Полиция тиімділігінің жақсаруы – қылмыстық процестің үшбуынды моделін енгізу нәтижесі
Жыл басынан қылмыстық процестің үшбуынды моделі бойынша жұмыс атқарудамыз.
Қылмыстық істер бойынша негізгі процестік шешімдерді келісу/бекіту міндеттерін прокурорға заң жүзінде жүктеу қажеттігін Мемлекет Басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында атап өтті.
Тергеу органы, прокурор және сот арасында өкілеттіктерін нақты бөлу қылмыстық процестегі азаматтар құқықтарының қорғау тиімділігін арттырады.
Осы өзгерістер азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуының кепілі болуға, тергеу сапасын көтеруге, қылмыстық процесс шеңберіне адамдарды негізсіз тартуды болдырмауға арналған.
Жаңа формат прокурорларды заңсыз шешімдердің күшін жою шараларын уақтылы қабылдауға бағыттады.
Қылмыстық іс бойынша тергеу органдарымен қабылданған процестік шешімдерді прокурор бекітілген мерзімде зерделейді. Бұзушылықтарды анықтаған жағдайда, шешімдердің күшін жоюға қатысты мүлтіксіз шаралар қолданады.
Яғни, прокурор үздіксіз, пәрменді қадағалауды нақты іске асырады.
Ағымдағы жылы көліктегі сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары қылмыстық істер бойынша прокурордың келісуін (бекітуін) қажет ететін 2200 астам процестік шешім қабылдады.
Көлік прокурорлары осы шешімдерді белгіленген мерзімде зерделеп, баға берді. Нәтижесінде, 2120 астам шешім келісілді, 82 бас тартылды (барлық шешімнің 3,5% құрайды).
Тергеу органдарының процестік шешімдерді қабылдауда құқықтық ұқыптылығын байқауға болады.
Нәтижесінде, ағымдағы жылы азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол берілмеді, қылмыстық процесс шеңберіне тұлғаларды негізсіз тарту және заңсыз ұсталғандар болмаған.
Электрондық форматта тергелетін қылмыстық істердің саны өсуде.
Ол үшін көліктегі тергеп-тексеру органдары қажетті құралдармен жабдықталған.
Өткен жылдың соңына қарағанда қылмыстық құқық бұзушылықтардың 50 пайызы электронды форматта тергелген болса, қазіргі таңда барлық қылмыстық құқық бұзушылықтардың 75 пайызы тергелуде.
Әрине, үш буынды жүйенің қолданғанына аз уақыт өтсе де, қазірдің өзінде, қылмыстық процестегі заңдылықты қамтамасыз етуге оңды әсерін тигізгені сөзсіз.
Бас көлік прокуратурасы