
Бас көлік прокуратурасы Ішкі істер министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, автооқиғалар туралы дабылдарға шұғыл ден қою жөніндегі жұмыстың ұйымдастырылу деңгейіне талдау жүргізді.
Авариялық-құтқару жұмыстарын көрсету кезінде, әсіресе өңіраралық трассалардың шалғай учаскелерінде «алтын сағат» қағидаты сақталмайтын жағдайлар болатыны анықталды.
Басты себептерінің бірі - республикалық маңызы бар жолдардың 20% астамы ұялы байланыспен қамтылмағаны болып отыр (24 923 км-ден 5 296 км).
Мысалы, «Қандыағаш-Шалқар-Ырғыз» автожолының 311 шақырымында байланыс болмағандықтан, 2022 жылдың тамыз айында болған ЖКО жайында құтқару қызметіне 5 сағаттан кейін хабарланды, ал жедел жәрдем тобы 7 сағат өткеннен кейін ғана оқиға орнына келді.
Сондай-ақ, бүкіл ел бойынша жұмыс істеп тұрған 40 трассалық медициналық-құтқару пункттерінің орналасуына қатысты сұрақтар туындады. Мысалы, кейбір құтқару станциялары алғашқы көмек көрсету бойынша тиісті күштері бар елді мекендердің жанында орналасқан.
Бұдан басқа, апатты-қауіпті орындарды анықтау және жою жөніндегі қолданыстағы стандарттар көбінесе жолдардың қанағаттанарлықсыз күйін белгілеуге бағытталған. ЖКО шоғырлануына және оларға жедел ден қоюға тікелей әсер ететін өзге де факторлар есепке алынбай қалуда.
Осы және басқа да бірқатар мәселелерді шешу үшін Бас көлік прокуратурасы мен ҚР ІІМ үйлестіруімен цифрлық даму, төтенше жағдайлар, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мамандарының қатысуымен тиісті механизмдерді әзірлеу бойынша ведомствоаралық жұмыс басталды.
Бас көлік прокуратурасы