен кейін тауар толық көлемде алынбаған, ал ақша елге қайтарылмаған.

Резиденттің ұлттық және шетел валютасын репатриациялау жөніндегі міндеттерді мерзімінде орындамауы ӘҚБтК-нің 251-бабы бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.

"Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" Заңның 12-бабының 1-тармағына сәйкес (ақшаны есептеу сәтінде қолданыста болған) ұлттық және шетел валютасын мерзімінде репатриациялау талабының орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі міндет резидентке жүктелген.

Демек, қазақстандық серіктестік ақшалай қаражатты қайтару жөніндегі талаптардың орындалуын уақтылы қамтамасыз етпей, заң талаптарының бұзылуына жол берді.

Алайда, Нұр-сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық соты компанияның кінәсін көрмей, іс бойынша іс жүргізуді тоқтатты.

Нәтижесінде, Бас көлік прокуратурасының апелляциялық өтініші бойынша соттың заңсыз қаулысының күші жойылды және заңды тұлғаға 5 млн.теңге көлемінде әкімшілік айыппұл төлеу міндеті жүктелді.

Қазіргі уақытта бұл айыппұл мемлекет бюджетіне төленген.

Бас көлік прокуратурасы